Маңғыстау облысы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Отпан» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 2022 жылдың 25 наурыз күні Жаңаөзен қаласының жамағаты арасында «Ислам татулық пен бірлік діні» тақырыбында кездесу өтті.
Шараны ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің хатшысы, филология ғылымдарының PhD докторы, РАНТ мүшесі Батыржан Мансұров жүргізді.
Шарада РАНТ мүшесі Батыржан Мансуров: «Ислам сөзі – «амандық, есендік, мойын сұну, бағыну, берілу» ұғымын білдіреді. Яғни ислам амандық пен бейбітшілік діні деген сөз», – деді.
Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін негізгі қағидаларды талап етеді:
Өзгенің ақысын бұзбау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Аллаһ та оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты).
Әділ болумен жақсы қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: «Анығында Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» (Нахыл-90).
Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Бұныда Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла Тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.