Расында жақсылық екі түрі болады.
Бірінші – Аллаһ Тағаланың ризашылығы үшін жасалған жақсылық.
Екінші – Адам ризашылығы үшін жасалған жақсылық.
Бірінші жақсылық турасында Аллаһ Тағала Құранда еселеп сауабын беретіндігін бірнеше жерде уәде еткен. Бұлай жақсылық жасаушы адам жасаған адамынан алғыс алуды күтпеуі керек немесе сол секілді ілтипат талап етпеуі тиіс. Жермен көкті жаратқан Жаратушы бізге деннің саулығын, көз, құлақ, қоршаған орта, тыныштық, ақыл, және т.б. секілді өлшеусіз нығметті біз сұрамай-ақ берді. Ендеше, Оның ризалығына қол жеткізуді ниеттеніп жасаған кез-келген жақсылыққа жақсылық етіп қайтару сансыз нығмет берген Аллаһ алдында түкке де тұрарлық дүние емес. Себебі, Аллаһтың нығметінде ешбір шектеу жоқ.
Екінші жақсылық, ол адам үшін жасалады дедік. Әлдебір адамның белгілі бір кісіге жақсылық жасауда оның ниеті әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, бір мансапқа қол жеткізу үшін алдымен себепкер болатын кісіге жақсылық жасап, қызметін арттыруды көздейді. Сол сияқты бір кәсіпті жүргізу үшін белгілі мөлшерде қаражат табу үшін дәулетті адамның қалтасына қарап жақсылық жасау секілді амалдар жасайды. Мұндай жақсылықтар белгілі бір мақсатқа жету үшін адамның ризашылығын, көңілін табу болып қана саналады. Мұндай жақсылық жасаушылар жақсылықтың есесін Аллаһтан емес сол жасаған адамнан күту керек. Ал, адамның әлсіз жаратылғанын ескерсек, адам табиғатына қарай жасалған жақсылықтың есесін әрдайым қайтара бермеуі мүмкін әрі ол шексіз жақсылық жасау иесі емес. Сол үшін мұның нәтижесін Аллаһтан күтудің қажеті жоқ әрі жамандық болып келсе Жаратушыдан көру орынсыз. Себебі, алғашындағы ниет адамның көңілін табу ғана болатын. Сондықтан, әрбір игі амалға жақсылық қайтаратын Аллаһтың ғана ризашылығын көздейік ағайын!
Түйін: Аллаһ Тағаладан пайда аламын деп дұға етпе, Оны риза етемін деп дұға ет. Себебі, Ол риза болса қалағаныңды береді!
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы