Бір үйдің теледидары бұзылып қалыпты. Үйге техника шеберін шақыртып, теледидардың артын ашып қараса, іші нан ұнтағына толып қалғанын көреді. Шебер теледидардың істен шыққан жерін қосып, күйген сымдарын ауыстырады. Сөйтіп, теледидардың бұзылу себебі нан қиқымынан болғанын айтып, оны кім салғанын анықтайды. Сөйтсе, бұған кінәлі үйдің төрт жасар кішкентай қызы екен… Анасы қызымен сөйлесіп, неге олай істегенін сұрады. Алған жауабы көзіне жас үйірерліктей еді… Кішкентай қыз теледидар экранынан Африканың аш балаларын көрген кезде, олар жесін деп нан қоқымдарын теледидардың арт жағындағы саңылауларына үнемі тастап тұрған екен…
Иә, балалардың санасы тұнық, жүрегі таза. Кейде үлкендерге мейірімділікті, жақсылық жасауды балалардан үйрену керек сияқты. Олар ешбір алғыссыз, риясыз істейді.
Бір күні көшеде келе жатыр едім. Бір кезде жанымда келе жатқан ұл мен қыз көшенің арғы бетіне жүгіріп өтті. Жолдың шетінде ауыр шанаға отын тиеген әже кетіп барады екен. Балалар әженің қолынан шананың жібін алып, сүйретуге талпынды. Шана ауыр болса керек, олар ұзақ жүре алмады. Бірақ балалардың осы әрекетінің өзі үлкен жақсылық болатын. Бұл жас кезімдегі көрініс көзалдымда қалып қойды. Балаларына қиналғанға жәрдем беруді, үлкенді сыйлауды, жақсылық жасауды үйреткен ата-анасына риза болдым…
Нағыз шынайы мұсылман айналасына мейірімді, жүзі жылы болады. Жүрегі Жаратушыға деген махаббатқа, сүйіспеншілікке толған адам барлық жаратылысты құрметтеп, көркем мәміле жасай алады. Ислам діні адамзат баласын тыныштық пен бақытқа бастайтын, тура жол нұсқайтын иләһи дін.
Ислам діні – ғажайыптар мен игіліктердің қайнар бұлағы. Діннің осыншалықты кереметін, тек жақсылыққа үндейтінін әрбіріміз түсінсек, барша әлем адамзаттың ақыл иесі екенін мойындар еді. Қарап отырсақ, қоғамда түрлі оқиғалар орын алып жатады. Сол кезде қанша қатыгез деген жанның өзі қолымен жақсылық жасайды, тым болмаса жүрегімен тілекші болады. Қазіргі таңда көптеп ұйымдастырылып жатқан қайырымдылық шаралары мен жақсылықта жарысуға қатысты үндеулер қоғамның бетбұрысын байқатады.
Өмірде жаны жұмсақ, жүрегі мейірімді жандар өте көп. Жығылғанды демеп, сүрінгенге жұбаныш болатын, жетімнің басынан сипап, жағдайы төменнің көңілін өсіретін кейбір жомарт жүректілерге риза боласың. Қазақстан президенті биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Мұндай шаралар қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайту үшін аса маңызды екені анық. Кәсібінен нәсіп тауып жүрген кәсіпкерлер, еліміздегі мешіттер жанынан құрылған еріктілер тобы да бұл істі әрі қарай жалғастыруда. Демек жұдырықтай жұмылған жерде жылылық болары сөзсіз, әрі алынбайтын қамал жоқ! Жақсылық жасау үшін көп ақшаң болуы маңызды емес, кішкене мейірімділік болса болғаны…
Хазіреті Омар былай деген: Бір күні Алла елшісіне (с.ғ.с.) тұтқындар әкелінді. Бір қарасақ тұтқындардың ішінен бір әйел аласұрып, жоғалған баласын іздеп жүр. Тұтқындардың арасынан сәби көрсе дереу оны кеудесіне қысып, емізіп жатты. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мына әйел баласын отқа тастайды деп ойлайсыңдар ма?-деп бізден сұрады. Біз: «Жоқ, отқа тастамайды»,-деп жауап бердік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мінекей Алла Тағала мына әйелдің баласына деген мейірімінен де аса мейірімді»,-деді.
Он сегіз мың ғаламдағы мейірімділік пен жақсылықтың көрінісі Алла Тағаланың рақымдылығынан бастау алады. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Хақ Тағала рақымдылығын жүзге бөлді. Оның тоқсан тоғыз бөлігін өзінің құзырында алып қалды. Ал қалған бір бөлікті жер жүзіне жіберді. Міне осы бір бөлік рақымдылықтың арқасында барша мақлұқат бір-біріне рақымдылық танытады. Тіпті биенің құлынына зиянын тигізбеу үшін аяғын көтеруі, осы бір бөлік рақымдылықтың әсері»,-дейді. Егер тірі мақлұқаттың өзі осындай мейірімге ие болса, адам атаулының жақсылыққа болыспауы ақылға сыйымсыз дер едім. Хадис шәріпте: «Рақымдылық танытқанға Рахман (аса рақымды) Хақ Тағала рақымдылық көрсетеді. Жер жүзіндегілерге рақымдылық танытсаңдар, көк жүзіндегілер сендерге рақымдылық танытады» делінген.
Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына қарап: «Жаным қолында ұстап тұрған Аллаға ант етейін, бір-біріңе мейірімділік танытпасаңдар жәннатқа кірмейсіңдер»,-деді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Баршамыз мейірімді жанбыз»,-десті. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Менің айтып тұрғаным, сендердің түсінгендерің секілді бір-біріңе деген мейірімділік емес. Керісінше күллі мақлұқатты қамтитын мейірімділік. Иә, күллі мақлұқатты қамтитын мейірімділік»,-деп, сөзіне түсініктеме берді. Адам бойындағы иман сезімі, рухани өрлеуі, кемелденуі мейірімділік сынды қасиеттерден бастау алса керек. Демек мейірімділіктің, қайырымдылықтың жемісі – жомарттық, қарапайым болу, жақсылыққа үндеу.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