Сұрақ: Жамандық жасап қойсаң, артынан жақсылық жасау күнәні өшіре ме?
Жауап: Ислам қоғамды бірлік пен тұрақтылыққа шақырғаны сияқты қоғам мүшелерін де сүйіспеншілік пен татулыққа үндейді. Хәкім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және хақ жол осы деп әділетті», – деп айтқаны сияқты мұсылман – мейірімді, кешірімді. Байқамай жамандық істеп қойса, оны өшіретін жақсылық жасауға асығады. Себебі ол жақсылықтың жамандықты жойып жіберетініне сенеді:
«Жақсылықтар жамандықтарды кетіреді» (Һуд: 114).
Исламда жамандыққа жамандық жасау ізгілік емес, керісінше жамандықты жақсылықпен қайтару ізгілік саналмақ. Бұған қатысты пайғамбардың (с.ғ.с.): «Сендер үшін жақсылық жасағанға жақсылық жасау, жамандық істегенге қарсы жамандық істеу – жетістік емес. Нағыз жетістік – жамандық жасаушыға қарсы дәл сондай жамандық қылмай, жақсылық жасай білу», – деген (Термези).
Сондықтан да иманды жан: «Мен жамандық істеп қойдым. Болған нәрсе болды, амал еншік?!» – деп қол қусырып отырмайды. Ондай адам жамандық жасағанын білсе, дереу оның орнын басатын жақсы амалға асығады.
Муғаз ибн Жабал (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Қайда болсаңдар да, Алладан қорқыңдар! Жамандықтың артынан оны өшіретін жақсылық жасаңдар және адамдарды көркем мінезбен тәрбиелеңдер», – деп айтты» деген хадисті келтірген (Термизи).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