2011 жылғы “Ислам ынтымақтастығы ұйымының” мəліметі бойынша, Сирия дүние ислам ғұламаларының 33 пайызы шоғырланған құтты мекен еді. Бүгінде бұл ел кім көрінген билік қылған, бағыты мен бағдары белгісіз, əділетсіздік пен ажалдың мекеніне айналып отыр. Сирияның бүгінгі сиқына қарап, “Бұл Муавия ибн Абу Суфиян жəне оның ұлы əскері өмір сүрген атақты шаһар” деп айту өте қиын. Өкінішке қарай, тарихтан аты мəшһүр қасиетті Шам жерін бүгінгі мұсылман үмметі осындай орны толмас қайғылы күйге жеткізді. Осы көзсіз əрекеттерді жəне ол жердегі алауыздық пен жауыздықты көре тұра, біздің де еліміздің азаматтары жалған насихаттарға еріп, аттануы тағы қынжылтады.
“Білекті – бірді, білімді мыңды жығар”. Бүгінде ислам үмметін құтқарудың ең басты жолы – ілімді дамыту. Сонау Харун Рашидтің заманындағы мұсылмандардың ілімділігіне ұмтылуымыз қажет. Шамдағы өздерін мүштаһид санап жүргендердің де сипаттары мен жауыздық əрекеттері күмəн туғызатыны жасырын емес. Əли Ибн Абуталибтен жеткізілген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: “Сендер қара туларды көргенде өздеріңді жерде ұстаңдар, аяқтарың мен қолдарыңды қимылдатпаңдар. Соңынан ешкім көңіл бөлмейтін өте əлсіз адамдар шығады. Олардың жүректері қатты темір секілді болады жəне олар мемлекет құрады. Олар сөздерінде тұрмайды жəне келіскендерін де орындамайтын болады. Олар адамзатты ақиқатқа шақырады, бірақ өздері ақиқатта болмайды. Олар өздерін лақап есімдермен атайды, ол лақаптары қалаларға байланысты болады. Олар шаштарын əйелдердікіндей ұзын етіп өсіреді. Соңынан олар өздері арасында талас-тартысқа түседі. Міне, сонда қалағандарға Алла ақиқатты ор таға шығарады”. Бұл хабарды Пай ғамбарымыз (с.ғ.с.) бекерге айтқан жоқ. Біздерді осындай жалғаншылардың идеясынан сақтандыру мақсатында, үмметінің жанын, малын жəне арын аман сақтап қалу мақсатында айтып кеткен.
“Сендер қара туларды көргенде өздеріңді жерде ұстаңдар” – яғни, нəпсіге, сезімге беріліп кетпей, сабырлы болыңдар деген-ді. “Аяқтарың мен қолдарыңды қимылдатпаңдар” – қолға қару алып шаба бермеңдер, бұл ұранның анық-қанығына жетіп алмай əрекет жасамаңдар деп ескертіп отыр. “Соңынан ешкім көңіл бөлмейтін өте əлсіз адамдар шығады” – расында, алғашында «Халифат» құрылыпты» дегенде оған ешкім мəн бермеген болатын. “Олардың жүректері қатты темір секілді болады” – бүкіл дүниені өзіне қарату үшін өздерінің жасаған жауыздықтарын жарнамалай бастады. Естеріңізде болса, кішкентай балаларға адамдарды өлтіргізіп, адамдардың бас тарымен футбол ойнап, тірі адамдарды тордың ішінде өртеп, жауыздық əрекеттерін бүкіл дүниеге паш етті. Бірақ біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянынан ол қатысқан жирмадан астам жорықты жақсы білеміз. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ешқайсысында мұндай жауыздық жасаған емес, керісінше, “Əйелдерді, балаларды, қарттар мен ғибадат үйіндегілерді өлтірмеңдер” деп бұйырған. “Олар мемлекет құрады. Олар сөздерінде тұрмайды жəне келіскендерін де орындамайтын болады” – əлеуметтік желі арқылы жастарды алдап-арбап шақырып, қолдарындағы ақшаларын, керек болса əйелдерін де тартып алып, өздерін құл етіп қояды. Бұл туралы ол жақтан қайтып келгендердің жəне босқындардың сұхбаттарын күнде хабардар болып келеміз. “Олар адамзатты ақиқатқа шақырады, бірақ өздері ақиқатта болмайды” – Құрандағы соғысқа қатысты аяттарды оқып, əділдіктер туралы аяттарды қамтып қояды. “Олар өздерін лақап есімдермен атайды, ол лақаптары қалаларға байланысты болады” – мысалы, Əл-Бағдади, Əш-Шами, Əш-Шишани, Əл- Ирақи, Əт-Турки секілді.
Бүгінгі таңда Алла үшін ілім алу нағыз жиһад болып табылады. Өйткені, халықтың діни сауатын көтеруге тырыспасақ, бізге кім көрінген ұстаздық ететін болады. Өкінішке қарай, қазір баласы дінге бет бұрған ата-ана оның намазын тастатуға тырысады. Түсінеміз, олар баласын ағымға кіріп, Отанына қарсы шығатын адам бола ма деп қорқады. Бірақ баланы діннен қайтарумен оны сол ағымның қолына өздері беретіндігінен бейхабар. Мұндай қаншама отбасы бар?.. Ата-анасын күпірлікпен айыптап, баласы үйінен кетіп қалған. Себебін сұрасаң, “Менің əкем кəпір, өйткені, ол намаз оқымайды жəне үйде ешкімге оқытпайды да. Мен оларды емес, Алланы жақсы көрем” деп өкініш білдіреді. Аз уақыттан кейін сол баланың ағымдардың жетегінде жүргенін көресің. Біз ата-ана болған соң, ұрпақтың ішіп- жемі мен киіміне жауапты болғанымыз сияқты, олардың адамгершілік жəне рухани тəрбиесіне де жауаптымыз. Біздің атеизмде өмір сүргеніміз, сол уақытта тəрбиеленгеніміз Мақшар сотынан арашалап қалмайды. Бүгінгі таңда ұрпақтың рухани сұранысын қанағаттандыру да біздің басты міндетіміз. Данышпан Абайдың өзі “Баламды медресеге біл деп бердім” дейді. Яғни, ақ пен қараны ажырата алатын, обал-сауапты білсін, Отанына – адал, жанұясына – мейрімді, уəдесіне – берік, жауына – қатал-қатты, көзі – ашық, көкірегі ояу болсын деген мақсатпен берген. Ендеше, біз қоғамдағы қаңқу сөздерге ере берместен, баланың рухани сұранысы пайда бола бастағаннан мамандарға апарып, сұраныстарын дəстүрлі бағытпен қанағаттандыруымыз қажет болады. Сонда ғана ағымдардың жалған көзқарастарынан түбегейлі құтыла аласыз.
Төлеген ТАЛДЫБАЕВ,
дінтанушы