Еліміздің дінтану саласында елеулі қызмет атқарып жүрген бірқатар мамандар KazIslam.kz порталына «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына» қатысты пікірлерімен бөліскен еді.
Дәлірек айтқанда, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Дінтанушылар конгресінің төрағасы Бақытжан Сатершинов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, философия ғылымдарының докторы Қарлығаш Молдағалиқызы Борбасова және аталмыш ЖОО-ның Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, дінтану PhD докторы Құдайберді Сабыржанұлы Бағашаровтар төмендегі қос сауалға жауап берді.
1.Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдеріне деген көзқарасыңыз қалай?
2.Осы тұжырымдамадан қандай нәтиже күтесіз?
Бақытжан Сатершинов
1.Елімізді әмбебап жаңғырту – зайырлы қазақстандық мемлекетті дамытудың негізі. Ол эволюциялық жолмен, кезең-кезеңімен, бұрын да, қазір де ҚР Президентінің жүргізіп отырған әлеуметтік, экономикалық және саяси реформаларының бағыты арнасында жүзеге асырылуда. Жаңғыртудың маңызды ықпалдарының бірі егеменді даму барысында түбегейлі өзгерістерге ұшыраған оның рухани, идеологиялық, дүниетанымдық негізі десе де болады. Ал дін болса, осы аталған негіздердің құрамдас бөлігі саналады.
Бүгіндері біз әлемнің түпкір-түпкірінде діни проблемалардың өзекті болуының куәгері болып отырмыз, сондықтан дін Қазақстан Республикасының да ішкі және сыртқы саясатының қомақты факторына айналды. Кейде радикализммен шектесіп жататын жат жерлік діни идеология рухани ізденіске деген сұранысты өз мүддесіне бұрып, діндарлардың, әсіресе, жастардың діни санасы мен діни практикасына еніп, елдегі діни бірегейлікке нұқсан келтіріп жатқан жағдайлар бар. Діни сенім мен көзқарастар адамның субъективті шеңберінен шығып, өз пікірін өзгеге, қоғамдық қатынастар мен мемлекеттік істерге таңуға тырысатын үрдіс байқалады.
Бұл ретте дін саласында дұрыс және тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыру өте маңызды міндеттердің бірі саналатынын аңғару қиын емес.
Көпшіліктің назарына ұсынылған бұл тұжырымдама қазақстандық қоғамдағы қазіргі діни ахуалды айғақтайды және сонымен қатар ол болашаққа бағдарланған. Тұжырымдама қазіргі қазақстандық қоғамдағы діннің негізгі парадигмалық өлшемін бейнелейді, діни үдерістерге ықпал етудегі мемлекеттік саясаттың концептуалды тұғырларын қамтамасыз етеді, мемлекет пен дін арақатынасы және діндераралық келісімнің қазақстандық үлгісін одан ары тиімді жетілдіруді көздейді.
Тұжырымдамада діни саладағы ағымдық ахуал мейлінше анық әрі дәл сарапталған, онда діни ахуалдың «мәселелік аймақтары» айқындалып, негізгі үрдістер белгіленген, әсіресе мемлекеттің зайырлы тұғырларын нығайту мен дінді бұрыс мақсаттарға пайдалануға жол бермеуге қатысты мемлекеттік саясаттың болашақ бағдарлары анықталған. Негізгі ұстындары мен басты тәсілдері мемлекеттік және қоғамдық болмыстың әрқилы салаларындағы дін саласына қатысты мемлекеттік саясаттың жүргізетін кешенді шараларын ескере отырып баяндалған. Деструктивті діни ағымдардың әрекетін бейтараптандыру мен діни экстремизмнің идеологиясына қарсы тұрудың жалпымемлекеттік жүйесіне ерекше көңіл бөлінген. Тұтастай алғанда, Тұжырымдаманың мәтіні ғылыми ұстамдылығымен, қисынды негізділігімен және практикалық маңыздылығымен ерекшеленеді.
