Дана халқымыз ұлы ер жетіп, қызы бәлиғат жасына толған шағында «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды» міндет санаған. Себебі, отбасын құру, ұрпақ көбейту – асыл дініміздің қасиетті де ардақты ісі болып саналады. Адам баласы һәм қоғам үшін отбасы қаншалықты маңызды саналған болса, Хақ діннің ең соңғы ардақты елшісі де отбасына соншалықты мән берген. Оны мына бір хадистен байқауға болады. «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмбетімнің көптігімен мақтанамын» деген Ардақты елші, үйленудің қаншалықты маңызды екенін тілге тиек еткен.
Қасиетті неке шартының толық болуы үшін, некеге тұруға өтініш білдірген жастардың екеуі де балиғат жасына толған әрі ақыл есі дұрыс болуы, некелесуге кедергілерінің болмауы, куәгерлердің болуы, өмірлікке некелесу, екі жақты разылық және мәһірдің болуы қатарлы маңызды түйіндер ескерілуі керек.
Неке қазақ халқы үшін де өте ардақты, қасиетті ұғым, халық арасында мұны «ақ неке» деп ардақтайды. Жан жолдасын «ақ некелі жарым» деп мақтанады. Бас қосқан ер мен әйелдің міндетті түрде көпшілік алдында некесі қиылады. Некесі қиылмай, қосылған адамдарды халық «некесіз» деп сөккен және оларға салқын қараған. Олардың балалары да «шата» немесе «некесіз туған» деген жаман атқа қалған. Сол себепті де, ежелден қазақ халқының үйленетін екі жасқа деген ықыласы мен талабы айырықша жоғары болған. Осыдан келіп шығатын «үйлену оңай, үй болу қиын» деп келетін қазақ мақалының да тамыры әріде жатыр. Отбасыға қатысты мәселелер тек үйленумен бітпейтіні де анық, ол ер мен әйелдің материалдық һәм рухани тұрғыда дамуы мен отбасылық бақытын сақтап, болашақ ұрпағына мұраға қалдыруы. Бұл жоғарыда айталған неке шарттарының орындауымен ғана жүзеге асады. Ал, ол шарттар негізге алынбастан құрылған отбасылық өмірдің қызығы мен ғұмыры ұзаққа бармайтынын ескерген жөн.
Бұлай деуге себеп-қазіргі жастардың ақ некенің қадыр-қасиетін қаншалық тереңдікте түсінуіне және отбасы құндылықтарына қаншалқты мән беруіне байланысты болып отыр, кейінгі кездері БАҚ немесе ғаламтор беттерінде назар аударар болсақ, кейбір жастарымыздың асыл дінімізді бұрмалап, қолғап ауыстырғандай әйелдің бірін алып, екіншісін тастап, «талақ» етуі немесе жаман жолға түсіп, отбасының тамырына балта шабатын және келешек қоғамның ыдырауына жол ашатын, халықты іштен ірітетін қоғамдық індет, жеңіл жүріспен айналысып жүргенін байқауға болады.
Негізінен, адам баласына берілген құмарлық сезімі – оның жаратылысынан. Десе де, бұл сезімді Алла тағала құлдарына ұрпақ жалғастыру мақсатында сыйға тартқан. Аталмыш сезімдерді жақсы не жаман жолға жұмсау адамдардың өз еркінде. Егер дұрыс қолданса, адамзат тегінің сақталуына, пайғамбар (с.ғ.с.) үмбетінің көбеюіне үлес қосып, сауап алады. Ал дұрыс қолданбаса, Ібілістің ойыншығына айналады. Демек, адам бұл жаман жолға нәпсіне ергендіктен барады.
Әйгілі төрт халифаның бірі Әли ибн Әбу Тәліп (р.а.): «Ең қорқыныштысы – нәпсіге ие болмау. Нәпсінің жетегінде кету – адамды ақиқаттан аластатып, ақиретті ұмыттырады»,– деген екен. Сол сияқты, ислам қағидасымен қарағанда, ең бақытты адам деп – өз нәпсісіне ие адамды айтады. Міне, рухани тұрғыдан адамның адамнан артықшылығы өз нәпсісін тізгіндей алуымен өлшенеді.
Сондықтан да, Ислам діні мұндай індеттердің алдын алу үшін мұсылман баласына отбасылық өмірін ақ некемен бастауды әмір еткен. Алла тағаланың көрсеткен адал жолымен қосылып, перзент сүйіп, берекелді шаңырақ көтеру арқылы өз ар-намыстарын сақтауды – отбасын құрмақ болған кез-келген адамның мойнына үлкен жауапкершілік жүктелетінін түсінген жөн. Үйленген адам дүниеден өткенше некеге кіршіксіз адал болуы, оны мәңгілік сақтауы өте маңызды. Артынан қалатын бала-шағасын тамақтандыру, киіндіру, баспанамен қамтамасыз ету, оларға тәрбие беру деген секілді міндеттерді сезіну керек. Сезінген жан немқұрайлық, бейқамдық сияқты қасиеттерден барынша арылып, еңбекқорлық, шыдамдылық пен төзімділікті бойына серік қылмақ.
Ал, талақ деп ерлі-зайыптылардың арасындағы некенің бұзылуын, яғни ажырасуын айтамыз. Ажырасу – ажырасуға зәру жағдайда ғана рұқсат етіледі. Алайда, талақ – Жаратқан Жаппар Иенің адал еткен істерінің ішіндегі ең жағымсызы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» деп, жөн-жосықсыз ажырасудың дұрыс емес екенін айтқан.
Сондай-ақ, неке тақырыбына немқұрайлық танытып қалжыңға айналдыруға болмайды. Себебі «үш нәрседе ойнауға болмайды: неке, талақ және құлдықтан азат ету» делінген. Олай болса неке қалжыңдасуға да тыйым салынған амалдарға жатады екен.
Себебі, Ислам діні ақ неке арқылы құрылған жанұяның баянды болғанын қалайды. Сондықтан да, Ислам ғалымдары ажырасуға көбіне оң көзбен қарай бермейді.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, кейінгі кездері жастарымыздың арасында қалаған уақытта үйленіп, қалаған уақытта «талақ» деп ажырасып кете салуы қоғам дертіне айналып келеді. Бұл келеңсіз жағдайлардың алдын алудың жолы – некенің мәні мен маңызын түсіну және Ата-ананың балаға берген ізгі тәрбиесі болмақ. Себебі, әрбір ата-ана баласына жақсы тәрбиеден басқа маңызды еш нәрсені мұра етіп қалдыра алмайды. Хәкім Абайдың сөзімен айтқанда: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады».
Сөз соңы, еліміздің көркейіп–гүлденуі, ұрпақтарымыздың шат-шадыман, бақытты тұрмысқа кенелуін қаласақ, неке ұғымын дұрыс түсініп, үлгілі отбасын құрайық. Қала берді осы бақытты шаңырақ ішінде келер ұрпаққа саналы тәрбие беріп ел азаматы, иманды да ибалы қыз балаларды тәрбиелейік, ағайын.
Қалмахан ЕРЖАН,
теология ғылымының докторы, доцент,
«Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті,
Дінтану кафедрасының меңгерушісі