Елімізде алғаш ашылған ұлттық заңнамада жүзеге асырылатын ислам құқығының нормаларын талдайтын «MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY» Ислам және қазақ құқығы орталықтың директор орынбасары Сандыбаев Жалғас Садуахасұлы институттың қыр-сыры мен негізгі міндеттерін атап айтып берді.
– «MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY» (КАЗГЮУ Университетінде) Ислам және қазақ құқығы орталығы 2022 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Осы орталықтың құрылу мақсаты мен негізгі қызметтері жайында айтып өтсеңіз?
– Ислам құқығы – шамамен әлемнің 21 елінде жұмыс істейтін тәуелсіз құқықтық жүйе. Ол мұсылман үмбетінің (1,8 миллиардтан астам адам) өмір салты мен мінез-құлық ережелерінің маңызды элементі. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда діндарлықтың үздіксіз өсуі байқалады. Тәуелсіздік таңында республикада 60 мешіт болса, қазір олардың саны 2700 ден асты. Осыған байланысты күнделікті өмірде исламның құқықтық нормаларын басшылыққа алатын діндарлардың да саны түрлі мәліметтерге қарағанда Қазақстан азаматтарының бір миллионнан асып жығылғандығы мәлім.
Бүгінде Ислам құқығының жекелеген нормалары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына енгізілгені белгілі. Атап айтқанда, исламдық банкинг, бағалы қағаздар (сукук) нарығы, исламдық сақтандыру (такафул), діни бірлестіктердің қызметі, халал индустриясы және т.б. Аталмыш тенденция ислам құқығы (фиқһ) феноменың теориялық тұрғыдан түсінуді және ғылыми зерттеу мәселелерін өзекті етеді.
Осыған орай, «MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY» құқықтану саласында елдегі өзіндік орны бар білім ордасы ретінде 2022 жылдың 1 қыркүйегінде «Ислам және қазақ құқығы» орталығын ашты. Орталық ислам құқығы мен қазақ хандығы заңдарының өзара сабақтастық табиғатын зерттеуді және оны ғылыми тұрғыдан зерделеуді мақсат тұтады. Орталықтың міндеті – басым бөлігі шағатай, төте мен қадымша, сондай-ақ араб және парсы тілдерінде жазылған революцияға дейінгі кезеңдегі қазақ құқығының қолжазбалары мен жазба көздерін зерттеу болып табылады.
– Жалғас Садуахасұлы, орталықтың негізгі ғылыми бағыттары қандай сонда?
– Орталықтың негізгі ғылыми бағыттарын төмендегі реттілікпен көрсетуге болады:
- мұсылман елдерінің қазіргі құқықтық жүйелеріндегі ислам құқығының орны мен рөлін анықтау;
- ислам құқығының басқа құқықтық отбасыларға қатысты ерекшеліктерін айқындау;
- ислам құқығы қағидаттары мен зайырлы мемлекет заңнамасының үйлесімділігін зерттеу;
- Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында жүзеге асырылатын ислам құқығының нормаларын талдау;
– Бір жыл көлемінде жұмыс істеп келе жатқан орталық қазіргі таңда қандай нәтижелерге қол жеткізді?
Бір жыл аралықта Орталық бірқатар оңды нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. Атап айтар болсақ:
- Ислам құқығында «Мәжәллә» (Ислам кодексі) атымен танылған кітап негізінде «Ислам құқығы және оның жалпы қағидалары» атты еңбек әзірленіп басылымға ұсынылды. Бұл еңбек тек құқықтанушылар үшін емес жалпы исламтану, дінтану, медресе мен университет студенттері мен ислатану бағыты бойынша докторанттарға және имамдарға да арналады.
- Ислам құқығы еңбектерінің арасында «Канз ад-дақаиқ» атты іргелі шығарманың таңдамалы баптары аударылып, редакциялану үстінде.
- «Ислам құқығындағы жемқорлық ұғымы» кітабы толықтырылып жатыр.
- Орыс тілінде «Құранның мағыналық аудармасы» тексеріліп баспаға ұсынылды.
- «Әл-Фарабидің философиясындағы азаматтық мемлекет мәселесі» және «Құран – құқық философиясы ретінде» атты ғылыми-зерттеу мақалалары Білім министрлігі ЖАК ғылыми басылымдар тізіміндегі «Адам әлемі», «ҚазҰУ Хабаршысы» сыңды журналдарға жарияланды.
