Маңғыстау облысы «Бекет-Ата» орталық мешітінде 28 ақпан күні «Отпан» ақпараттық түсіндіру және оңалту орталығы» ҚҚ директоры, РАТТ мүшесі Азамат Тулеповтың қатысуымен жамағат арасында «Исламдағы мемлекеттің түрлері» тақырыбында семинар өтті.
Семинар барысында мешітке келген 200-ден аса жамағатқа еліміздің ислам жері екеніне тоқталып, шариғат тұрғысынан дәлел-дәйекті түсіндіру жұмысын жүргізді.
Қазіргі кезде кейбір жастар арасында зайырлы елді «тағұт» деп түсініп жүргендер баршылық. Ал дін мамандары «тағұт» сөзінің мағынасы күпірлік, шектен шығу дегенді білдіретінін дәлелдеп отыр.
Көпшілік ислам ғұламалары азан шақырылып, жұма және айт намаздары оқылып тұрған елді, сондай-ақ алғашында ислам жері болып орнаған (фатх етілген) елдің шариғатта ислам жері екенін дөп басып айтып кеткен.
Сонымен қатар қазақ халқы шариғаттың талабын орындап, өзге дін және ұлт өкілдерінің сезіміне нұқсан келтірмей, татулықта өмір сүріп келе жатқан дана халық екенін ұмытпаған жөн.
Кездесу соңында РАТТ мүшесі А. Тулепов жамағаттың көкейінде жүрген әртүрлі сұрақтарына нақты жауап беріп, алдағы уақытта дәстүрлі ислам түсінігін әрі қарай нығайту керек екенін айтып өтті.