Жәннат пен тозақ жайлы естімеген адам жоқ шығар. Алайда, бұл екі мекен де арғы дүниеде екені белгілі. Десе де, адам көзінің тірісінде-ақ тозақ пен жәннатты көре алады. Басқаша сөзбен айтқанда бұл дүниенің де жәннаты мен тозағы бар.
Бұл қалай дейсіз ғой? Имам Ахмедтің еңбегіндегі мына хадиске зер салыңыз.
Хусайн бин Михсан бин Нұғманның (р.а.) немере әпкесі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір шаруамен барады. Келген шаруасын тындырған соң, Алла елшісі (с.ғ.с.):
– Тұрмыс құрғансың ба?,-деп сұрады.
Әлгі әйел:
– Иә,-деді.
Пайғамбар (с.ғ.с.):
–Күйеуіңе қандай әйелсің?»,-деп тағы сұрады.
Әйел:
–Шамам келген барлық жағдайда лайықты қызмет етуге тырысамын,-деді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
–Күйеуіңнің көзінде қаншалықты қадір-қасиетке ие екеніңе мән бер. Өйткені, күйеуің – сенің жәннатың және тозағың, – деген екен.
Расында, шаңырағын жұмақ немесе тозақ ету – адамның өз қолында тұрған дүние. Ерлі-зайыптылар сыйласып, тату-тәтті ғұмыр кешсе үйлері – жәннат. Ал, ұрыс-керістен көз ашпайтын отбасыдан береке кетеді. Нағыз тозақ та – сол шаңырақ болмақ.
Дәуіт пайғамбар (ғ.с.):
«Жаман әйел қарт кісінің иығындағы ауыр жүк іспетті (көтеріп жүру де қиын, тастауға да обал) Ал, жақсы әйел алтын тәж сияқты. Қараған сайын көзің тоймайды», – деген екен.
Бақыт үшін көп дүниенің қажеті жоқ. Ең бастысы – ортақ жәннат үшін түсінісе білу.
Руслан ҚАМБАР