2. Аталмыш Тұжырымдама қоғамдық пікірде қызу талқыланды. Атап айтқанда, елдегі азаматтық қоғам институттарының бірі ретінде Қазақстан «Дінтанушылар конгресі», ғылыми мекеме ретінде ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты және талдау орталығы ретінде «Қазақстандағы терроризм мен экстремизм проблемаларын зерттеу орталығы» белсене атсалысты.
Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы дәстүрлі құндылықтарға сүйенумен қатар, жаңашылдыққа ашықтығын білдіре отырып, қазіргі заманның төндіретін қатеріне лайықты жауап бере алатындай қоғамды топтастыруға өзіндік үлесін қосады.
Тұжырымдама бірқатар нормативтік құқықтық актілер арқылы жүзеге асырылады, олардың тізімі берілген. Тұжырымдаманы іске асырудың екі кезеңі бойынша (2017-2018 және 2019-2020 жж.) мынадай нәтижелер күтіледі: біріншіден, дін саласындағы мемлекеттік саясатты халықтың қолдау деңгейі артады, екіншіден, Мемлекет дамуындағы зайырлық қағидаттарын халықтың қолдауының деңгейі өседі және соңғысы, діни экстремизм мен оның деструктивті идеологиясына қарсы тұру бойынша халықтың хабардар болуы молаяды.
Тұжырымдаманың рухы мен қарпіне сәйкес, теңестірілген стратегия сақталған, онда құндылықтардың зайырлы адамгершілік жүйесіне қайшы келмейтін рухани-адамгершілік парадигма ретіндегі діннің жағымды әлеуеті модернизациялық (жаңғыртушылық) әлеуметтік-экономикалық реформаторлық бағытқа оң ықпал етеді. Дін қазақстандықтардың әлеуметтік-саяси өміріне сырттан агрессиялық түрде енген жаңашылдықтар жағдайында рухани амортизатор қызметін атқара алады. Мемлекет, өз кезегінде, рухани қауіпсіздік стратегиясын түзіп, тұрақсыздандырудың саяси құралы ретінде дінді пайдалануға байланысты қазіргі сын-қатерлерге алдын ала лайықты жауап бере алуы тиіс.
Тұжырымдамада мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет, білім беру, мәдениет, БАҚ, денсаулық сақтау, спорт жүйелерін қоса алғандағы дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары анық және нақты көрсетілген.
Сонымен қатар, тұжырымдама мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастарды жаңа деңгейге шығарады деген үмітіміз бар. Одан бөлек, Тұжырымдаманы нақты жүзеге асыру мемлекеттің діни бірлестіктермен қарым-қатынасындағы инновациялық үлгіні құру үшін алғышарттар қалыптастырады деген ойдамыз. Негізгі күш-жігер қазақстандық мемлекет пен қоғамның зайырлылық қағидаттарын әрі қарай нығайтуға бағытталады.
Қарлығаш Борбасова
1.Қазақстан Республикасы – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына толық кепілдік беретін зайырлы мемлекет. ҚР Конституциясы және Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы ҚР Заңы бойынша азаматтардың сенім бостандығын іске асыруға кепілдік берілген және де еліміздің кез келген азаматы, басқа мемлекеттердің және азаматтығы жоқ азаматтардың жеке дара немесе басқалармен бірлесе отырып кез-келген дінді еркін ұстануына немесе ұстанбауына, сондай-ақ, діни рәсімдерге қатысуға немесе қатыспауға құқылы. Діни айқындалуға қатысты ешқандай мәжбүрлеуге жол берілмейді және діни бірлестіктер толықтай мемлекеттен бөлінген.
Елімізде мемлекет пен дін арақатынасын реттейтін құқықтық негіздер айқындалған. Бұл қатынастар төмендегідей іргелі принциптерге сүйенеді: дінге қатынасына қарамастан барлық азаматтардың тең құқықтығы, діни және зайырлы бірлестіктердің мемлекеттен ажыратылғандығы, мемлекеттік білім беру жүйесінің зайырлы сипаты, діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі, сондай-ақ, наным-сенім бостандығын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін арнайы заңдардың болуы және оларды бұзған жағдайда жауапкершілікке тартудың қарастырылуы.
2.Діни жағдайды заңдық жетілдіру қазіргі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып қалып отыр. Бұлай айтуға еліміздегі дәстүрден тыс діни ағымдардың қызметіндегі мемлекеттік және ұлттық бірегейлікке нұқсан келтіретін әрекеттердің жиі кездесіп отыруы негіз береді. Елімізде жаңа діни ағымдардың шамадан тыс таралуының негізінде батыстық қаржылық немесе фундаментальды, сепаратистік, экстремистік пиғылдағы топтардың мүддесі жатуы мүмкін. Сондықтан, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында Қазақстандағы діндік қатынастар мен құрылымдық ұйымдардың өмір сүруі батыстық менталитетке негізделген адам құқын сақтау концепциясы тұрғысынан ғана емес, ұлттың рухани-моральдық қауіпсіздігі тұрғысынан қарастырылып отыр.
Республикамыздағы миссионерлік қызмет атқарып жүрген шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар қызметін бақылау Қазақстандағы орнықтылықты және түрлі діни қақтығыстардың алдын алады.
Қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің кез келген көріністеріне және біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қарсы қатаң әрі дәйекті қарсы тұру қамтамасыз етіледі
ҚР Конституциясына сәйкес мақсаты немесе іс-әрекеті республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік–топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ, заңдарда көзделген әскерилендірілген құрамалар құрудың алдын алу шаралары жасалады.
Шетелдерде тамырын жайған халықаралық лаңкестік, экстремистік ұйымдардың, тағы да басқа қоғамымыздағы тұрақтылықты бұзатын, Қазақстанның ішкі тұрақсыздығын қоздыруды көздейтін күштердің іс-қимылына шек қойылады.
Бұл тұжырымдама азаматтардың діни сенім бостандығына Конституциялық құқықтарды қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдардың діни бірлестіктер мен өзара қарым-қатынастар жүйесін дамытуға, азаматтардың толеранттық санасын нығайтуға, қоғамның рухани құндылықтарын дамытуға, діни ахуалдың даму үрдістерін талдауға және болжауға ғылыми тәсілді қамтамасыз етуге бағытталғанын білеміз. Тұжырымдама діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, конфессияаралық қатынастырды үйлестіруге, діни экстремизмнің алдын-алуға бағытталған ақпараттық-ағартушылық және ұйымдастырушылық шараларды әзірлеуді болжаған.
Мақсаты мен іс қимылы мемлекетте бір діннің үстемдігін орнатуға бағытталған, діни ала ауыздық пен дұшпандықты қоздыруға, соның ішінде, күш көрсетумен немесе күш көрсетуге үндеумен байланысты діни бірлестіктер құруға тиым салынады. Діни экстремизмге үндеуге, сондай-ақ, конфессияаралық айырмашылықтарды саяси мақсаттарға пайдалануға бағытталған іс-қимылдардың алдын алу көзделген.
Республикамызда діннің саясатқа араласуына тиым салынғанымен, дін қызметкерлерінің барлық саяси азаматтық құқықтары қорғалған. Ата-аналар немесе оларды алмастыратын тұлғалар балаларын өз сенімдеріне сай тәрбиелеуге құқылы, бірақ, балаларды дінге мәжбүрлеуге жол берілмейді.
Діни үгіт-насихат жұмыстарын белгіленген аумақтарда жүргізу және білім беру мен тәрбие орындарында діни насихат ісі реттеледі, діни практикаларында санаға әсер ететін психотехниканы, психотропты заттарды қолданатын діни бірлестіктердің қызметіне тиым салынады, сараптамашы-ғалымдар жаңа діни бірлестіктердің ілімдерін жүйелі зерттеп сараптама жасап, бағалап отыруы қолға алынады. Онда халықаралық демократиялық-құқықтық нормалар, ұлттық қауіпсіздік мүдделері және республикадағы діни жағдай ескеріліп отырады деп ойлаймын.
