Адам денесінің әрбір мүшесі арнайы бір іс үшін жаратылғаны мәлім. Біздің әрбір мүшеміздің орындайтын өз міндеті бар. Ол міндетті сол белгілі мүшеден артық әрі жақсы ешкім орындай алмайды. Дене мүшесі сырқаттанып қалған жағдайда, оның орындауы тиіс әрекеті іске аспай қалады немесе қажетті деңгейде орындалмайды. Мысалы, адам қолмен барлық амалды жасайды, егер оның қолы ауырып қалса, онда ол бұл амалдардың барлығынан мақұрым қалып, қолы дерттен сауыққанша қолмен жұмыс жасау қабілетінен айырылады. Сол сияқты егер адамның көзі ауырса, онда оның көру қабілеті нашарлайды немесе мүлдем көруден қалады.
Осыған сәйкес жүректің де мысалын келтіруге болады. Егер жүрек ауырса, онда адамның жаны ауыр дертке шалдығады. Пайғамбар (с.ғ.с.):
«Адамның бойында бір уыс ет бар, егер ол ауырса бүтін дене ауырады…», – деп айтқан хадисінде бұл бір уыс еттің жүрек екенін айтады. Егер ол ет сау болса, онда адам да сау-саламатта жасайды.
Мұнда пайғамбардың (с.ғ.с.) жүрегі рухани дертке шалдыққан адамды ауру деп айтуы – адамның барлық амалы, іс-әрекеті оның жүрегіне байланысты. Негізінде жүректің орындауы тиіс амалы: білім алу, адамдарға жақсылық жасау, өзгелерді ізгілікке шақыру және Аллаға құлшылық қылу. Өйткені, Алла тағала Құранда:
«Мен жын мен адамдарды Өзіме құлшылық жасаулары үшін ғана жараттым», – деп айтқан (Зарият: 56).
Абай атамыз да бұл пікірін: «…Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. …мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады…», – деп растап, жүректі адам денесінің патшасы ретінде қарай отырып, оны адамгершілік сипаттарының қайнар көзі, ұлы мекені деген танымды ұқтыруға тырысқан (Құнанбаев А. Аудармалар мен қара сөздер).
Егер жүрек дертке шалдыққан болса, онда ол осы аталған орындауы тиіс міндеттеріне немқұрайлы қарайды, дұрыс орындамайды немесе бұған мүлдем мойынсынбайды. Сол себепті мұндай адамды «жүрек дертіне шалдыққан адам», – деп атайды немесе қазақ халқы ондай адамды «тас жүрек» деп те таныған.
Мұсылман ғалымдары бұл тақырыпқа қатысты көп пікірлер айтқан. Сайып келгенде барлығының түпкі ойы – «Жүрек ауруы – қатерлі дерт» деген тоқтамға келеді. Алла адамды мұндай дертке шалдырмасын. Себебі,
жүрек науқастығының нәзіктігі сонша, адам бұл ауруға шалдыққанын сезбей де қалады. Ондай адам күнделікті өзінің ықтиярымен, қалау-жігерімен өмір сүріп жүргендей сезінеді.
Ал енді жүрегінің ауру екенін білген адам, бұл дерттен емделудің ауыр екенін және ол үшін көптеген машақатқа сабырлық таныту қажеттігін түсінуі тиіс. Себебі, жүрек дертінің емі – нәпсінің қалауы мен тойымсыздығына қарсы әрекет ету арқылы іске асады. Кейбір діндар тақуалар мұндай емді жанның шығуымен тең деп атайды. Өйткені, адамның жаны қалап тұрған нәрсеге (құмар ойнау, былапыт сөздер айту, кішіге әлімжеттік жасау, зорлық көрсету сияқты т.б.) қарсы сабырлық танытуы немесе ұстамды болуы қиынның қиыны.
