Жалғыздық – құдіреті күшті Алла Тағалаға ғана тән сипат. Сол себепті, Алла Тағала әу баста Адам атамызды топырақтан жаратқан соң жалғызсырамасын, өмірдің ашы-тұшысын бірге көрсін, ұрпақ көріп өсіп-өнсін, жер бетінде халифалық міндетін толық атқарсын деп өз түрінен (Адам болмысының бір бөлшегінен) Хауа анамызды жаратқан.
Бұл турасында қасиетті Құранда: «Көңілі жылып, жаны жай тапсын деп жұбайын (Хауа ананы) жаратқан ол (Алла)» («Ағраф» сүресі, 189-аят) деп ерлі-зайыпты болу, жұп болып өмір сүру, ұрпақ көру ата-бабамыз Адам ата мен Хауа анадан жалғасып келе жатқан дәстүрлі қағида екендігі айтылады.
Жұп жаратылыс адамзат ғана емес, күллі жаратылыстың аталық-аналық болып өмір сүретінін Құранның «Таһа» сүресі, 53-аяты, «Зұхруф» сүресі, 12-аяты, «Нәжім» сүресі, 45-46 аяты және «Зәрият» сүресі, 49-аяты және т.б. көптеген аяттарда баяндалады.
Имам Замахшари Құрандағы: «Жерден өніп-өсетін барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қып жаратқан Алла қандай пәк» («Ясин» сүресі 36-аят) деген аятты түсіндіру барысында: «Адам баласы жұп болып жаратылған жаратылыстың қажеті болған бір бөлімін ғылым жолымен танып жатса да, сырына жетпегені де бар. Мүмкін оларға дүние не ақыреттік бір қажеті түссе, оларды да зерттеп тани түседі. Сондай-ақ, бір-бірімен тығыз байланысы болған сан-алуан жаратылыс құдіретті Алланың барына дәлел», – дейді Имам Әр-Рази.
Әрбір жаратылыс аяттарда зікір етілгендей болмысына сай аталық пен аналықтан тұрады.
Адамдардың ер-әйел болып жынысқа бөлінгені тәрізді хайуандар да, тіпті, өсімдік атаулы, атомдар, атомдардағы электрон мен ядроға дейін, материя және анти-материя, жанды-жансыз, жер мен көктегі күллі болмыс жұп-жұбымен жаратылған.
Жаратылыстың жұп-жұбымен жаратылуын кейбір ғалымдар айтқандай, еркек-ұрғашы, аталық пен аналық, плюс-минус, ыстық пен суық және бақыт пен бақытсыздық деген мағыналарда да түсінуге болады.
Осыдан он төрт ғасыр бұрын Құранда айтылған бұл шындық бүгінде ғылыми тұрғыдан дәлелденіп жатыр. 1933 жылы ағылшын физигі Поль Дирак әлемдегі барлық нәрсенің жұп-жұп болып жаратылғанын ғылыми түрде дәлелдеп нобель сыйлығына ие болған болса, Ботаник ғалымдары өсімдіктердің де өз жұбы болатынын дәлелдеген [1].
Біздің күнделікті өмірімізде түп мәніне үңіле бермейтін бір мәселе бар. Ол – екі жастың бір жұпқа айналып, ұрпақ көріп өсіп-өнуі. Негізі той дегеніміз, екі жастың ерлі-зайыпты болғанын халыққа жәрия етіп, ойнап-күлу ғана емес, керісінше, жұбы болмаған жалғыз Жаратушы Хақты танытатын белгі екендігін сезіну болып табылады. Қасиетті Құранда: «(Оларға) айт: Ол Алла жалғыз! Алла – Самад (ешкімге және еш нәрсеге мұқтаж емес, керісінше, күллі жаратылыс Оған мұқтаж)! Ол тумаған да, туылмаған! Оның ешбір теңдесі де жоқ!» («Ықылас» сүресі, 1-4 аят) делінеді.
Яғни, тегіміз Адам атадан тарап бірден-он, оннан-жүз, жүзден-мың, миллион, тіпті, әр ғасырда миллиярдтаған адам дүниеге келіп, дүниеден өтуі кездейсоқ құбылыс емес. Бәлки, жаратушы Жалғыз Иемізді танытатын бір мағыналы іс екендігін көрсетеді.
Демек, шаңырақ көтеру, сүйген жарымызбен жұп болып өмір сүру Алланың жалғыздығын, тумаған, туылмағандығын және құдіретінің шексіз екендігін растайтын дәлелдер.
Ықылас сүресі жалғыздық Жаратушы Хаққа тән, әр нәрсенің жұп-жұбымен жаралуы жаратылыстық қасиет екендігін ұқтырады.
Самет Оқанұлы,
исламтанушы
[1] http://mazhab.kz/kk/maqalalar/quran/quranda-1400-jyl-buryn-aitylyp-qoigan-5490/