Сұрақ: Бөлмеде жалғыз қалған уақытта «ұят әдептерін» сақтамаса бола ма?
Жауап: Жалпы мұсылман адам барлық уақытта, барлық жерде әдепті болуы қажет. Тіпті, бір жерде жалғыз қалған уақытта да мүмкін болғанша әдептілік ережелерін сақтауға күш салуы керек. Мысалы, «Мен жалғызбын» немесе «Мені ешкім көріп тұрған жоқ» деген сияқты ойға салынып, ерсі қылықтар істеу немесе жалаңаш жүру сияқты т.б. әдепсіз әрекеттер жасау дұрыс емес.
Мұсылман адам – әдепті әрі көркем мінезді адам. Ол өзінің үнемі Құдайдың назарында тұрғанын және қасында періштелердің бар екенін естен шығармайды. Мысалы, хазіреті Османның әдептілігі сонша, оған қатысты мынадай риуаят келеді.
Айша анамыз мына оқиғаны баяндайды:
Бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) жастыққа жанбастап жатқан болатын. Оның көйлегінің етегі көтеріліп, тізесі көрініп қалды. Бір уақытта Әбу Бәкір мен Омар екеуі келіп, ішке кіруге рұқсат сұрады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) сол қалпында жатып, оларға кірулеріне рұқсат берді. Кейін Осман да келіп, кіруге рұқсат сұрады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) отырып, көйлегін дұрыстады.
Олар шығып кеткен соң Айша анамыз:
– Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Әбу Бәкір мен Омар келген уақытта сол қалпыңызда жаттыңыз. Көйлегіңізді кейін Осман кіргенде дұрыстадыңыз ба? – деп сұрайды.
Алланың елшісі (с.ғ.с):
«Періштелер ұялатын адамнан мен ұялмаймын ба?» – деп жауап береді (Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