– Бүгінде Қазақстанды Отаным деп мойындамайтын, азаматтық борыштарын өтеуден қашқақтайтын, Әнұранымыздың орындалуына немқұрайды қарайтын замандастарымыз бар көрінеді, олардың әрекетіне не деуге болады? Осы тақырып төңірегінде ойыңызды білдірсеңіз…
– Иә, рас айтасыз. Бүгінде қоғамдағы жастар арасында «Отанды қорғау қаншалықты қажет?», «Дініміз ислам бұған не дейді?» деген секілді сұрақтар жиі талқыға түседі. Бұған қоса: «Бұл мұсылман мемлекеті емес, сондықтан әскерге барып, Отанды қорғау міндетті емес» дейтін діннен білімі таяз деструктивті ағымдарға түсіп кеткен «данышпандар» да бар көрінеді. Шынтуайтында, бұл әрекеттер тек жат пиғылдағы ағымдардан сіңген қасиет. Деструктивті ағымдар демекші, өзім куә болған оқиға осы сәт ойға оралады. Бұл осыдан бірнеше жыл бұрын орын алған еді. Мен ұлымның сыныбындағы ашық сабағына қатыстым. Мемлекеттік Әнұран орындалды. Сонда қолдарын жүрек тұсына көтермеген бір-екі орыс балаларын көрдім. Мұғалім олардан мұның себебін сұраған уақытта: «А нам так нельзя» деп жауап берді. Кейін білгенімдей, олар ата-аналарымен бірге, теріс пиғылды ағымның жетегінде кеткен екен.
– Сонымен, Отанды қорғау бізге міндет пе, әлде, міндет емес пе? Дін маманы ретінде пікіріңізді нақты дәлелдермен алға тартсаңыз.
– Мұсылман ғалымдары исламдағы адамгершілік міндеттерді 5 түрге бөліп қарастырады. Олар, бірінші, Алла тағалаға және Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) әрі Құран кәрімге қатысты орындалуы тиіс міндеттер; екінші, өзінің алдындағы міндеттер; үшінші, отбасының алдындағы міндеттер; төртінші, Отаны және ұлты алдындағы міндеттер; ал бесіншісі, адамзат алдындағы міндеттер. Міне, осылайша ислам діні мұсылман адамға бірнеше міндеттерді жүктейді.
Мен енді осындағы тақырыбымызға сәйкес, мұсылманның Отан алдындағы міндеттеріне ғана тоқталайын. Ибн Омардан жеткен хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деп айтқан: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметшісі) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар» деп айтқанын жеткізген.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) мұндағы бақташы деп отырғаны – жауапты адам, ал отар дегені – жауапты кісінің қарамағындағы қызметшілер, соның қарауындағы мал-мүлік. Демек, қоғамда жауапсыз адам жоқ, барлығы әйтеуір бір нәрсеге жауапты. Сол үшін Алланың алдында жауап береді. Әке отбасы үшін, ана балалары мен үйі үшін, бастық қарамағыңдағы қызметшілері үшін, ал қызметші қолындағы мүлкі, құрал-сайманы үшін жауапты. Олай болса, Отанды қорғау, ел мен жердің тәуелсіздігін сақтау – біздің міндетіміз. Ер адам – Отаны үшін жауапты.
Кіндік қанымыз тамып, өсіп-өніп жатқан еліміз – біздің Отанымыз. Мұнда біздің ағайын-туысымыз, бала-шағамыз, шаңырағымыз және мектебіміз бен мешіттеріміз бар. Бұл жерді ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен, қасықтай қаны қалғанша жаулармен соғысып біз үшін сақтап қалған. Мұны біздер үнемі қадірлеп, естен шығармауымыз қажет. Аталарымыз күні бүгінге дейін баталарында елдің, жердің, халықтың амандығын тілеп келеді. Иә, осы кісілердің ақ батасымен бүгінгі жетістіктерге жетіп отырғанымызды ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, Отанды қорғау – біздің әрбіріміздің қасиетті борышымыз. Тіпті, дініміз ислам да Отанды қорғауға, оны жақсы көруге шақырады.
– Сөзіңізді бөлгенім үшін кешіріңіз, осы орайда оқырмандарымызға Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың Отанды сүю туралы өсиеттері қызығырақ болар ма еді…
– Дұрыс-ақ. Мекке шаһарынан Мәдинаға қоныс аударған уақытында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Хазрауа» деген жерге жеткенде түйесін тоқтатқан екен. Кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Уаллаһи! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім» деген. Келесі бір риуаятта пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден шығып бара жатып, арқасына қарап: «Отаным. Менің Отаным» деп айтқан.
Сондай-ақ, тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ұхудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» деп айтқаны да тегін емес. Бұл Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған жерге деген махаббатын көрсетеді. Ол кісінің туған жеріндегі әрбір тау-тасқа, шөл мен көлге деген зор сүйіспеншілігін байқатады. Әйтпесе, шындап қарасаңыз, ол жерлерде егін егетін егістік жері, малды жайылымға жіберетін жайлау, тонналап түрлі жеміс жинайтын бау-бақшалар жоқ. Төбеңнен қақшиып тұрған күні басым, шөлейт. Күннен қашып паналайтын ағашы жоқ ашық жер. Бірақ, солай бола тұра пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол жерді жақсы көрді. Неге деп ойлайсыз? Өйткені, ол – Отан. Ол кісі сол жерде дүниеге келді. Сол жердің табиғатында өсті, топырағына аунады, суын ішті. Сол жердің мәдениетін де жасап, халқымен бірге ғұмыр кешті. Сондықтан да пайғамбар (с.ғ.с.): «Отанды сүю – иманнан» деп айтқан. Кеудесінде иманы бар адам Отанын қорғаудан, борышын өтеуден қашпайды, керісінше, сүйеді, оны қорғайды.
– Сіз айтқан игі қасиетті адам бойына сіңіруде имам-молдалардың еңбегін елеуге тиіспіз. Алайда, мұндай тәрбие алдымен ата-анадан даруы тиіс секілді.
– Ақын, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы ағамыз: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деп айтқандай, ата-ана баланы жастайынан иманға баулып, махаббатына бөлеп, дұрыс тәлім беруі міндетті. Атасы мен әжесінің жұмсақ алақанын ұстап, олардың ақыл-кеңесін тыңдап өскен бала рухани бай болады. Ал рухани бай адам Отанды сатпас болар.
Ал енді бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, оған жетерлік ата-аналық махаббат пен мейірім бере алмаған отбасы қоғамға тиісінше пайда келтіре алмайды. Мұндай отбасыдан отансүйгіш баланың шығуы қиын.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп тегін айта салмаған аталарымыз. Отанның қадірі алыс, жырақта жүргенде білінеді. Мұны шет мемлекетке шыққан отандастарымыз жақсы біледі. «Мен қазақпын» немесе «Отаным – Қазақстан» деген уақытта, яки, болмаса елдің байрағын, рәміздерін көргенде қуанышың қойныңа сыймайды. Отанныңыздың бар екеніне Құдайға шүкір деп айтасыз. Расында, жер бетінде Отансыз, тәуелсіз жері жоқ ұлттар мен ұлыстар қаншама?!
Сондықтан да, ер азаматтар, жігіттер, Отанды қадірлей білейік. Егеменді Қазақстанның әрқашан да еңсесі биік, өзге мемлекеттермен терезесі тең болсын десек, отаншыл болайық. Әрбір ел азаматына жүктелетін Отан алдындағы адал борышымызды өтейік.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Асхат ЫСТЫ