– Жалғас Садуахасұлы, асыл дініміздің күн санап елімізде өркендеуімен дәстүрімізге сіңген салт-жоралғылар бар. Соның бірі – мұсылманша неке қиюдың мән-маңызы туралы әңгімелеп берсеңіз?
– Неке – қасиетті ұғым. Ол – екі жастың бір-біріне деген беріктік пен адалдық шарты. Сондықтан, қазақ мұны «ақ неке» деп ардақтайды, «ақ некелі жарым» деп мақтанады. Ал енді ақ некенің мазмұны – екі жастың шаңырақ көтеру үшін Алла Тағаланың алдында бір-біріне адалдықта сөз беруі. Бұған ата-ана, туған-туыс, жалпы көпшілік куә болады. Сол себепті, неке құпия болмайды, жария жасалынады. Қазақ дүркіретіп той жасайды. Бұған ауылдағы бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін қатысып, куә болады. Жас жұбайлар шаңырақты уақытша емес, ғұмыр бойы бірге тұру мақсатымен көтереді. Сол үшін өмір көрген қариялар жастарға «бірге қартайыңдар», «қосағыңмен қоса ағар» деп баталарын беріп жатады.
Әрине, бұл дүние адам баласы үшін бір сынақ алаңы болғандықтан өмірдің қуанышты сәттерімен қатар қиындықтары да аз емес. Ерлі-зайыптылық өмірдің мақсаты да сол – екі жастың барлық қиындықты бірге кешіп, жеңіп шығуы. Өмір сынақтарына мойымай қол ұстасып, бірге қартаюы. Алла Тағала Құранда:
«Ей, адам баласы! Күмәнсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық…», – деп ер мен әйелдің бір бүтін жұп екенін айтады (Хужрат: 13).
Міне, екі жастың жұп болуы, жоғарыда айтқанымыздай, Алла рұқсат берген ақ неке жолымен болуы тиіс. Егер, шаңырақтың қалануы алғашқы күннен некесіз, ақ батасыз басталса, онда бұл отбасында берекенің тұрақтауы қиын болмақ. Мұндай шаңырақ – сыйластық пен жарастық орнаған, ұрпақ сабақтастығы жалғасқан ортаға жата қоймас.
Ұлы сахабалардың бірі Ибн Аббас (р.а.) үйленіп, өмірдегі өз орнын табуға ұмтылған жастарға: «Құдайшыл адамның тақуалығы үйленуімен кемелденеді», – деп өсиет қалдырған. Сондықтан болар, қазақ «Жалғыздық Аллаға жарасады», – деп айтса керек.
– Қазіргі қоғамдағы некенің рөлі мен маңызы қандай?
– Отбасы некеден бастау алады, сондықтан, шариғат жас жұбайлар үшін ақ некені әмір етеді. Некесіз отбасы, азаматтық неке немесе бір жыныстылар отбасы деген сияқты т.б. дәстүрлі емес жұптық қарым-қатынастың барлығы қазақшылыққа, таным-түсінігімізге әрі мәдениетімізге де жат. Дәстүрлі неке – мұсылманшылық неке десек артық айтқан болмаймыз. Некелі отбасында бақыт орнайды. Мысалы, әрбір құралдың, механизмнің (сағат, теледидар, ұялы телефон және т.б.) пайдалану кітапшасы болады. Егер тұтынушы сол кітапшадағы шарттарды толық орындап, пайдаланатын болса, онда белгілі құралдың пайдалану мерзімі де ұзаққа созылмақ. Дәл сол сияқты, дін ислам да мұсылманшылық некенің талаптарын, ер мен әйелдің бір-бірінің алдындағы әдептілік міндеттерін белгілеп көрсеткен. Жастарымыз қолдан келгенше осы отбасылық әдеп-талаптарды сақтайтын болса, отбасы мүшелерінің құқықтары сақталады, шаңырақ берік болады. Сондықтан, отбасылық бақыт – алдымен осы ерлі-зайыптылардың өздеріне байланысты.
– Неке дегенде бақыт ұғымын қатар айтып қалдыңыз, отбасы бақыты үшін не қажет?
– Бақыт – екі жастың қолында. Бақытты ешкім алтын ыдысқа салып әкеліп бермесі анық. Отбасылық бақытты бал жасайтын екі араға ұқсатуға болады. Себебі, бұл аралар қаншалықты еңбек қылса, балдың мөлшері де соншалықты арта түседі. Көптеген адамдар отбасылық бақытты армандап, оның қайда кеткенін іздейді. Үйдегі береке мен татулықты арман етеді. Оларды қалай қайтарып алуға болады? деген сияқты сұрақтармен әлек. Ол үшін басты шарт – арада махаббат, сүйіспеншілік, бір-біріне деген құрмет болуы тиіс. Алайда, бұл айтылып отырған махаббат – жарқ етіп пайда болып кейін қайта өшіп қалатын әуестік, нәпсіні қандыру сияқты уақытша махаббат емес, рухани үйлесімділік пен жоғарғы сезімді нәзік махаббат. Алла Тағала Құранда:
«Сендердің өз табиғаттарыңа үйлестіріп (өз қастарыңнан) әйел жынысын жаратқаны да, оларға тіршілік ләззаты етіп сүйіспеншілік, мейірім бергені де ұлылықтың белгісі», – деп хабар берген (Рум: 21).
Сондықтан, отбасылық бақытқа жету үшін махаббатпен бірге ерлі-зайыптылардың өзара кешірімділігі, бір-біріне жанашырлық танытуы, сенім артуы сияқты ізгі қасиеттердің маңызы үлкен. Бұл ізгі қасиеттердің бастауы – имандылық. Мұсылман отбасының өзгелерден басты ерекшелігі де осы – иман. Отбасының иманды болуы – өте маңызды. Әсіресе, жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлардың өмір қиындықтарымен күресіп, отбасының бір бүтін болып қалуы және арадағы татулық пен сүйіспеншіліктің үздіксіз жалғасуы иманға байланысты. Бұған қоса, иманды үйде бауырмалшылдық, қанағатшылдық, сабырлық пен ұстамшылдық сияқты ізгі қасиеттер қалыптасады. Алла Тағала Құранда иманды отбасына мынадай сыйлық әзірлегенін айтады:
«Ер болсын, әйел болсын, мұсылман болып, ізгілік жасайды екен, Біз оған жақсы өмір сыйлаймыз, істеген ізгіліктерінен де артық сауапқа қолын жеткіземіз» (Нахыл: 97).
– Некені қию үшін екі жастың да разылығы қажет пе? Дінімізде, сондай-ақ қазақы дәстүрімізде қыз баланы ұяңдықтың, ар-ұяттың белгісі санағандықтан, көп жағдайда иманды бойжеткендер өз разылығын білдіре алмауы да мүмкін жағдай ғой.
– Иә, екі жастың бір-біріне ғұмырлық жар болуға ризалық білдіруі шарт. Некенің бұл шарты – екі жастың бірін-бірі жақсы көруі мен ұнатуын және өз ризалықтарымен үйленулерін қадағалайды. «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар», – деп Абай атамыз айтқандай, ақыл-парасатқа жылу беретін қасиетті сезім – махаббат. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйел адамды өз ықтиярынан тыс күйеуге беруге тиым салған. Тіпті, қызының бақытын көздейтін ата-анасы жоқ, жетім қыздар үшін де арнайы хадис келген:
«Өзімен ақылдаспай жесір әйел де, келісімінсіз бойжеткен қыз да күйеуге берілмейді…», – деген риуаяттыӘбу Һурайра жеткізеді (Бұхари, Мүслим және т.б.).
«Жетім қалған қыздан оның (тұрмысқа шыгуы жөнінде) рұқсатын сұрау керек, егер ол үндемесе, онда келіскені, егер бас тартса, оған қарсы шығатын заң жоқ», – деген келесі хадисті де Әбу Һурайра келтірген (Термези, Әбу Дауд).
Сонымен, шариғат заңы бойынша екі жастың бір-біріне беретін ризалық сөздерін естімей, неке қиылмайды. Дін ислам – бойжеткен қыздың ар-намысы мен құқығын қалай қорғаса, дәл солай жігіттерге де үйленетін жарын таңдаған уақытта мұқият болуына кеңес береді:
«Әйелді төрт нәрсесіне қарап алады: байлығына, тегіне және сұлулығы мен дініне. Дінге берік (әйелді) алуға тырыс, әйтпесе ұтыласың!» (Бұхари, Мүслим).
Екі жастың үйленуге разы екеніне басқалар куә болады. Куәгер демекші, ескіде «куәлік сөзі» деп неке қияр кезде ортада жүретін екі куәнің күйеу мен қыздың ризалығын сұраған уақытта мынадай сөздер айтылатын:
Куә, куә, куәдүрміз,
Куәлікке жүрәдүрміз,
Мұнда халық қасында,
Таңда Хақ қасында
Екі кісі хақ куәлік бередүрміз.
Әрине, бұл сөздерді балалық шағымызда естіп, ер жеттік. Бірақ, барлық уақытта бұлай айту шарт емес. Бұл дәстүр ақ некенің ата-бабамыздан жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде куәгерлер екі жастың ақ некесіне куә болғанын естіртіп растаса жетіп жатыр. Неке басындағы бұл куәгерлерден мақсат – қажет болған жағдайда өмірде және Алланың алдында да екі жастың ерлі-зайыпты екеніне куәлік етулері.
– Демек, мұсылманшылық некеде әр адамның құқығы қорғалған болып тұр ғой?
– Әлбетте, ислам шариғатында адам құқығы жіті қаралады. Бұл мәселе некеде де тыс қалмаған. Мысалы, күйеу жігіт неке барысында қалыңдығына белгілі бір мөлшерде сыйлық жасайды. Бұл сыйлықты мәһір деп атайды. Мәһірдің нақты мөлшері жоқ, бірақ күйеу жігіттің берген сыйын қалыңдық азырқанса, неке қиюшы имам күйеу жігітке болашақ зайыбының көңілінен шығатындай дәрежеде сый жасауы керектігін ескертеді. Күйеу жігіт қалыңдығына мәһір ретінде алтын сақина, сырға тіпті, шамасы келсе үй де сыйға тартуы мүмкін. Бұл екі жастың арасындағы келісім. Мәһір туралы Құранда былай делінген:
«Әйелдердің мәһірін ықыласпен беріңдер. Сонда егер әйелдер өз көңілдерінше сендерге бір нәрсе мәһірден кеңшілік етсе, онда оны жеңдер, сіңімді, жүрімді болсын» (Ниса: 4).
Мәһір – қалыңдықтың жеке мүлкі саналады. Тіпті, кейіннен екеуі ажырасып кетсе де күйеуінің немесе қайын жұртының мәһірды қайтып алуға құқығы жоқ. Себебі, мәһір – әлсіз әрі нәзік әйелдің жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда (жесір қалса немесе ажырасып кетсе) материалдық, мұқтаждық көрмеуіне жасалатын қамқорлық. Бірақ күйеуі қиындыққа ұшырап қалса, әйел оған ерікті түрде өзіне берілген мәһірден қаржылай көмектесем десе, онда шариғат рұқсат береді. Бұл қалындықтың ықтиярындағы іс. Осылайша қалыңдықтың құқығы қорғалады.
– Некелесетін тараптардың мұсылманшылықтағы құқықтары туралы тарқата өтсеңіз?
– Мұсылманшылықта ер адамның әйел алдындағы, әйел адамның ері алдындағы міндеттері жетерлік. Олардың барлығын бір әңгімеде қамту мүмкін емес. Дегенмен, бір-екі талаптарды қысқаша айтып өтуге болады. Сонымен, ер адам шаңырақ иесі болғандықтан, ол – отбасының асыраушысы. Сондықтан да, ер адам отбасының бүкіл қам-қарекетін мойнына алып, шамасы келгенше қамқорлық жасайды:
«Әйелі мен баласын дәулетті адам өз байлығына орай қамтамасыз етсін, ризығы кем адам Алланың өзіне бергеніне орай қамдасын. Адамдарды Алла тек өзінің шамасы келетін іске шақырады» (Талақ: 7).
Осы аяттың мағынасына сәйкес Хаким ибн Муғауия мынадай риуаятты келтіреді: «Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! әйелдерімізге қатысты бізге не нәрсе міндет болды? – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Әйеліңе өзің жеген нәрседен бересің, өзің киген киімнен кигізесің, (яғни, оны асырап, қамтамасыз етесің). Әйеліңді бетінен ұрма және оны жаман сөзбен балағаттама. Сондай-ақ, оған үйіңнен тыс орында дауыс көтеріп ұрыс па», – деп айтты» (Термези).
Отағасының отбасының алдындағы келесі міндеттерінің бірі – ұзақ сапарға кетсе, отбасына оралғанша зайыбы еш нәрсеге алаңдамайтындай барлық жағдайын жасап кету. Отбасының күнделікті тіршілігіне қажетті азық-түлік, киім-кешек, отын-су, т.б. заттармен қамтамасыз етіп барып жолға шығу. Кейбір мұсылман бауырларымыз сияқты «Мен Алланың жолында жүрмін», – деп отбасын аш-жалаңаш қалдырып кету дұрыс емес. Немесе теріс ағым өкілдері сияқты қызға үйленіп, оны балаларымен бірге төркініне жіберіп қояды. Оларды өзі асыраудың орнына жалқауланып, дінді жамылып, азаннан кешке дейін өзіне ұқсағандармен бірге мешіттің немесе мұсылман дүкендердің айналасын торуылдап жүреді де қояды. Бітіріп жатырған еш нәрсесі жоқ, бірақ, күнде осылай уақыт өткізеді. Бұлай жасау – дін исламға қайшы. Ер адам – өз отбасына жауапты. Дінді жақсы білетін, көзі ашық мұсылман ешқашан әйелін, бала-шағасын көрші-қолаңды жағалатып, қайыршы ұқсатып нан сұратып қоймайды немесе басқалардың берген «садақасымен» өмір сүруді әдетке айналдырмайды, намыс көреді. Бұған жол бермейді. Мұндай қадамға тек дінді бүркеніш еткен жалқаулар барады.
Сондай-ақ, мұсылман адам зайыбына күш көрсетіп, әлімжеттік жасамайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім әйелімен ең жақсы қарым-қатынаста болса, сол сіздердің ең жақсыларыңыз»,– деген (Әбу Дәуіт).
Ал енді мұсылманшылықтағы әйел адамның міндеттеріне келер болсақ, оларды да сайып жату артық болар. Өйткені, барлығымыз ананың жылы алақанын көрдік. Әйел затына жүктелген асыл әрі басты парыздың бірі – дүниеге келген баланың жақсы мінез-құлықта, иманды етіп өсіру екені белгілі. Себебі, перзент дүниеге келген алғашқы күндерден бастап ананың мейіріміне бөленіп, қамқорлығына алынады.
Айша анамыз (р.а.): «Маған екі қызы бар әйел қайыр сұрап келді. Менде піскен құрмадан басқа ештеңе жоқ еді, соны бердім. Ол бұл құрмаларды қыздарына бөліп берді, өзіне ешнәрсе қалған жоқ. Олар кеткен соң пайғамбар (с.ғ.с.) келді. Мен оған болған оқиғаны айттым. Сонда Пайғамбар:
– Кім өз қыздарына қамқорлық жасап, оларға жақсы қараса, оның тозақ отынан қорғанышы болады, – деді»(Бұхари, Мүслим,Термези).
Нәрестені шыр етіп дүниеге келген сәтінен қарайлап, оған жақсы тәрбие бере білген ананы Алла Тағала бұл дүниеде құрметке бөлесе, о дүние де жарылқайды деп сенеміз. Бұған Талха ибн Мағауиядан риуаят қылынған пайғамбардың (с.ғ.с): «…Жәннат – ананың табанының астында», — деген хадисі жетіп жатыр (Бұхари, Табарани).
– Отбасын құрушы жастарға шариғатымыздан жақсы бір өсиет, кеңес беріп, тақырыпты түйіндесеңіз.
– Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына, мінез-құлқына көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, әке мен баланың және ана мен қыздың қарым-қатынастары, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Осы аталған құндылықтардың басым бөлігін қазақ ертеден шаңырақ ішінде қадірлеп, ұрпақтан ұрпаққа беріп отырды.
«Шаңырақ» деген уақытта әуелі ақ неке еске түседі. Себебі, қазақтың шаңырағы – Құдайдың алдындағы ақ некемен ғана шаңырақ саналған, некесіз шаңырақ болмаған.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – отбасы мектебінің ұстаздары. Әңгімені Айша анамыздың (р.а.) үйленемін деген жігіттерге қатысты айтқан мынадай ойымен қорытқым келіп тұр:
«Неке дегеніміз – алтын қамау (отбасылық талаптар мен ережелер жиындығы). Сондықтан, сендердің әр бірің үйленбестен бұрын – өзінің бақыт құсын отырғызатын қамауына көңіл бөлсін». Басқаша айтқанда, тұрмыстық өмір екі жасқа да көптеген міндеттерді жүктейді. Міндеттермен бірге отбасында, жұмыста, қоғамда ұстануы тиіс отбасылық талаптар мен ережелер пайда болады. Бойжеткен қызымыз және ер жеткен ұлымыз бұрынғыдай жеке бастары үшін өмір сүрмейді, бұдан былай олардың өмірі барлық нәрседе – ортақ. Ортақ мақсат – өнегелі отбасын құру. Сондықтан да Айша анамыз отбасылық әдептілік пен этика жиынтығын алтын қамаумен теңеп, ер жігітке сол қамауын көркемдеуіне, өзіне көңіл бөлуіне кеңес береді.
Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар, өздеріне қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін үйретіп, оны мүлтіксіз орындаса, қоғамда инабатты және берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ демекпін.
– Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ
KazIslam.kz