Хазреті Мәулананың түсіндірген ғибратты оқиғасынан:
«Бір күні әкесі мен баласы сұхбаттасып отырып, әкесі ұлына:
– Осы сенің қанша досың бар? – деп сауал қояды. Сонда баласы:
– Оһооо, жүздеген досым бар, – деп мақтанған екен. Әкесі де,
– Маған қара, балам! Адамның бірнеше жолдасы болуы мүмкін, ал бірақ жүздеген дос болмайды. Дос деген жолдастарға ұқсамайды. Адамның өмірінде тек бір немесе екі ғана досы болуы мүмкін, – депті. Сөзге құлақ аспаған баласы,
– Әке, ол бос сөз. Шыныменде менің достарым көп, олардың барлығы мені жақсы көреді және маған көмек керек болса әрқашан жәрдем беретініне сенімдімін, – дейді. Әкесі де,
– Солай ма? Олай болса екеуміз сол достарыңды бір сынап көрейік, – деп баласына ұсыныс айтады. Баласы да ұсынысты қабыл алады.
Әкесі бірнеше тауықты бауыздап, оларды қапқа салып, баласының қолына ұстатып тұрып, былай дейді;
– Енді достарыңа бар, оларға қан ағып тұрған мына қабыңды көрсетіп жәрдем сұра. Қапты ешкімге көрсетпей бір жерге көму керектігін өтініп сұра, – дейді.
Баласы қапты арқалап, достарының үйіне барып, әрқайыссының есігін қағып, сыртына қаны ағып тұрған қапты көрсетіп, ешкімге көрсетпей көму керектігін өтінген екен. Сонда жүздеген достары көмек бермек түгілі, үйіне де кіргізбей, есіктерін тарс еткізіп жауып, енді қайтып келуші болма деп, айқайлап жіберген екен. Себебі олар қанды қаптағы затты ұрлық бір малдың еті деп ойлайды.
Бала әбіржіген күйі әкесіне барып, болған жәйдың бірін қалдырмай айтып береді. Әкесі де,
– Мінекей, достарыңның достығы қандай екенін түсіндің бе? Енді дәл осы мына дорбаны менің жалғыз досыма апарып бер, – дейді.
Бала қапты қайтадан арқасына салып, әкесінің досының үйіне барады. Есікті қаққаны сол екен әкесінің досы есікті ашып, терлеп-тепшіп, әбіржіп тұрған баланың қолындағы қанды қапты көріп, дереу жан-жағына қарап, баланы ішке кіргізіп алады.
– Сен досым Ахметтің баласы емессің бе?, – деп сұрайды.
– Иә, – деп жауап берген бала мақсатып айтып, көмек сұрайды. Сонда әкесінің досы,
– Қолыңдағыны бер, – деп қапты алады да, оны қораға апарып, терең шұқыр қазып, көміп тастайды. Кейін балаға ішетін су беріп, ентігінің басылғанын күтеді. Қанды қаптағы нәрсенің не екенін де сұрамаған әкесінің досы, тіпті көмілген жердің ізі білінбесін деп, дереу сарымсақтың көшетін егіп тастаған екен. Ентігін басып алған бала да рұқсат сұрап, үйіне шығып кетеді.
Әкесінің жанына келген бала болған оқиғаны бастан аяқ баяндап,
– Әке, дұрыс айтқан екенсіз, сіздің досыңыз бар екен. Ал менікі жәй ғана уақытша жолдас екен, дегені сол-ақ екен, әкесі,
– Бұл шаруа әлі бітпеді, енді менің қайтадан жалғыз досыма барып, есігін қақ. Есікті ашқан бойда әкемнің сізге сәлемі бар деп, бетінен салып қал, депті. Баласы да,
– Жоқ, әке! Олай жасай алмаймын, – дейді. Әкесі де,
– Оқасы жоқ, бар да айтқанымды жаса, сонда шынайы достықтың не екенін түсінесің, – депті.
Бала шарасыз күйге түсіп, ұяла-ұяла әкесінің досының үйіне келіп, есікті қағады. Есік ашылған соң бала,
– Әкемнің сізге сәлемі бар, – дейді.
– Қандай сәлемдеме?, – деп сұрағаны сол еді, бала әке досының бетінен шапалақпен салып жіберген екен. Жасаған әрекетіне ұялған бала, кері шегініп бара жатып, кешірім сұрайды. Сонда әкенің досы,
– Балам, әкеңе де сәлем айта бар. Бір шапалақ үшін, еккен сарымсағымды сатпаймын, – деген екен.
Келе жатып болған оқиғаны бастан кешірген бала, әкесінің: «адамның бірнеше жолдасы болуы мүмкін, ал бірақ жүздеген досы болмайды. Дос деген жолдастарға ұқсамайды. Адамның өмірінде тек бір немесе екі ғана досы болуы мүмкін» – деген сөзінің мағынасын сонда ғана түсініп, әкесінің берген сабағынан өмірлік ғибрат алған екен».
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің біреулерің досын жақсы көретін болса, оған: «Мен сені Алла разылығы үшін жақсы көремін» деп айтсын», – деген екен. (Әбу Дәуіт; Тирмизи).
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz