Ислам құндылықтарының негізгі дені тазалық категориясынан бастау алатындығын атап өту қажет. «Тазалық» – жан және тән тазалығы болып бөлінеді. Исламдағы рухани құндылықтар жүрек тазалығынан, яғни рухани тазалықтан туындайды [1, 67 б.].
Құран-кәрімде жүрек тазалығы мағынасында «сәлим» сөзі қолданылған. Бұл сөздің «ислам» сөзімен де бірдей түбірі бар. Сөздіктегі мағынасы бойынша «қалбус-сәлим», яғни сырқатсыз, кемшіліксіз және күнәмен кірленбеген немесе кірленген болса да тәубамен тазаланған кіршіксіз жүрек мағынасын білдіреді. Тағы бір ерекше мағынасы болса, исламнан басқа барлық нәрсеге жабық жүрек ретінде де сипатталады.
Әрбір күнә, басқа бір күнә үшін шақыру болып табылады. Яғни, істелген әрбір күнә тізбектелген домино тастары секілді бір-бірін қуалайды. Осылайша жүрек тозданып нәрі кетеді. Құрандағы аяттарда және Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде баяндалған «роюн» сөзі, күнәлармен жүректің тоз басуы, (кірленуі) мағынасын білдіреді. Күнәлар, тәубе ету арқылы жуылып-шайылып тазарынбаса жүректі кір басады және осы жағдайдың қайталана беруі нәтижесінде жүректегі рухани жалын мүлдем өшеді.
«Қалбус-сәлим» яғни кіршіксіз жүрек иесі болу, Құранда мүмин құл үшін белгіленген қағидаларды бұлжытпай орындау арқылы жүзеге аспақ. Бұл сипаттама жалпылама сипаттама болуымен қатар осы мәселеге қатысты барлық жәйді қамтиды. Хазіреті Айша (Алла оған разы болсын) анамызға: «Алла елшісінің аһлақы қалай еді?», – деп сұрағанда «сіз құран оқисыз ба өзі?», – деп қайта сұрайтын, «оқимыз», – деген жауап алған сәтте, «оның аһлақы Құран болатын», – деп жауап беруші еді [2, 81 б.].
Қасиетті Құран Кәрім ең әуелі пайғамбарымыздың өз өмірін осы кітапқа негіздеп сүруі үшін түсірілді. Кейін келе имамға қарай артындағы үмметі де дәл осы ізгі жолмен жүруі тиіс болатын және барша Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті іс-әрекеті мен амалын, ой-жүйесін осы негізде қайта құруы қажет еді. Мұнымен қоса жүрек тазалығының, адам баласына зиянды нәрселерден түпкілікті арылған жүрек мағынасы да бар. Өйткені басқа бір хадисте: «мұсылман, басқаларына қолымен және тілімен зиян бермейтін жан», – деп сипатталған. Бұл өте ерекше болуымен қатар керемет сипаттама екенін айта кеткен жөн. Мұсылман, қолымен және тілімен ешкімге зардап келтірмек емес.
Жүрек тазалығы болуы үшін адам әуелі күфірден, күмәннен және шірктен арылуы қажет. Бойын күфір билеген жан қаншалықты гуманистік әрекеттері болса дағы «қалбус-сәлим» немесе кіршіксіз жүрек иесі бола алмайды. Қазіргі таңда, «менің жүрегім таза, өйткені мен адамдарды сүйемін, әрқашан адамзат игілігі үшін ізгілік күрескерімін», – дейтін жандар жетерлік, алайда бұл жандардың жүрегі жаратушысын жоққа шығару арқылы қалайша таза бола алмақ? Күфір билеген жүрек ешқашан таза болуы мүмкін емес. Өйткені ол, ғаламның жаратушысын теріске шығарғаны үшін жүрегін күфір бойлаған. Негізінде адамзаттық құндылықтар өте маңызды. Алайда бұл құндылықтарды шынайы тұрғыдан түйсіну және түйсініп қана қоймай осы қасиетті бойда тұрақтандыру тек қана иман арқылы болатын нәрсе. Иман болмаса барлық жақсылық атаулы, ізгіліктер мен игі қасиеттер жалған немесе өткінші сипатта ғана. Сондықтан да ешқандай құны жоқ. Осылайша, амал болмаған иманнан да, иман болмаған амалдан да пайда жоқ. Осы екі жәйді бір-бірінен ажыратып тек қана жүрек таза деу бос әурешілік қана.
Мәселен бір адам өз отанына тіпті адамзатқа пайдалы қызметтер жасаса алайда сол отанының заңдары мен басқару жүйесін танымаса тіптен мойынсұнбай қарсы шықса, мұндай жан дереу ұсталып әлгі мемлекет тарапынан жазаландырылып, бұрын жасаған қызметтері де қаперге алынбас еді. Осы секілді бүкіл ғаламның жаратушысы және иесін танымайтын бір жан, отанына және халқына қанша жерден пайдалы қызмет атқарсын, бәрібір жаратушысын мойындамайтындығы үшін ақыретте жазасын шегеді.
Адам баласы көптеген жақсылықтарды жасауы мүмкін, алайда ең әуелі жүректің шірктен және күфірден арылуы қажет.
Мұнан қалса бұл жанның жүрегі, Ислам негізіндегі өмірмен нәрленіп Құран аһлақымен гүлденуі тиіс. Өйткені қандай да болсын жүрек, құран аһлақынан жат болса ондай жүректің «сәлим» таза болуы мүмкін емес.