Құдайберді Бағашаров
1.Тұжырымдамада дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары қатарында аталатын ведомствоаралық өзара іс қимыл, дін саласындағы мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың күш жігері мен ресурстарын тарту, халықтың барлық нысаналы топтарын атаулы және жаппай қамту, азаматтардың барлық санатының заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, діни білім беру мекемелеріндегі оқу бағдарламалары, оқу әдістемелері туралы ақпаратты жедел ұсыну, Қазақстан Респубикасының ұлттық мүддесіне қатер төнген көріністерінің сипаты мен деңгейін тексеру, діни бірлестіктердің заңға қайшы әрекеттеріне жол бермеу сынды қарастырылған мәселелер өте мөте орынды дер едім.
Бүгінгі аса күрделі әлем жағдайында кез келген ел үшін діни кеңістіктің қауіпсіздігі аса маңызды. Қазақстан Республикасы да бұл мәселеге сергек қарап, осы бағытта бірқатар оң қадамдар жасау үстінде. Діни білімге қатысты мына жайттарды да ескеріп жетілдірген жөн: діни білім беру ұйымдары қызметінде демократиялық ұстанымды ұстану, Қазақстандағы діни білім жүйесі мен зайырлы білімді ықпалдастыру арқылы зайырлы білім жүйесі секілді діни білімнің қоғамда тұрақтылықты қалыптастыратын іргетасқа айналуын қамтамасыз ету, діни білім берудің ұлттық тұтас жүйесін құр, діни білім беруді басқарудың және қазақстандық діни білім беру моделінің одан әрі жұмыс істеуінің нормативтік, құқықтық базасын жетілдіру, діни білім берудің мазмұны мен материалдық-техникалық базасын жаңарту, Қазақстан жастарының шетелдік діни оқу орындарында білім алу үдерісін қадағалау, осы үдерісті біртіндеп шектей отырып, ел аумағынан тыс жерлердегі діни оқу орындарына азаматтарды тек жоғары діни білім алу мен ғылыми дәрежесін көтеру мақсатында ғана жіберу, сонымен бірге, деструктивті діни ағымдардың идеологиясы мен тәжірибесіне қарсы әсер ету иммунитетін қалыптастыруымыз қажет.
2.Қазақстан бірегей мәдени-тарихи жағдайларға, қоғам дамуының өзіндік ерекшелігі мен діни аяның өзгешелігіне ие бола отырып, әлемдік қоғамдастық мойындаған мемлекеттік конфессиялық қатынастардың өзіне тән моделін іске асырып келеді. Жалпы алғанда, мемлекеттің дін саласындағы саясатын айқындап алуға қайткенде де белгілі бір жоспар, стратегия керек-ақ. Елімізде зайырлылық, халықтың ұлттық мәдени және тарихи дәстүрін нығайту, мораль қағидаттары мәселесінің жан-жақты қарастырылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені, қазіргі күрделі діни жағдайлардың бір шешімі сапалы діни мамандарды көптеп даярлауда жатыр. Тұжырымдамада айтылған ойлар мен ұсынылған шешімдер еліміздегі діни білімнің бірізділеніп, жүйелене түсуіне, деңгейін көтеруге, халықтың дәстүр, мәдениетімен үйлесім тауып, білім жолындағы талапкерлердің рухани мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық мүддені көздеуге, сапаны айқындай түсуге, озық елдердің тәжірибесін кәдеге жаратуға, бәсекеге қабілеттілік пен жастардың діни білім салаларын еркін әрі жүйелі меңгеруіне мүмкіндік береді деген ойдамыз.
Мақала «Қазақстан республикасының экстремизм мен терроризм мәселелерін зерттеу орталығы» Қоғамдық Қорының тапсырысы негізінде дайындалды.