«Бүркеу», «жабу», «жасыру» мағынасын білдіретін «жын» сөзін исламға дейінгі дәуірде арабтар көзге көрінбейтін тылсым күш саналған жындар мен періштелерге және қабір иелері мен ордалы жыландарға қатысты қолданған (Жәуһари, Сиһаһ, 5, 2093). Жаһилиет кезеңінде арабтар кейде періштелермен бірге сайтанды «жын» деп атаған (Әнғам, 100), Саффат, 158-159). Д.В.Магданольдтің пайымдауынша «жын» сөзі латын тіліндегі «Genius» терминінен шыққан көрінеді. Себебі, байырғы латын халықтары жындардың бір тобын «Ginni» деп атаған екен (.Д.В.Магданольд, IA, 192-193). Яғни, «жын» сөзі араб тіліне кірме сөз саналады.
Жалпы, әлімсақтан бері әлем халықтары жындардың бар екеніне иланған. Алла-Тағаладан кітап түскен яһуди және христиан қауымдары да -жындардың бар екеніне сенеді (Тасние, 3216-17, Мазмурлар, 10637, Жоһан 848-49, Лұһа, 728-34. Ал, жаһилиет дәуіріндегі арабтардың жын туралы түсінігінде ислам ақидасына теріс көптеген ұғымдар орын алды. Арабтар жындарды үңгірлер, таулар, тоғайларды және пұттардың ішінде мекендейді деп, оларды Құдайдың қыздары деп түсінетін. Кейбір араб тайпалары жындарды дұға-тілекті Тәңірге ұластырушы күштер деп білетін. Пұттардың ішіндегі жындарды «хатиф» деп атап, онымен тілдесу қасиетіне ие қабілетті балгерлер мен сәуегейлерді «қаһин» деп атайтын. Сонымен бірге, арабтар ақындар мен шешендерді ділмар ететін «халил» деген жындардың болатынына сенетін. Олар әрбір елдімекеннің, тіпті әрбір үйдің жын иесі болады деп нанатын. Бір аймаққа жаңадан қадам басардан бұрын есек тәрізді аңырап, қоян сүйегін жеп, сол жердегі жынның сеніміне кіретін. Йемен арабтарынан басталған жындарға табыну салт-жорасы араб тайпаларында кең етек жайған еді.
Исламдағы ақида мәзһабтарының барлығы жындардың бар екенін бірауыздан мойындайды. Себебі, Алла-Тағаланың Құран-Кәрімде жындарды жаратқандығы айтылған (Мудассир, 31). Осыған орай мутакәллимдер тылсымда жындардың бар екенініне иланудың уәжіп екенідігін алға тартады. Мутакәллимдер арасында жынның толық анықтамасын беруде әртүрлі көзқарастар болғанымен, олар бірауыздан жындардың оттан жаратылғанын (Ағраф, 11-12, Сад, 75-76), жынысқа бөлінетінін, көзге көрінбейтін нәзік және сезілмейтін иісі мен тыныс алу, сүйек-саяқ, лас азықтармен қоректенетін қасиеттері бар екенін мойындайды. Сондай-ақ, адам тәрізді жындарда да ақыл мен қалау сипаттары бар деп білді. Осыған байланысты ислам қайнар-көздерінде жындардың Алла Елшілерінің (с.ғ.с.) насихаттарына мойынсұнуға шақырылғандығы айтылады. Мысалы, Құран-Кәрімде Хз.Мұса (с.ғ.с.) пайғамбарға жындардың иман келтіргендігі баяндалады (Аһкаф, 30). Сондай-ақ, Ұлы Жаратушы Құран-Кәрімде Пайғамбарлық миссияны тәмамдаушы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) де жындарға Елші ретінде жіберілгендігін жеткізеді (Жын, 1-2).
Сира шығармаларында Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Тайф сапарынан Меккеге оралғанда, басқа бір риуаяттарда Меккеден Уқаз жәрмеңкесіне аттанғанда Нахла деген жерде «Ниноба» жындарына жолығып, Құран аяттарын оқып, оларды исламға шақырғандығы баяндалады. Осы оқиға кезінде жындардың бір бөлігі кәлима-шаһадат келтіреді (Ибн Хажар, әл-Исаба, IV, 90). Сонымен бірге, хадис жинақтарында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) басынан «Жын түні» оқиғасын өткізгендігі баяндалады. Осы оқиғада Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бір түн жоқ болып кетіп, таңата Хира жақтан келіп, ол (с.ғ.с.) сахабаларына сол түні жындарға исламды насихаттағандығын айтқан (Муслим, Салат: 150, Ахмад бин Ханбал, Муснад, 1, 416). Бұдан бөлек діни дереккөздерде де Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) Мәдинаның сыртындағы Бақи мен Хажунда жындардан келген делегацияны қабылдап, оларға Хақ дінді насихаттағандығы көрсетілген.
Жындардың исламға мойынсұнғандары «мұсылман жындар», Ібілістің соңынан ергендері «кәпір жындар» деп аталады. Мұсылман жындардың адамға қастығы жоқ, ал кәпір жындар мұсылмандарға дұшпандық жасауға бейілді болып келеді. Исламнан бұрынғы дәуірде адамдар жындармен байланыс құра алатын. Ал, ислам шариғаты жындармен байланыс жасауға тиым салды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) үмбетіне кәпір жындардың кесапатынан қорынудың дұғалары мен амалдарын көрсетті.
Қазақ фольклорында жындар – еркілік, иек, жексұрын, әбілет, үббе, көнаяқ, обыр, шимұрын, сөрей, айна, тайран, кербез, томпақ, албасты, кесір, кеще, пері, дәу, әжине, малғұн, мекер, жезтырнақ және т.б. атаулармен аталады. Жынмен байланысатын еркек бақсы немесе құшынаш, ал әйелді – елті, жалмауыз, мыстан деп атайды.
Мұхан ИСАХАН,
дінтанушы