Алла тағала Хазреті Дәудке (Алланың оған сәлемі болсын) былай деген екен: «ол үйді Мен үшін (тазалап) босат, Мен ол үйге кірейін!». Бұл, жүректің Алладан басқа барлық нәрсені өзінен аластауы арқылы тазарынуы және шынайы «сүйіктімен» қауышуы болып табылады. Мұны тек қана халық арасында Хақпен бірге бола алатын, қайнаған халықтың ортасында әрқашан жүрегі Алла деп соғатын жандар ғана жүзеге асыра алмақ.
Хақ жолындағы ардақты жолбасшымыз және Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адам бір күнә істегенде жүректе қара дақ пайда болады, алайда адам өкініп тәуба жасаса жүрек қайта жарқырайды», – деген екен [2, 45 б.].
Бұл хадиске назар салсақ, «сәлим» яғни таза жүректің тек қана күнәлардан арылған және бүлікшіл емес рухтарда ғана болатындығын байқауға болады. Балаларды әкесінің тілін алмағаны үшін «тәрбиесіз» деп сөгеміз, алайда Жаратушының әмірімен парыз болған ғибадаттарды орындамаудың Аллаға бүлік жасау екендігіне мән бермейтіндігіміз өкінішті-ақ.
Жүрек тазалығының белгісі ардақты пайғамбарымыздың керемет аһлақына сай аһлақ иесі болу. Себебі ол, барша істе болғандығы секілді бұл істе де үмметті үшін нағыз үлгі нағыз өнеге. Кез-келген адам өз аһлақын пайғамбарымыздың аһлақына сәйкестендіргенде ғана таза (сәлим) жүрек иесі болып саналады. Әйтпесе өз-өзін алдатушылық қана.
Ендеше, қазіргі таңда ислам діні негізінде өмір сүріп қызмет жасайтын мұсылмандар да қолдарынан келгенше ғибадаттарын орындап жан дүниелерін кемелдендіруге күш салулары қажет. Мұнымен қатар адамдардың дүниеде және ақыретте бақытқа бөленуі үшін саналы ғұмырын сарп етіп жанкешті қызмет жасау, өз нәпсілерінің өмірдің қызығына батуға деген құштарлығын санамен жеңе біліп басқаларының бақыты үшін қызмет ету, өзі үшін емес басқалары үшін өмір сүру қағидасымен қызмет жасау, осы заманда шынайы мұсылмандардың ие болуы қажет ерекшеліктердің ең маңыздысы болып табылады. Осылар ардақты пайғамбарымыздың бізден қалауы, осындай ниетпен қызмет еткенде жүрегімізді кірлететін істерге уақыт та қалмайды және жүрек тазалығына да кенелер едік.
Құрандағы аяттардың бірінде сәлим және таза жүректі мал-мүлікпен бала-шағаның қарсысына қойып, «мал-мүлік пен бала-шағадан пайда болмайтын ол күнде тек қана қалбус-сәлим (таза жүрек) ғана пайда (кәдеге жарайды) береді», – делінген. Ендеше ақыретте мүминнің кәдесіне жарайтын мал-мүлік, бала-шағаның көптігі емес жүрек тазалығы болып табылады.
Өміріңді жақсылықпен өткізу, артыңа ізгіліктер тастап өлімге қауышу және осындай игіліктеріңмен қайта тірілу, ақыретте Кәусар бұлағының бастауына ұласу, ардақты пайғамбарымыз тарапынан ұзақтан таныла білу, міне бұлар мүминнің аңсаған арманы болар. Сүйікті пайғамбарымыз: «мен үмметімді танимын» дегенде, қалай танитындығы сұралған, сонда ол, «сіз, маңдайы қасқа, аяқтары ақ, сәйгүлікті жүздеген, мыңдаған аттың арасынан қалай танысаңыз мен де үмметімді дәрет алып «тазарынған» ағзаларынан дәл солай танитын боламын», – деген екен. Алла елшісі қаумын «симаһум фи вужухихим мин әсәрис сужуд» [3, Фатһ Сүресі, 49/29] аятымен бекітіле түскен жүздеріндегі сәжде ізінен және дәрет алып (тазаланған) ағзаларынан танитын болады.
Иманды болу – иманның талаптарын орындауменен мәнді бола түспек. Иманның талаптары болса, діннің мүминдерден жасалуын талап еткен міндеттер мен жауапкершіліктер болып табылады.
Дәрет секілді әрі сыртқы әрі рухани негізі бар тазалықты орындамастан намаз оқылмайды. Намаз адамды көптеген жамандықтардан алыстатады. Оразаның арқасында рухымыз, ақылымыз және жүрегіміз кемелденген үстіне кемелдене түседі. Оразаның арқасында адам өз нәпсісін жеңілтектіктен арылтып, Алла алдында бағынышты құл бола отырып ішкі дүниемізді лас ойлардан арылтып сыртқы дүниемізді де жаман әдеттерден қорғап рухымызды шыңдай түсеміз. Зекет адамның мал-мүлкін тазартып қана қоймай көңілінің жай табуына да септігін тигізері анық. Қажылық ғибадаты болса адамның ішіндегі менменшілдік, тәкәппарлық және өзін басқалардан үстем көрушілік секілді сырқаттардан арылтып оны анасынан туғандай пәк етеді. Осы ғибадаттарды орындамастан адамдағы жүрек тазалығын тілге тиек ету айтарлықтай қиын. Ендеше жүрек тазалығының ең айқын белгісі, адам баласының өзіне парыз болған ғибадаттарды орындауы болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Fazlur Rahman, Tarih boyunca Islam metodoloji sorunu. – Ankara: okulu Yay, 1995. – s.345.
- Имам Науауи, Риядус-алихин. Әл-Азхария лит-Турас. Каир. – 2000.
- Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі. Аударған Халифа Алтай. – Мәдина. – 1991. – 604 б.
Ершат Оңғаров