Құран, иман келтірген мұсылмандарды мағруфқа шақыруды бұйырады:
«Сендердің араларыңда мынадай жамағат болсын, олар басқаларды игілікке шақырып, жақсылыққа үндесін. Жамандықтан тыюға тырыссын. Міне, осылар нағыз мақсатына жеткендер» .
Аятта адамдардың арасында жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын бір топ болсын деп әмір етілген. Жақсылыққа, туралыққа шақыратын адамның өзі әуелі осы қасиеттерді жүріс-тұрысымен дәлелдеп, адасқандарға бағыт-бағдар бере білетін темірқазықтай болуы керек. Егер қоғамда жамандықтан тыяр көкірек көзі ояу тұлғалар жоқ болса, ондай қоғамның құлдырап шөгуі заңды. Адами құндылықтар аяққа тапталған қоғамның алысқа ұзап бара алмайтынына тарих куә.
Басқа бір аятта Алла Тағала: «Жақсылыққа шақыр, жамандықтан тый» деп бұйырады.
Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Араларыңнан кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл – иманның ең әлсізі» дейді.
Егер келеңсіз жайттар ислам кең тараған мемлекеттерде орын алған болса, мұны мемлекет заң шеңберінде тоқтатады. Бұл – қолмен түзету. Ал заң тұрғысынан тыйым салынбаған жерде ешкімді де қолмен түзету мүмкін емес. Тек үгіт-насихатымыз арқылы қоғамға зиянды дүниелерді ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, халықты жамандықтардан арылту үшін атсалысу керек.
Жамандықтарды мемлекет заңмен тыймаса, қоғам оған бой алдырып жатса, ол қоғамның көсегесі көгермейтіні айдан анық. Егер қоғамда аталмыш дерттермен күрес болмаса, Алла олардың басына ауыр азап жіберуі мүмкін. Бұған да – тарих куә.
Сондықтан да Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың хадистері қоғамдағы індеттердің алдын алудың жолдарын көрсетіп, жақсылықты уағыздап, жамандықтан тыюға шақырады.
Осындай хадистердің бірінде: «Мүміндердің күші басым ортада қандай да бір келеңсіздік орын алса, осы келеңсіздікті тудырған адаммен бірге оны көре-біле тұра тыюға атсалыспаған жақсы-жайсаңдар да бірдей жазықты болады. Осыған орай тартатын жазалары да бірдей болмақ» делінеді.
Ал, келесі бір хадисте осынау абыройлы міндет дер кезінде жүзеге асырылмаса қоғамның ауыр жағдайға ұшырайтыны былайша ұғындырылады:
«Жанымды уысында ұстаған Аллаға ант етейін! Адамдарға жақсылықты жайып, жамандықтан тыясыңдар, олай етпеген жағдайда Алла Тағаланың жіберетін азабы тым жақын. Одан соң қаншама жалынып-жалбарынсаңдар да дұғаларың қабыл болмайды!».
Өздері жақсылық жасап, алайда, оны басқаларға уағыздамаған адамдардың жағдайын пайғамбарымыз: «Олардың жағдайлары түскен жеребе бойынша бір жартысы астында бір жартысы кеменің үстіне отырған жолаушыларға ұқсайды. Астында отырғандар үстіндегілерден су сұрап, олардың мазасын алады. Алайда, үстіндегілер астындағылардың бұл өтінішіне тас кереңдік танытып, құлақ аспайды. Астындағылар, амал жоқ, қолдарына балта алып кеменің түбін тесе бастаған кезде төбедегілер келіп «бұл істеп жатқандарың не?» деген кезде төмендегілер «біз су алар кезде сендерді мазаладық, алайда, біз суға мұқтажбыз. Енді сіздерді мазаламай-ақ суға қол жеткіземіз» дегенде үстінде отырғандар оларды тоқтатса әрі өздерін, әрі төмендегілерді де құтқарады. Егер оларды тоқтатпаса өздерін де, төмендегілерді де өлімге итермелейді» деп көркем бейнелейді. Сондықтан үстіндегілердің төмендегілерге қолұшын беруі әрі-беріден соң өздері үшін қажет.