- Ислам құқығына қатысты (қазақ, орыс, өзбек, араб, ағылшын, түрік тілдерінде) 200 алынып, кітап толықтырылып жатыр.
- Түркия Республикасы, Стамбул қаласындағы «Сүлеймания кітапханасы», «Миллет қолжазба кітапханасы» және «Осман қолжазба архиві» кітапханаларында Қарахандық, Алтын Орда мен Қазақ хандығы кездеріндегі Қазақстанның мемлекеттілігі мен тарихына қатысты қолжазбалармен зерттеу жұмыстары жасалды.
– Қазақстанда исламдық банкинг, бағалы қағаздар нарығы, исламдық сақтандыру сынды ислам сегменттері айтарлықтай өсіп келе жатыр. Осыларға орталықтың қандай әсері тиіп жатыр?
– Ислам сегментінің күн санап өсуі сөзсіз көптеген құқықтық мәселелердің туындауына алып келеді. Орталық бұл мәселелерді уақтылы және белсенді ғылыми-теориялық тұрғыдан түсінуді аса маңызды деп санайды, бұл өз кезегінде діндарлардың құқықтық саладағы өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға оң әсерін тигізбек. Сол үшін Орталық студенттерге салыстырмалы құқықтық дәрістер берумен қатар ислам құқығы нормаларын басшылыққа алатын кәсіпкерлер мен діндар азаматтар үшін арнайы семинар, тренинг, дөңгелек үстелдер өткізіп отырады.
– Жалғас аға, сіздер сынды елімізде ислам және қазақ құқығымен шұғылданатын басқа да орталықтар бар ма?
– Қазақстанда ЖОО бірнеше «исламтану» оқу бағдарламалары болғанымен арнайы ислам құқығына қатысты орталық жоқ. «Ислам және қазақ құқығы» зерттеу орталығы еліміздегі тұңғыш Орталық деп айтуға толық негіз бар. Алайда әлемдік тәжірибеде Исламды, оның құқықтық ой-пікірін, мәдениеті мен өркениетін зайырлы ғылыми ортада зерттейтін орталықтар Оксфорд, Кембридж, Йель, Миннесота университеті, Джорджтаун университеті, Колледж де Франс, Гете, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және т.б. әлемнің көптеген жетекші университеттерінде жұмыс істейді.
– Жалпы зерттеу жұмыстарын жасауда Орталық неге басымдық беріп отыр?
– Орталықтың приоритетті бағыттарын төмендегі реттілікпен көрсетуге болады:
- Ислам құқығының теориясы мен әдіснамасы (усул әл-фиқһ);
- Ислам құқығының қағидалары (қауаид фиқхия);
- Исламдық отбасы құқығы (мунакахат);
- Исламдық қаржы құқығы (Хуқуқ Малия);
- Қазақ құқығының жазба деректері;
- Құқықтық/реттік плюрализм және т.б.
– Жалғас аға, орталықтың одан әрі өсіп-өркендеуі үшін болашаққа қандай жоспар, бағыт-бағдар қойып отырсыздар?
– Орталық келешекте тек Қазақстан аймағында емес, алыс-жақын шет мемлекеттерде танымал ғылыми орталыққа айналуды мақсат тұтады. Бүгінде “Ислам және қазақ құқығы орталығы” Мұсылман ғұламалары кеңесімен (БАӘ, әл-Азһар академиясының жоғарғы имамы – шейх Ахмад ат-Таиб), Ресей ислам институтымен (Татарстан) серіктестік орнатты. Сонымен қатар Оксфорд ислами зерттеулер орталығымен (Ұлыбритания) меморандумға қол қою келісімі жемісті жүріп жатқаны турасында айта аламыз. Алдағы жылдарда орталық кеңейіп, ислам құқығы оқу бағдарламасы бойынша үш сатылы жоғары білімді бакалавр, магистр және докторантура ашып, Ислам құқығы мектебіне айналуды көздейді. Сол мақсатта Орталық алғашқы қадам ретінде биыл 2023-2024 оқу жылына «Ислам құқығы» оқу бағдарламасы бойынша магистратура деңгейіне 3 грант бөліп отыр.
– Пайдалы ақпаратпен бөліскеніңізге рахмет!
Балжан ӘБДІРАШ