Араб халқында мынадай бір мақал бар: «Қасында (арасында) болғаныңда күнә істеуден ұялатын достар таңда. Аллаға мойынсұнудан (қайырлы іс істеуден) ұялатын достарды таңдама!».
Осы сөзді оқығанымда «достықтың қадірін бұрынғылардай біле алмай жүрміз бе» деген ой санамнан шықпай қойды. Айта кететін тағы бір жайт, бос уақытымыздың көбін әлеуметтік желілерде өткізіп, бейнесін, сол мезеттегі жайын және көңіл күйін көрмей телефон арқылы тілдесу де өз шегінен асып кеткендей.
Кейде бір сондай адамдар бар, олардың арасында болған адам қарғыс айтпайды, харамға көзі қарамайды, құлағы жаман сөзді естімейді. Тіпті күнә болатын нәрсе туралы ойлауға да мұршасы болмайды. Міне осындай адамдардың қасында болғандар жүректеріндегі иманы пісіп-жетіліп, жақсы адамдардың қатарынан болуға тырысады және өздерін осындай иман жүзді адамдарға қабылдатуға тырысады. Бұндай адамдардың достығы мен жолдастығы адамдарға дүниеде де, ақыретте де пайда әкеледі және басқаларына зиянын тигізбейді. Керісінше қоғамға, отанына және отбасына пайдалы адам болады.
Ал кейде жаман жолдағы адамдармен жүрген жанның діннің қандай да бір бұйрығын орындау және тыйымынан тыйылу ойына да кіріп-шықпайды. Құдай, қоғам, отан және жанұясы алдындағы міндеттерін орындауға ұялады немесе бұндай қасиет жаман адамдардың қатарына енумен ұмыт қалады. Оның бұндай жақсы қасиетін көргенде «Сен әлі сондайсың ба?» деп айтуынан қорқады. Бұндай адамдарға өзін дәлелдеу үшін «мен сіз білетін адам емеспін» деп өзін жаман адам екенін айтуға тырысады. Тіпті, кейбіреулер «маған олай қарама, мен тіпті сенің істеген істеріңнен де көбін жасай аламын» деп өзін жамандық жасауда жеңімпаз екенін қабылдатуға тырысады. Бейшара!
Саналы мұсылман басқалардың разы болуы үшін төмендікке баруы, топта жүргенде Алланың әмірлері мен тыйымдарына сәйкес әрекет етуден тыйылуы немесе ұяттан бұл істерді жасауы мүмкін емес! Керісінше бір мұсылман киімінен, жасаған жақсылығынан, жақсы мінезінен, оқыған намазынан, ұстаған оразасы сынды ғибадаттарынан, Құдайға сенемін деп айтудан ұялмайды. Отаншыл, жанашыр және мәдениетті болады.
Құран Кәрімде мұсылмандардың қасиеттері туралы айтқанда Раббымыз: «Олар ешбір сыншының үкімінен қорықпайды» (Мәида 54) деп ескерткен. Иә… Алла Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адам досының дінін ұстанады. Ендеше, араларыңдағы біреу кіммен дос болатынына мұқият қарасын» дейді.
Қорыта айтқанда, жаман достан келетін зиян туралы мына аяттан артық ескерту болмас, сірә: «Ақырында ол бізге келгенде, досына [тозаққа түсуіне себеп болған досына] былай дейді: «Мені мен сенің арамызда шығыс пен батыстың арасындай қашықтық болса екен. Сен қандай жаман доссың» дейді!» (Зухруф 43/38).
Раббымыз баршамызға жұмаққа барар жолды жеңілдететін достар табуды нәсіп етсін. Бізді тозаққа сүйреуге тырысатын достардан сақтасын.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Астана қаласы «Діндерді зерттеу орталығының»
теолог маманы, PhD