Қоғамды кеме деп алсақ, осы кемедегілердің тағдыры ортақ болғандықтан олар бір-біріне көз жұмып қарамауы керек. Шырақтың отымен келесі шырақты тұтатсаң, бұдан бірінші шырақтың оты кеміп қалмайды, керісінше, екі шырақ жанса жарық та жылу да мол болады.
Бір хадисте: «Кімде-кім жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса сол адам жер бетіндегі Алланың, Кітабының және Расулының халифасы», – деп Алланың өзінің жер бетіндегі халифасы етіп жаратқан адамның осы ұлық дәрежеге лайық болу міндетін айтады. Бұл – біздің Алланың разылығына бөленуімізге септігін тигізетін аса маңызды себеп. Бұған дәлел ретінде мына бір хадисті де келтіруге болады: «Пайғамбарымыз құтба оқып тұрған кезде мешітке бір адам кіріп, Одан: «Адамдардың ең жақсысы кім?» деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз: «Ол жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған, көп оқыған, әрі сол оқығанын көңіліне тоқыған, Алладан қорқатын және туыстық қатынастарын үзбеген кісі» деп жауап берген. Бұл істің маңыздылығына байланысты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың арасында олардың азаптарына көніп, олармен бірге болған, олардың ыстығына күйіп, суығына тоңған мұсылман олардан оқшау тұрып қиындықтарына төзе алмаған мұсылманнан артық мол сауап алады» дейді. Бұл хадистен түсінгеніміздей, жамандықтың кең етек жайып, қоғамның әбден шіруге жақын қалған кезінде құлшылық етуден артық іс – осы жақсылықты жаю ісі. Егер бұл қасиетті міндет басқа құлшылықтардан артық болмағанда Алланың елшісі үйінен шықпай, үнемі Алладан келген нұрлы шағылдардан ләззат алып отырар еді. Алайда, бұл жауапты міндет болғандықтан пайғамбарымыз дінді жатпай-тұрмай насихаттаумен болды. Бір хадисінде пайғамбарымыз «дін – насихат» деп үгітсіз діннің болмайтынын айтқан-ды. Айтып қана қоймай бүтін болмысымен дәлелдеп, іс жүзінде көрсете білді.
Алла елшісі өмірінің соңғы деміне дейін адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюмен болды. Ол бұл қастерлі міндетті кемшіліксіз орындады. Бүкіл әлемге рақым алып келген Ұлы елші имансыздықтың қараңғы қапасындағылардың иманның нұрлы даңғылына шығуы үшін бір сәт болсын тыным таппай бар күшін жұмсады. Бір адам болса да оған ақиқатты насихаттамайынша көңілі жай таппай, мазасыз күй кешетін. Тіпті, тамақ ішіп-жеуге зауқы да соқпайтын.
Қай жерде көпшілік жиналса, сол жерге барып адамдарды хақ жолға шақыратын. Бұл жолда талай мазаққа ұшырап, қорланса да ешқашан мойымады. Оның адамдарды құтқарсам деген алып-ұшып, толқыған көңілін басу үшін Құран «Олар иман келтірмеді деп өзіңді-өзің жеп бітіре жаздайсың» немесе «Бұл Құранға сенбеді деп, арттарынан қалмай күйзеліп біте жаздайсың»дейді.
Адамдарға ақиқатты жеткізсем деген асыл ниетпен Таифқа жасаған сапарында ол жердің халқы ақиық елшінің сөздеріне құлақ аспақ түгілі оның өзін таспен атқылап, үсті-басын қан жоса қылған еді. Сол кезде көңілі жүдеп қалған рақым пайғамбары ағаштың көлеңкесінде қолын жайып, Аллаға мұңын шағып дұға етіп жатқанда, қасына біреу үнсіз жақындап келіп, табағындағы бір шоқ жүзімді Алла елшісіне (с.ғ.с.) ұсынады. Екі әлем сардары қолын табаққа созып, «Бисмиллаһ» деп бастайды. Жүзімді ұсынған Аддас атты құлдың құлағына бұл сөз мүлдем өзгеше естіліп, ол қатты таңырқап: «Сен кімсің?», – дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ақырғы елші әрі ақырғы Нәбимін!» – деп, жауап қатты. Аддас сан жылдар бойы көктен іздегені қасынан табылғанына таңғалып әрі қуанып, сол мезетте иман келтіреді.
