Қоғамда тағдырдың жазуымен жарынан айырылған жесірлерге немесе жалғыз басты көпбалалы аналарға, науқас сәбилер немесе жетімдерге жасырын және жария түрде көмек беруші жандар күн санап артып келеді. Құран Кәрімде Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)», – деген.
Сондай қайырымдылық жасауға жаны жақын адамдардың бірі – жеке кәсіпкер Жанат Төлегенұлы. Нұр-Cұлтан қаласының тұрғыны құрылыс саласында жұмыс істейді. Есімінің көп аталғанын қаламайтын кейіпкермен KazIslam тілшісі телефон арқылы тілдесті.
Кәсіпкердің айтуынша, Алла тағала бізге денсулық бергеннен кейін оның да зекеті, садақасы болады. Елімізде көмекке мұқтаж кісілер көп. Бірі ата-анасымен болса, екіншісі жетім болады. Біреуінің он екі мүшесі түгел болса, біреуінде кем болады. Сондықтан көмекте болғанымыз дұрыс деп санайды.
«Алғашқы кезде жұмыс барысында жағдайлары төмен отбасыларын өзіміз іздестіріп, көмек беретінбіз. Кейіннен «Зекет» қайырымдылық қоры арқылы қажетті қаражатты аударатын болдым. Қазіргі кезде өзіміздің кішігірім қорымыз бар. Көмекке зәру адамдарды мешіттегі имамдардан сұрастырамын, одан қалса ауылдағы жағдайы төмен адамдарға жәрдемдесемін. Көбінесе көзім көрген ауыр жағдайдағы жандарға көмектесемін. Олардың бірі – жолдасы апатқа ұшырап, бір ұлынан айырылып, қазір төрт баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана» ,-дейді ол.
Жанат ағаның ойынша, зекетті әрбір адам Алла разылығы үшін береді. «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» демекші, жасаған жақсылығынды жалпы жұртқа жариялаудың қажеті жоқ деп санайды. Дегенмен кейінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа, қазіргі жастарға үлгі, насихат болсын деген мақсатта айтуды жөн көрді.
«2010 жылы өзімнің туған ауылым Талдықорған қаласы Ешкіөлмес деген жерде мешіт салып бастап, 2012 жылы аяқтадық. Ол мешітке шамамен 200-дей адам сияды. Қазақстан ауылдары ішіндегі мешіттердің арасында болған байқаудан мешітіміз «Көркем» мешіт деген атаумен бірінші орынға ие болған. Алланың қалауымен сол кезде мешітіміздің имамы қажылыққа жолдама ұтып алды. Сондай-ақ мешіттің жанында әдемі алма-бағымыз бар. Ол бақтағы әрбір ағашты сол ауылдың үлкен ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері немерелерімен келіп отырғызған. Ондағы мақсат – сондағы балалар мешіттің жанындағы жемістерден жеп жүрсін деп салынған. Онымен қоса он жылдай шамасында әр 9-мамырда мешіт қызметкерлерімен бірге сондағы жамағатқа қой соямыз, садақа таратамыз. Салауатты өмір салтын ұстанып, футбол жарысын да ұйымдастырып тұрамыз», -дейді Төлегенұлы.
Ол кісінің айтуынша, жақсылық жасағанда екінші біреуді қуантып, тіпті бақытқа бөлеуге де болады. Сонымен қоса, ең үлкен қуаныш – жақсылық жасаушыда: жүрегі жұмсарып, ерекше сезімге бөленеді. Ондай адам ортада бағалы, құрметті болады. «Жақсы – жұрттың мақтаны, жұпар гүл – жердің мақтаны» демекші, жақсы кісіні елі мақтап, жақсылығын көзі кеткесін де айтып жүреді. Кейінгілерге үлгі етіп айтып отырады.
«Кішкентай күнінен балаға жақсылық жасауды, қайырымды, жанашыр болуды үйретуіміз керек. Әйтпегенде бала қатыгез болып өсуі мүмкін. Ал ең үлкен тәрбие – ата-ананың үлгісі. «Жақсылыққа құр сөз арқылы шақырып, ынтықтыру мүмкін емес. Адамның табиғаты сол – кез келген нәрседе үлгіні қажет етеді. Мен туғанымнан бері тағдырдың сан түрлі соқпақтарын көріп өстім. Әкемнен бір жасымда айырылдым, анамнан 8 жасымда жетім қалдым. Алланың берген әрбір сынағын өз мойнымен көтердім. Кез келген нәрсенің қадір-қасиетін біліп өстім. Қиналған сәтімде жаныма демеу болатын адамды іздейтінмін. Жүрегінде иманы бар жұрт қолынан келгенше, Алла алдындағы қасиетті парыздың бірін қайырымдылық жасайтын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бес нәрсенің қадірін біл. Олар: өлімнен алдын өмірдің, ауру келмей денсаулықтың, әурешіліктен бұрын бос уақыттың, зағиптықтан бұрын жастықтың, кембағалшылықтан бұрын байлықтың қадірін біл»,-дейді Жанат Төлегенұлы.
Қайырымдылық беру үшін қалтаңның қалың болуы міндетті емес. Қоғамда ізгі амалдарға, жақсылық жасауға жаны жақын адамдар көп болса, қайғылы жағдайлар аз болары анық.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