Конституция күніне орай Ақтөбе қаласының әйелдер жамағаты арасында волейболдан қалалық турнир өтті.
Мемлекеттік әнұран шырқалған салтанатты сәттен соң, сайыстың шымылдығын ашқан «Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы» КММ басшысының м.а. Айгүл Қанапия қатысушыларға мемлекеттік мерекенің маңыздылығын түсіндіріп, оларға сәттілік тіледі.
Спорттық іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын контингент арасында кеңінен насихаттау, спорт түрлеріне қызықтыру арқылы көзқарастарын бейтараптандыру, қоғамға бейімдеу, мемлекеттік мерекенің маңыздылығын ұғындыру, достық қарым-қатынасты нығайту, ауызбіршілікке шақыру.
Бұл іс-шара әйелдер жамағаты арасында биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Олардың волейболға қызығушылығы додаға түсуге өтініш білдірген алты команданың арасында өткен қызықты әрі тартысты ойыннан байқалды. Қыздардың эмоциялары, ойынға шын берілген физикалық қимыл-қозғалыстары, ептілік пен шапшаңдықтары жанкүйерлерді тәнті етті.
Бес сағатқа созылған әсерлі ойынның қорытындысы бойынша «Медина» командасы жеңіс тұғырынан көрініп, қыздар ас үйге керек пештерді иеленді. Екінші, үшінші жүлделі орындарды жеңіп алған «Ан-Нур», «Тасним» командаларының жамағатына үтік, фен бұйырып, дипломдармен марапатталды. «Бақытжан», «Біләл» мешіті жамағатынан құралған командалар мен «Кәусар» командасы алғыс хаттармен марапатталып, олардың үздік үш ойыншысына ынталандыру сыйлығы табысталды.
Сонымен қатар жеңімпаз үш командаға қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің атынан жеңіс кубоктары берілді. Қыздардың барлығы ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Айгүл КАНАФИЯ,
«Дін мәселелері және қоғаммен
байланыс жөніндегі орталығы» КММ
басшысының міндетін атқарушы