Егер осы жайт болмағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Таифтен мұң мұхитын кешіп қайтар еді. Бұл мұң өзіне жасалған жәбірден туған мұң емес. Бұл мұң ең болмағанда бір адамға болса да ақиқатты жеткізе алмағаннан туған кесе түбіндегі судай мөлдір мұң болатын. Алайда, Ол Аддастың ақиқат ауылына жалт бұрылған шалт қимылына сүйсініп қайтты. Пайғамбарымыздың жанарынан жылт еткен қуаныш жасы күзгі желдің өтінде қалтыраған жапырақ өмірден бақиға үзіп алып қалған тәбәрік тәрізді… Рақым пайғамбары Аддасты осылайша тапты.
Тіпті, ол өзіне қастандық ойлап, өлтіру үшін неше түрлі айла-тұзақ құрған дұшпандарының өзінің есігін қаншама рет қақты десеңізші. Әбу Жәһил мен Әбу Ләһәбтарға да сан рет барып, ақиқатты қабылдатуға тырысқан-ды. Не керек, мелшиген жақпар тастай меңіреу мейірімсіздіктің тот басқан есігін айқара ашу қиын көрінді. Ақиқатқа жүрек сарайларын тас қылып бекіткен бақытсыздар иманнан нәсіптерін сол күйі ала алмай кетті.
Пайғамбарымыз немере ағасы Әбу Тәліптің иманға келуін жан-тәнімен қалайтын. Әбу Тәліп өлім төсегінде жатқан кезде қасына барып: «Лә иләһә илләлаһ» деп айтшы, ақиретте саған шапағат етейін» дейді. Бірақ, Әбу Тәліп ол қасиетті сөзді айта алмай жан тапсырады. Соған қарамастан Рақым пайғамбары: «Маған Алла тарапынан тыйым салынбайынша саған жарылқау тілеуді үзбеймін» дейді. Алайда, Алла Тағала: «Пайғамбар мен мұсылмандарға мүшіріктердің жаһаннамдық екендігі айқындалғаннан кейін олар өз жақындары болса да жарылқау тілей алмайды»деп пайғамбарымызға тыйым салған-ды.
Әбу Тәліптің мұсылман болуын қалағаны сияқты басқа да өзінің жұмсақ жүрегіне сызат түсіріп, сына қаққан қаншама адамдардың һидаятқа (тура жол) келуін қалап, оларды исламға шақырған болатын. Пайғамбарымыздың жан серігі, Алланың арыстаны, айбарлы Хамзаны (р.а.) өлтірген Уахши, мұсылмандарға дұшпандығы мен қастандығы әкесінікінен екі есе асып түсетін Әбу Жәһилдің баласы Икрима, Ұхұд шайқасында жетпіс шақты хас сахабаның шейіт болуына себепкер болған Халид ибн Уәлид, мүшіріктердің айлакер саясаткері Амр ибн Ас сияқты тұлғалар әуелі Алла, содан кейін Алла елшісінің талмай, үмітін үзбей һидаятқа шақыруының нәтижесінде ислам шуағына бөленген еді.
Кімнің мұсылман болып-болмайтынына байланысты біз өз пікірімізді кесіп айта алмаймыз. Басында дұшпан болған көптеген адамдар өмірінің соңына дейін, әйтеуір бір тәубеге келіп, мұсылман болуы әбден мүмкін. Жоғарыда айтылғандар бұған айқын куә. Тіпті өмірінің көп бөлігін мүшірік болып өткізген меккелік мүшіріктердің беделді тұлғасы Әбу Суфиян және Исламға дұшпандығымен танылған оның әйелі Һинд те соңында мұсылман болған жоқ па еді?! Сондықтан ешкімнен күдер үзуге болмайды. Уақыты келгенде кез-келген жанға Алла тура жол нәсіп етуі бек мүмкін.
