Ғаламшардың барлық аймақтарында климаттың өзгеруі байқалуда. Бұл процесс жылдам қарқын алып, оның салдары орны толмас жағдайларға әкелуде. Бұл туралы Женевада жария етілген Климат бойынша үкіметаралық сарапшылар тобының баяндамасында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтар орталығына сілтеме жасап.
Орны толмайтын қауіпті өзгерістер
Бүгінде адамзат қызметінің қатысуымен болған жаһандық жылыну ғаламшардың барлық аймақтарында экстремалдық ауа райының көптеген жағдайларының орын алуына әкелген. Бұдан бөлек, ғалымдардың мәліметтерінше, Жер ғаламшарының барлық климаттық жүйесі өзгеріп, бұл өзгерістер атмосфера, теңіздер, Жердің мұз қабықтары мен топырақ бетіне әсер етіп отыр. Бұл өзгерістердің көбі орны толмас қайғылы жағдайларға себеп болуда.
Алайда, баяндама авторлары, яғни 66 елдің 234 сарапшысы адамзат климаттың өзгеруіне әлі де болса өзінің оң әсерін тигізетініне сенімді. Ол үшін атмосфераға зиянды заттар, соның ішінде парниктік газдың шығарылуын азайтып, сол арқылы ауаның сапасын қысқа мерзім ішінде айтарлықтай жақсартып, жаһандық температураны тұрақтандыруға болады.
Адамзат үшін дабыл белгісі
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің пікірінше, Жұмыс тобының баяндамасы – бүкіл адамзат үшін дабыл қағу белгісі. «Бұл – қатты дабыл, ал ұсынылған куәліктер даусыз», – деп түсіндірді ол ғалымдардың тұжырымын.
Ол халықаралық қауымдастықтың жаһандық жылынуды 1,5 градустан аспайтын деңгейде ұстап тұруға келіскенін, алайда алдағы уақытта шұғыл шаралар қабылданбаса, ол шамадан асып кететінін еске салды.
«Бұған қалай болғанда да жол бермеуіміз керек», – деп ескертті Гутерриш. Ол қарашада Глазгода өтетін климат жөніндегі конференция қарсаңында әсіресе Жиырмалық топқа кіретін барлық елдер климаттың өзгеруіне қарсы күреске бейілділігін растап, «нөлдік шығарынды» коалициясына қосылуы тиіс екенін атап өтті.