Күндердің күнінде Хамит есімді міскін болыпты. Оның Ридуан есімді туысы бар еді. Ридуан Хамитті жақтыра бермейтін. Ол көрген жерінде Хамитке тиісіп, ауыр сөздер айтып көңіліне қатты тиетін. Алайда, Хамит ренжігенімен Алладан әрқашан арақатынастары жақсы болу үшін дұға ететін.
Бір күні Хамит отырысқа жұпар иісті иіссу сеуіп келеді. Мұны сезген Ридуан оған:
– Иіс суды қайдан ұрлап алдың ? – деп келемеждейді. Сол уақытта Хамит Ридуанға иіссудың ұнағанын сезіп қояды. Содан отырыс аяқталып, Хамит үйіне қайтып, Ридуанның көңілін табуды жоспарлайды. Кенет ойына ардақты пайғамбардың (с.а.у.): «Бір бірлеріңе сыйлық сыйлаңдар, арақатынастарың жақсарады» деген хадисі есіне түсіп, таң ертең тұрып базарға шығады.
Базардан ең қымбат әрі көркем иіссу сатып алып Ридуанның үйіне қарай бет алады. Дегенмен, оның бойында сыйлықта қабыл алар ма екен, деген іштей уайым болды. Содан есікті қобалжи қағады. Есікті ашқан Ридуан Хамитті көріп түрі өзгере кетеді де:
– Неге келдің? – деп салқын сұрақ қояды. Хамит:
– Сенің жағдайыңды біліп, сәлемдесу үшін келдім. Сондай-ақ, сенің көңіліңе қуаныш сыйлау үшін мына иіссуды сыйлық ретінде ұсынғым келді. Қабыл ал! – дейді . Мұндай сәтті күтпеген Ридуанның жүрегі жібіп, жылдар бойғы Хамитке деген теріс көзқарасы бірден өзгеріп, көңілі босап кетеді.
Сол сәттен бастап екеуінің арасы жақсы қатынасқа ұласып, туыстық жылы сезімдері қайта жандана түседі.
Түйін: Жүрек жылы болса тасты жібітеді.
Асхатұлы Жалғас – Дінтанушы