Осыған байланысты Хакам ибн Қайсанның оқиғасын айта кеткен жөн. Миқдат ибн Амр былай деп әңгімелейді:
Мен Хакам ибн Қайсанды тұтқынға алдым. Қолбасшымыз оны өлтіргісі келді. Мен оған «Оны өлтірме, Алла елшісіне алып барайық» дедім. Пайғамбарымыз оны үнемі исламға шақыруын қоймады. Бұл жағдай тым ұзаққа созылды. Сонда да Хакам мұсылмандықты қабылдамады. Хазірет Омар: «Уа, Алланың елшісі! Неге бұл адаммен сонша сөйлесесің. Ант етейін, ол ешқашан да мұсылман болмайды. Маған рұқсат бер, басын шауып жанын жаһаннамға жіберейін» деді. Алла елшісі бұны құптамады. Оған жауап та бермей сабырлық көрсетті. Ақырында Хакам мұсылман болды. Омар «таңғаларлық мына іске қараңыз, әлгі адам мұсылман болды. Мені осылайша бір қызартты. Өз-өзіме «Алла елшісінің менен жақсы білген мәселесінде қалайша оған қарсы шықтым. Алайда, менің бар мақсатым – Алла пен Оның елшісіне қызмет ету еді» дейді.
Адамдарға ақиқатты талмай насихаттау – біздің міндетіміз, ал һидаятты (тура жол, иман) нәсіп етуші – Алла. Неге қабылдамады деп ада-күде күдер үзуімізге хақымыз жоқ. Алла пайғамбарымызға: «Сен жақсы көргендеріңді тура жолға сала алмайсың. Бірақ Алла қалағанын тура жолға салады» дейді. Пайғамбарымыз адамдар ақиқатты қабылдамай, тіпті, қасақана теріс айналып жатқанда торығып, дағдарып, басқаларға кінә артпай, міндетін үзбей жалғастыра берген.
Хайбар шайқасында туды хазірет Әлидің қолына табыс еткен нұр пайғамбар (с.ғ.с.) оған: «Айқасқа кіріспес бұрын асықпай, абайлап әрекет жаса. Оларды әуелі исламға шақыр. Егер мұсылман болса, мал-жандарын аман сақтайды. Ақиреттегі жағдайлары Алланың қолында. Ей, Әли! Аллаға ант етейін, сенің себепкерлігіңмен бір кісінің болса да тура жолға келуі жер беті толған қызыл түйені Алла жолында беруіңнен де артық» деп һидаяттың қандай қымбат және оған берілетін сыйдың да баға жетпес екенін білдірген-ді.
Егер бұған да көнбесе, амал жоқ, соғысуға тура келетін. Бұл дәстүрді пайғамбарымыздың өмірі мен әділ халифалар және басқа да мұсылман басшыларының өмірінен айқын көре аламыз.
Дінді айтып жеткізу – Алла елшісінің бірінші міндеті еді. Міне, сондықтан Оның көрсеткен табандылығының нәтижесінде Оның әрбір ізінен жаңылмай басқан сахабалар жамағатында да бұл сезім нық орныққан-ды. Осының нәтижесінде Алла да оларды қорғап, дінді көркейтті. Сахабалар төрткүл дүниеге дінді жеткізе білу үшін жақсылық жолында бір-бірімен жарысқан-ды. Кейбір сахабалардың білгендері бірнеше сүре мен бірнеше ғана хадис болды. Бірақ, олар сол білгендерімен шынайы амал етіп, соны әлемге жаюға тырысқан-ды.
Ақиқатты шартарапқа жаюда Мусғаб ибн Умайырдің, жаны жаннатта шалқысын, орны бір төбе. Мұсылман болған кезде не бары он жеті жастағы жігіт болатын. Соған қарамастан жүрегінде бүршік жарған иманы тыным таптырмады. Мәдиналықтар пайғамбарымыздан дінді үйрету үшін ұстаз сұрағанда адамзаттың ардақтысы бұл аса жауапты іске Мусғабты тағайындады. Меккеден Мәдинаға Алланың дінін жаю мақсатында тәуекелге бел буып, жалғыз өзі аттанды. Меккеден келген қадірлі қонақты Мәдинада Әсәд ибн Зурәрә өз үйіне түсіреді. Ел-жұртын тастап келген Мусғаб ибн Умайыр мәдиналықтарға ислам негіздерін бар ықыласын салып үйретеді. Өзіне келгендерге Хазірет Мусғаб: «Бауырым, алдымен менің не дейтінімді тыңда. Егер ұнаса, қабыл етерсің, ұнамаса, міне – мойным, шабам десең өзің біл. Мен ешқандай қарсылық көрсетпеймін» дейтін. Осылайша қылышын білеп, қаһарын төгіп келгендердің жүрегі иман нұрына шомылып қайтатын. Қабағынан қар жауып келгендердің онымен сұхбаттасқан соң көңілдері елжіреп шыға келетін.
Мәдинадағы танымал адамдардың көпшілігі Мусғаб ибн Умайырдың уағыздауымен исламды қабылдады. Олардың арасында Үсәйд ибн Хүдәйр, Сағд ибн Убәдә, Сағд ибн Муаз сияқты атақты сахабалар бар еді.
Ислам әлеміне аты әйгілі Әбу Һурайра да ең алдымен Аллаға иман келтіруді өз жақынынан бастағанды жөн көрді. Ол ислам уызының ләззатынан анасының да мақрұм қалмауын қалады. Жөргегінен әлпештеп, аялап, әкесінің жоқтығын сездірмей тәлім-тәрбие берген анасының исламды қабылдауы үшін қолынан келгенін аямады. Алғашында анасы, қас қылғандай, қасарысып бақты. Әбу Һурайра исламның әсемдігін айтқан сайын анасы пайғамбарымыздың мүбарак атына тіл тигізіп, ауыр сөздерді қарша борататын. Көп уақыт осылай өтті. Амалы таусылған Әбу Һурайра тілектері сөзсіз қабыл болатын Алланың сүйіктісіне уайымын ақтарып: «Расулалла, анамды қаншама рет исламға шақырдым, иілетін түрі жоқ. Онысымен де қоймай, сіздің қасиетті атыңызға ауыр сөздер айтады. Бұдан былай шыдай алар емеспін. Анамның тура жолға түсуі үшін Аллаға дұға етуіңізді өтінемін» деді.
Адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с.) оның өтінішіне құлақ асып, дұға жасады. Оның дұғасын Алла Тағала аяқасты етпейтінін жақсы білген Әбу Һурайра үйіне құстай ұшып жетіп, есікті қағады. Іштен анасының «күте тұр» деген жарқын даусын естіп, жүрегі атша тулап бөгеліп қалады. Иман келтіргеннен кейін бой дәрет алу керектігін де үйренген анасы осыларды орындап болған соң ұлына есік ашып, «Балам, мен де сенің айтқандарыңды қабылдаймын: «Лә иләһә илләллаһ, Мухаммадур-Расулулла» деп тілін кәлимаға келтіреді. Мұны естіген Әбу Һурайраның төбесі көкке жетті. Бір сағат бұрын Алла Расулына (с.ғ.с.) мұңын төгіп жыласа, енді сүйінші сұрау үшін оған қарай құстай ұшты.
Бұл – қасиетті пайғамбарлық жолы. Бұл жолға шақыруда адам ақылы мен ар-ожданы, жүрегіндегі мейірімі мен парасаттылығын қатар қосып қолданғанда табысқа қол жеткізуі мүмкін. Хақ дінге сенгендер үшін бұл пайғамбарлардан мұра боп қалған сара жол.
Атақты қолбасшы Амр Ибн Астың (р.а.) өлім аузында жатқан кезінде айтқан сөздері де біздерге ерекше ғибрат берерлік. Ол баласына «Балам, менің өмірімде мені елеңдеткен ерекше үш кезең бар. Алғашқы кезеңім күпірлік ішінде өтті. Алланың елшісі мен мұсылмандарға көрсетпеген дұшпандығым қалмады. Әр кездескенімде оларға қарсы тұрдым. Эфиопияға қоныс аударған кезде ол жерге де барып мазаларын қашырдым. Бірнеше шайқаста мұсылмандарға қарсы қылыш сермеп соғыстым. Сол кездері менімен бірге болғандардың біразы күпірлікпен өліп кетті. Алла Тағала мені аман сақтап, тура жол несіп етті. Міне, өмірімнің сол алғашқы кезеңінде өліп кетпегенім үшін күндіз-түні Раббыма мадақ айтып шүкіршілік еттім.
Екінші кезеңде үнемі Алла елшісімен бірге болдым. Одан ешқашан ажырамадым. Міне, бұл кездегі өмірім кіршіксіз таза еді. Көптеген сахабалар осындай мөлдір кезеңдерінде жан тәслім етті. Ал мен болсам, өлмей қалдым. Сол кезеңде өлмегенім үшін «әттең-ай, өлім маған сол кезде келсейші» деп үнемі қайғырумен болдым.
