Ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы сөз бола қалған ортада «ә» дегеннен әйелге қойылатын талап жиі айтылады. Алайда, күйеу қандай болу керек? Күйеудің міндеттері қандай деген мәселе қозғалмайды. Бұл сауал көбіне-көп жауапсыз қалады.
Неге ер кісі әйелге қойылатын талаптарға аса мән береді? Оның бір-ақ сыры бар. Еркек өзінің жағдайын және жан рақатын көп ойлайды. Алайда, «екі жарты бір бүтін» дегендей, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері тең. Құран Кәрімдегі:
«Сендерге оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның (Алла тағаланың) белгілерінен…[1]», – деген аят отбасының ұйытқысы жұбайлардың өзара сүйіспеншілігі мен мейірімділігі екенін аңғартады.
Егер пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисіне сай жақсы күйеу болғыңыз келсе, мына кеңестерге құлақ салыңыз:
Екі жарты – бір бүтін. Әйел ер кісінің қабырғасынан жаралған бөлшегі. Еркек өзіне қаншалықты мән берсе, өз қалауын қаншалықты жоғары қойса, әйеліне де сол дәрежеде көңіл бөлуі керек.
Әйел – от-ана. Яғни, шаңырақ жылуы мен тыныштығының қорғаушысы. Көп уақытын түзде өткізетін еркек теріс көңіл-күйін шаңыраққа алып кірмеуі тиіс. Үйде тағатсыз күтіп отырғандар сізді мінсіз тұлға деп біледі. Әйеліңіз де, ұл-қызыңыз да. Босағадан жарқын жүзбен аттаңыз.
Мейірімділік. Әйел мен күйеуінің арасындағы байланыс сүйіспеншілік және бірін-бірін түсінуге негізделеді. Жаман мінез, оғаш қылықпен осы байланысты кесудің қажеті қанша?! Құранда «Әйелдерің егіндіктерің. Егіндіктеріңе қалай қаласаңдар, келіңдер…[2]» деген аят бар. Ер кісі егіндігіне тікен тұқымын тастап, жұпар иісті гүлдің өсіп шығуын күтуі қисынсыз. Не ексеңіз, соны орасыз.
Махаббат. Сезімге сараңдық етпеңіз. Әйел жылуға және сезімге мұқтаж. Әйел бұл сезімді тек күйеуінен ғана алады. Махаббат сезімін тек сіз ғана бере аласыз. Жылуды сізден таппаса, не болатынын ойлап көріңіз?
Бақыт кілті. Жылы сөз – жан дауасы. Шын пейілмен мақтап, алғыс айтып отырыңыз. Әйел сізден көп дүние сұрамайды. Үлде мен бүлдеге орап қой демейді. Жақсы сөзге сараңдық етіп, жүрегіңізге барар жолды жарыңызға тарс жауып қоймаңыз. Олай етсеңіз, өз қолыңызбен бақыт кілтін көлге лақтырғаныңыз. Хадисте: «Жақсы сөз – садақа[3]» делінген.
Әйел көркі – шүберек. Әйелдің жанына көңіл бөлген сияқты оның материалдық мұқтаждықтарына да мән беру қажет. Алла Тағала ер азаматтың несібесін кең еткен сайын әйеліне де сол шамада мән бергені жақсы. Өйткені, әйелі үшін күйеуі әкесі мен аға бауырларынан да жақын адамға айналады. Ал, хадисте: «Кісі өзіне қарап отырған отбасын қараусыз қалдыруының өзі күнә ретінде жеткілікті[4]», – деп айтылған.
«Жақсы еркек» өлшемі. Кісі қоғамдағы орнын білгісі келсе, жақсылық өлшеміндегі орнын білгісі келсе, мына хадиске мән бергені абзал: «Сіздердің жақсыларыңыз әйеліне жақсы қарым-қатынаста болғаны. Мен әйеліне жақсы қарауда сендерден жақсымын[5]».
Әйел – күйеуінің қас-қабағына және көңіл-күйіне тәуелді жан. Сондықтан еркек әйеліне жақсы қарауға міндетті.
Сәлем – берекет. Үй босағасын аттағанда, сәлем беріп кіру. Ал, сәлемсіз кіру өзімен бірге шайтан алып келгенмен пара-пар. Хадисте: «Кісі үйіне кірген кезде, тамаққа отырған кезде Алла Тағаланың есімін ауызға алса шайтан: «Үйде қонатын жер де, кешкі ас та жоқ екен»,–дейді. Ал, үйге кіргенде және асқа отырғанда Алланы еске алмаса шайтан: «Қонатын үй де, кешкі ас та табылды[6]»,– дейді екен.
Ұсақ-түйекке көз жұму. Азын-аулақ кемшілік барлығымызда бар. Болмашы дүние үшін жанын сөзбен жаралап, әйелдік болмысына тіл тигізуі – қателік. Ер азамат деген атқа сын. Махаббатыңызды аямаңыз, жүректен шыққан жақсы сөздеріңізбен жанын жадыратыңыз.
Руслан ҚАМБАР
[1] Рұм сүресі, 21-аят
[2] Бақара сүресі, 223-аят
[3] Бұхари, Әбу Һурайра
[4] Мустадрак
[5] Тирмизи
[6] Муслим, Әбу Дауд, Тирмизи