Әнәс ибн Мәликтен (Алла одан разы болсын) жеткізілген мына бір хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінбердің бірінші баспалдағына шығарда «әмин» деді. Екінші баспалдаққа шығарда тағы «әмин» деді. Үшінші баспалдаққа шығар кезде де «әмин» деді де,кейін мінбердің ең жоғарғысына шығып отырды. Сол кезде Муаз ибн Жәбәл (Алла одан разы болсын);
– «Уа Алланың Елшісі! Мінберге шығарда неге үш рет «әмин» дедіңіз?», – деп сұрады. Оған Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– «Мінберге шығарда жаныма Жәбірейіл періште келді де: «Уа Мұхаммед! Кімде-кім Рамазан айына жетіп, сол айдың құрметі үшін кешірімге ие бола алмай өмірден өтіп тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Сол кезде мен де «әмин» дедім.
Екінші баспалдаққа шығарда, «Кімде-кім ата-анасының қартайған шағында олармен жақсы мәміледе болмай, қайтқанда тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен де «әмин» дедім.
Үшінші баспалдаққа шығарда, «Кімде-кім сенің есімің аталған кезде салауат айтпай, дүниеден өтіп тозаққа кетсе, Алланың рақыметі мен мейірімінен алыс болсын», – деді. Мен тағы да «әмин» дедім», – деп жауап берген екен.
Хадисте айтылған үш мәселеде маңызды мәселелерден. Қасиетті мәуліт айында көбірек салауат айтуымыз керек.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Қиямет күнінде адамдардан маған ең жақын болатындар маған ең көп салауат айтқандар болады», – деді.
Пайғамбарымыздың «Мұхаммед» деп аты аталғанда ерекше әдептілік танытып құрметпен «оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын», «Аллаһумма салли ала Мухаммед», «Саллаллаһу ала Мухаммед» немесе «Саллаллаһу аләйһи уә сәлләм», дейтін болсақ салауат айту міндетін орындаған боламыз.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