Үшінші кезеңде пайғамбарымыз ұлылардың ұлығының жанындағы бақилық мекеніне көшіп кетті. Ол ортамызда жоқ еді. Туындаған шиеленісті жағдайлардың шешімін өзіміз табуға тырыстық. Бұл кезеңде көңілімді мазалаған кейбір уақиғаларға араластым. Міне, өлім маған осындай бір кезеңде келді. Сондықтан да, қобалжудамын…» деп іштей маза бермеген шерін жеткізген-ді.
Біздің мұнан алатын сабағымыз, осы жандар сияқты өзінің һидаят уақытын күтіп жүрген қоғамда қаншама жандар бар десеңізші. Амр ибн Ас сияқты жандардың өмірлерінің екінші және үшінші кезеңінің таза болуына себепкер бола алсақ, олардың маңдайлары сәждеге тиіп, шарқ ұрып жүріп соңында тапқан Аллаға шүкір еткендеріне куә болар едік.
Иман нұрына таңсық қаншама таза жандар бар. Ешбір пенде өз қалауымен бақытсыздыққа душар болуды қаламайды. Жалған өмірдің көзбояушы құмарлықтары көптеген жандардың көздерін арбап, өзіне тартуда. Алайда, бұл өткінші дүниенің алдамшы бақыты мәңгілік бақытқа құштар адам баласының рухани сұранысын толық қанағаттандыра алмайды.
Жақсылыққа шақыру жауапкершілігі – Алла алдындағы міндетіміз. Олай болса, иман еткен әрбір кісі бұған өзіне жүктелген міндет ретінде қарап, намазға ұмтылғандай осы іске де ұмтылуы керек. Әсіресе, бұл міндет жамандықтың кең тамыр жайған кезінде жеке парыздардың да алдына шығады. Ал бұл істі сезініп орындаған адамның бұл дүниесі де, ақиреті де жемісті болмақ. Біреу кітап жазып түсіндірер, біреу көркем тілімен уағыздар, біреу тамаша мінезімен көрсетер. Әйтеуір әркім өз шама-шарқы жеткенше бұл істі жасауы – мойнындағы борышы. Жақсылықты жаю – мұсылмандықтың нышаны. Ал, кім қалай жайса да, мұндағы басты мақсат – Алланың разылығын көздеу болып табылады. Әйтпесе, бұл қасиетті іс жеміс бермейді, жеміс бермек түгілі ақыретте зардабы да тиюі мүмкін. Алла тек Өзінің разылығы үшін жасалған ықыласты амалдарды ғана қабылдайды. Алла бұл істің маңыздылығы мен үнемі жалғасу керектігін: «Сендер адамдардың арасынан шығарылған жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын, Аллаға сенген қайырлы үмбет болдыңдар», – деген аятта білдіреді.
Қайырлы үмбет болудың шарттары «жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю». Міне, осы міндет орындалған кезде үмбет әрқашан да басқа адамдардан артық, қайырлы болып, бүкіл адамзатқа игілік пен адалдық жолында ұстаздық жасайды. Исламның әлемдік мәдениетке үлес қосуы осы міндеттің дұрыс орындалғанына байланысты. Сахабаларды да тарихта үстем қылып, қайырлы еткен осы сипат болса, бұдан кейін келетін ислам үмбетінің қайырлы болуының шарты да осыдан келіп шығады.
Пайғамбарымыздың: «Күн мен түн болған барлық жерге бұл дін жетеді. Алла бұл дінді лайдан және жүннен жасалған барлық күркеге кіргізеді. Ұлылар ұлылығын, қорланғандар қорлығын табады. Бұл сондай бір ұлылық – Алла онымен ислам мен мұсылмандардың даңқын арттырады. Ал күпірліктің ішіндегілерді қорлап, дәрежесін төмен қылады» деген хадисі исламның бүкіл әлемге өркен жаятынын паш етеді. Пайғамбарымыздың бұл айтқандары басқалар қаласа да, қаламаса да, біздер уағыздасақ та, уағыздамасақ та келері анық. Алла бізге емес, керісінше, біз Оған мұқтажбыз. Олай болса, бұл қасиетті керуеннен тыс қалмауға әрекет жасап, Алла разылығын көздеуіміз керек. Ол өзінің разы болған құлдарына сөзсіз жоғары мәртебелерді несіп етеді. Бұл турасында аятта: «Егер Аллаға жәрдем етсеңдер, ол да сіздерге жәрдем етеді» деп кепілдік берілген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Алланы құлдарына сүйдіріңдер, Алла да сендерді жақсы көріп, басқаларға жақсы көргізеді» деу арқылы Аллаға сүйікті құл болудың Оны өзгеге танытып, сүйдірумен жүзеге асатындығын білдіреді. Алланың разылығына бөлену – Оны сүйдіруге байланысты. Бір құдси хадисте «Құлымның ғибадатының маған ұнамдысы Мені танытуы мен Менің атымнан насихат етуі» деуі – біздер үшін көрсетілген ең жоғарғы меже.
