Сағд бин Әбу Уаққас (р.а.) – көзі тірісінде Пайғамбар (с.ғ.с.) жәннаттық деп сүйіншілеген он сахабаның бірі. Қазақ бұл сахабаның толық аты-жөнін Сәдуақас деп ықшамдап айтады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) анасының руынан болғандықтан, оны Алла елшісі (с.ғ.с.) «Бұл менің нағашым…» деп мақтан тұтатын. Бұл өзі бөлек әңгіме.
Сағд бин Әбу Уаққас (р.а.) – парасаттылығы һәм батырлығымен ерекшеленген бірегей тұлға. «Ер азамат шекіспей бекіспейді» дегендей, бірде сахаба Халид бин Уалидпен (р.а.) аға-іні арасында болып тұратын реніш туады. Бұдан хабардар біреу Сағдтың (р.а.) көзінше Халид жайлы бір сөз айтады. Сонда кемеңгер сахаба:
«Тіліңді тарт, ол екеуіміздің арамыздағы жайт, біздің дінімізге қатысы жоқ»,-деп тоқтатып тастайды.
Сахабаның бұл сөзі – нағыз парасатты адамның сөзі. Қазақша айтқанда: «Жақсы адамның ашуы – шай (жібек) орамал кепкенше, жаман адамның ашуы – басы жерге жеткенше». Ер азамат ешуақытта пенделік ренішті үлкен дауға айналдырмайды. Болған сөз сол арада ұмытылады. Қара бастың ренішін қоғам ортасына салып, тіпті, қызмет бабына дейін көтеріп, өкпесі қара қазандай болған адам ешуақытта абырой таппайды. Бір ауыз сөзге бола ат құйрығын біржола кескендер қаншама?!
Бір ауыз сөзді көтере алмай ренжіп, бірақ жылдар бойы көңілінде тастан ауыр өкпе-ренішті тасуға мәжбүр болады. «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» дегендей, ағайын әрқашан татулығын барлық реніштен жоғары қоя білуі керек. Бұл әңгіме қызметтес әріптестерге де қатысты.
Руслан ҚАМБАР