Сұрақ: Исламда жан тазалығы маңызды ма, әлде тән тазалығы ма?
Жауап: Діндегі тақуа адамның жүрегі де, тәні де таза болуы шарт. Мұнда «жүрек» деп отырғаным: ислам ғалымдары кейде «жүрек» сөзін «жан» сөзінің синонимы ретінде қолдана береді. Мысалы, ислам іліміне сәйкес жан-дүниесі бос немесе рухани кемтар адамды «жүрек дертіне» шалдыққан деп атайды. Мұнда айтылып отырған «жүрек дерті» медициналық диагноз емес, адамның рухани жан-дүниесі меңзелуде.
Ал енді тәнге келер болсақ, онда адам денесінің әрбір мүшесі арнайы бір іс үшін жаратылғаны мәлім. Біздің әрбір мүшеміздің орындайтын өз міндеті бар. Ол міндетті сол белгілі мүшеден артық әрі жақсы ешкім орындай алмайды.
Дене мүшесі сырқаттанып қалған жағдайда, оның орындауы тиіс әрекеті іске аспай қалады немесе қажетті деңгейде орындалмайды. Мысалы, адам қолмен барлық амалды жасайды, егер оның қолы ауырып қалса, онда ол бұл амалдардың барлығынан мақұрым қалып, қолы дерттен сауыққанша қолмен жұмыс жасау қабілетінен айырылады.
Сол үшін адамның жан-дүниесінің маңызды болғаны сияқты оның тән саулығы да, тазалығы да маңызды. Адам жан-дүниесінің тазалығы арқылы құлшылықты шынайы жасайды, ықыласпен орындап, риядан сақ болады.
Имам Бұхари мен Мүслімде келген «Тазалық – діннің жартысы» деген хадистің өзі барлық нәрсені қамтып тұрғандай. Мысалы, намаз құлшылығы дене тазалығы мен ортаның тазалығына байланысты екенін естен шығармаған жөн.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