Заманымызда әмру биль-мағруф, нәхию әниль мункәр (жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю) – өткен ғасырлардан да ауыр мойнымызға жүктелген борыш. Өйткені, адамзат тарихы дәл қазіргідей деңгейде осыншалық дінсіздікке, имансыздыққа душар болған емес.
Бұл жол – Адам атадан басталып кейінгі бүкіл пайғамбарлардың жалғастырған сара жолы. Жер бетінде жақсылықты жайып, жамандықтан тыю мен дінге қызмет етуден артық қызмет жоқ. Егер бар болса, Алла өзінің таңдап жіберген елшілеріне осы қасиетті міндетті жүктер еді. Жақсылықты жаю көктегі жарқыраған күндей адамдарға жарық беріп, Алланы таныту және адамдарды өздерінің таза табиғатына қауыштыру тұрғысынан пайғамбарлар үшін ең жоғарғы мәртебе және Алланың алдындағы ең таза міндет. Біздің намаз оқуымыз, ораза ұстауымыз, зекет беруіміз, қажылыққа баруымыз жеке мойнымыздың міндеті болса, жақсылықты жаю – қоғам алдындағы борышымыз. Басқаларға ақиқатты қабылдатқызудың ең сенімді және ең тиімді жолы – сөзіміз бен ісіміздің бір жерден шығуы әрі көркем мінез көрсете білу. Бұл мәселеде де пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) сахабалар және олардан кейінгі ислам ғұламалары осы қасиеттерімен ерекшеленген-ді. Абдулла Ибн Рауаха пайғамбарымыздың бұл қасиеті жайлы: «Егер ол ашық мұғжизалармен келмеген күннің өзінде Оны бір рет көру – Оған сену үшін жеткілікті болатын» десе, иаһудилер ғалымы Абдуллаһ ибн Сәлам: «Бұл жүзде иненің жасуындай да жалғандық жоқ» деп мұсылман болған-ды. Иә, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әр қимылы, сөзі оның Алланың елшісі екеніне куәлік ететін.
Оның жетілдірген шәкірттері де айналасына нұр шашқан үлгілі жамағат болатын. Эфиопияға һижрат еткен бір топ мұсылманның бойынан көрген ерекше қасиеттер олардың өзін-өзі ұстаулары мен сөздеріндегі салмақтылық пен шынайылықтары сол елдің патшасы Нәжәшиге ерекше әсер етіп, мұсылманшылықты қабылдауына себепкер болған-ды. Ол пайғамбарымызға сәлем жолдап: «Уа, Расулаллаһ, қаласаң дәл қазір жаныңа барайын. Қаласаң, осы жерде қалып халқымды дінге шақырайын» десе, тағы бірде Алланың елшісімен бірге болу тілегін: «Әттең, бұл патшалықтың орнына Алла елшісінің қызметшісі болсам ғой» деп тілге тиек еткен-ді. Меккелік мүшіріктер мұсылмандарды қаншалықты жамандап бақса да, парасаты биік билеуші мұсылмандардың бойындағы қасиеттерге тәнті болып, мүшіріктердің айтқанын қабылдамай мұсылмандарды өз қорғанына алған болатын. Міне, осылайша пайғамбарымыздың тәрбиелеп, жетілдірген жамағаты аса көркем мінезді тұлғалар болғандықтан аз уақыттың ішінде дүниенің түкпір-түкпіріне ислам шуағы тарап, қараңғы қалтарыстарға жарық түскен-ді.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
исламтанушы,
теология ғылымының докторы