Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Жамбыл облысына барған сапарында қос бірдей мешіттің ашылу рәсіміне қатысты.
Тараз қаласы мен Талас ауданы Ақкөл ауылында бой көтерген мешіттің ашылу рәсімінде Наурызбай қажы Тағанұлы: «Алла Тағала бұл мешітті ізгіліктің, бірлік пен берекенің, білім мен сүйіспеншіліктің ордасы еткей. Осы мешіттен тәлім алған жастарымыз Қазақ елінің рухани дамуына өз үлестерін қосады деген сенімдемін. Алла Тағала мешітті салған азаматтарға мол сауаптан жазғай.
Рухани тәлім беретін бірден-бір орда – мешіт. Мешіттің атқаратын қызметі, қоғамдағы орны өте үлкен. Мешіт – руханият ордасы, оқу-білімнің орталығы. Себебі мешіттеріміз тек құлшылық жасайтын орын ғана емес, діни сауат ашатын, сәбилерге азан шақырып ат қоятын, жаңадан отау құрған жас жұбайлардың ақ некесін қиятын, дүниеден өткен аяулы жандарға Құран оқытып, дұға бағыштайтын, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалатын, қиналған адамдарға рухани қолдау көрсететін мейірім мекені. Мешіт салудың сауабы мол болатыны сондықтан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адамдар Алланың үйлерінің ішінен бір үйде жиналып Құран оқып, оны үйренетін болса, оларға әлбетте тыныштық түседі және оларды рахымшылық бүркеп, періштелер қоршауына алады», – деген. Бұл мешіт жүрек тыныштығы мен барлық жақсылықтың ордасы болғай», – деді.