Әдетте дертке қандай а бір дертке шалдыққан адам көмек сұрап дәрігерге барады. Дәл сол сияқты жүрек дертіне шалдыққан адам да «жүрек дәрігеріне» баруы міндетті. Бірақ, бұл жүрек дәрігері қолына скальпель ұстаған дәрігер емес, көргені мен білнегі көп құдайшыл ғалым. Бәлкім, бүгінде мұндай ғалымды табу оңай шаруа болмасы анық. Өйткені, ондай ғалымның өзі де дүниеқорлыққа салынбаған, мансапты қумаған басқаша айтқанда, жүрегі дертке шалдықпаған ғалым болуы шарт. Әйтпесе, «Өзің диуанасың, кімге пір болсың», – демекші өзінің жүрегіне ем таба аламаған дәріген басқасына қалай ем жасамақ?!
Ислам ғалымдары жүрек дертіне шалдыққан адамға дертінен айығуы үшін мынадай кеңес береді: «Емделу – сол дертке шипа болатын себептерге бет бұруы арқылы басталады. Мысалы, Алла тағаладан алшақтататын сараңдық дертінің шипасы – мал-мүлікті қайырымдылық жолында жұмсау. Бірақ кейбір кезде бұл қайырымдылық, ысыраптың дәрежесіне дейін өтіп кетіп жатады. Сөйтіп сараңдық дертінен сауығамын деген адам, ысырапшылдық дертіне шалдығады.
Суықты кетіру үшін ыстықты қолданады. Ал енді ыстықтық өз өлшемінен асып кетсе, бұл да бір дерт. Негізінде ыстықтық пен суықтықтың ортасында теңдік болуы тиіс. Сол сияқты ысырап пен сараңдықтың арасында да теңдікті сақтау қажет. Егер теңдіктің не екенін білгің келсе, онда ұстануың тиіс мінезге назар салғайсың. Бұл мінез өзінің қарама-қарсы мінезіне қарағанда сен үшін жақын әрі жеңіл болса, демек сен сақтануың лазым болған мінезге иесің. Мысалы, сен үшін мал-дүниені сарып қылғаннан гөрі, оны жинау рахат әрі жеңіл болса, онда сенің бойыңда сараңдық қасиеті басым. Саған мал-дүниені сарып етуге күш салу керек
Егер малды керегінше сақтағаннан гөрі оны шектен тыс жарату қасиеті анағұрлым ләззатты әрі жеңіл болса, демек сенде ысырапшылдық басым. Саған малды қолда ұстап тұру мінезін үйренген жөн…» (Ихия-у улум әд-дин).
Жүрек – жақсылыққа бағыттайтын ақыл мен бұзықтыққа шақыратын нәпсінің стратегиялық нүктесі. Жүрек түрлі қиындықтар мен қайғы-
қасіреттердің шығарылатын орны. Мұнда қауіпті пікірлер жауын тамшылары сияқты көп болып, күндіз-түні жауады. Ол пікірлер жүрекке еш кедергісіз келе алады. Оларға қарсы тұратын бөгет жоқ. Нәпсі бұл пікірлерді іске асыруды қалайды. Сондықтан адамдардың басым көпшілігі осыларды орындау жолында қызу іске кірісіп жатады.
Ойымызды қорытар болсақ, ғалымдар бізге мынадай кеңес береді: егер адам өзінің бойында жаман қасиеттердің бар екенін байқаса, онда ол бұл дертінен сауығу үшін жақсы амалдарға асығуы қажет. Әрине, оның жүрек дертінен емделуі үшін жасаған әрбір қадамы машақатпен келері анық өйткені, адамның нәпсісі тек жеңілді әрі рахатты қалайды. Алайда, адам ненің жақсы және ненің жаман екенін ақыл-парасатына сала отырып, нәпсімен күреседі, бойындағы жаман мінездерді түзеуге күш салады. Сол үшін болса керек Абай атамыз: Адамды адам ететін үш-ақ қасиетін атап көрсеткен болар. Олар: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Ия, құрметті оқырман жүрек дертінен айығу оңай шаруа емес. Бұл дерттен сауығу осынша қиын болғандықтан да жұмыр басты пенденің Құдай қаласа Алланың алдындағы марапаты да жоғары болмақ.
Дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты
Жалғас Садуахасұлы