– Талғат мырза, алдымен зекет беру кімдерге парыз деген сұраққа қысқаша жауап берсеңіз…
– Зекет беру – қажылық секілді жағдайы жететін мұсылман баласына парыз. Жиған дүниесі нисап мөлшерінен асқан адамға жылына бір рет зекет беру міндеттелген. Нисап дегенді қарапайым қазақы таныммен түсіндірсек, «қырықтан бірін Құдайға атау». Енді мал-мүліктің зекеті, айналымдағы ақшаның зекеті, тағы басқа зекет түрлері, мөлшері, ол қалай есептеледі, мұның бәрі шариғатта белгіленіп қойған.
– Биыл іске қосылған «Zeket» мобильді қосымшасының артықшылығы қандай?
– Мобильді қосымшамызда «Зекет кітабы», зекет түрлері мен нисап мөлшері, сонымен бірге, қордың мақсаты – қаржы ашықтығын қамтамасыз ету болғандықтан көмекке зәру тұлғаларға қатысты бүкіл ақпараттың базасы қоса енгізілген. Яғни, кімге зекет беріп жатқаныңызды біле аласыз. Қосымшада зекет калькуляторы да бар. Ол жерге мал-мүлкіңіздің, айналымдағы ақшаңыздың мөлшерін жазсаңыз болғаны, бірден сізге қанша зекет беру екендігі немесе «зекет беруден босатылғансыз» деп нәтижесі шыға келеді.
– Зекет қалай таратылады?
– Берілген зекет Құран бойынша 8 топқа бөлініп, бірден таратылуы керек. Көбінесе бауырларымыз Рамазан айында зекеттерін береді. Өйткені, мұсылмандардың қасиетті айында сауаптар еселенетіндіктен, соған үміт етіп, ниеттенеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, ұстанымымыз – қаржы ашықтығын қамтамасыз ету болғандықтан, зекетті берушінің көзінше таратамыз. Яғни, күнін белгілеп, зекет көлеміне қарай он отбасыны немесе жеті отбасыны, 15-20 отбасыны шақырып, көзінше зекетін конвертке салып береміз.
«Сізден көмек сұрап келген адамды Алла жібергенін біліңіз»
– Жуырда «Ел үлесі – пәтерге!» жобасы бойынша 157-ші баспананың кілті табысталды. Осы және өзге де жобаларыңыз жайында ашып айтсаңыз…
– «Зекет» корпоративтік қоры 2011 жылдан бері ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Қайырымдылық шараларынан бөлек, еліміздің әр аймағындағы имамдардың айлығын төледі. Соңғы екі жылда 13 ауқымды жобаны тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Соның ішінде ең күрделісі, алғаш қолға алғанда оңайға түспеген, бірақ көп ұзамай елдің ықыласына бөленген осы – «Ел үлесі – пәтерге!» жобасы.
Ерекше атап өтетіні, бұл жоба демеушілердің жасаған қайырымдылығы, садақасының нәтижесінде жүзе асырылып жүр. Ең белсенді болған – Талдықорған өңірі. Аймақта баспанаға мұқтаж 47 отбасыға үй берілді. Осы желтоқсан айында өңірде тағы 3 отбасы баспанаға қол жеткізелі деп жоспарлап отыр.
Демеушілердің көмегімен басқа да жобаларымыз рет-ретімен жүзе асырылып жатыр. Мәселен, бір жыл ішінде «Тайқазан» жобасы бойынша республика көлемінде 23975 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілсе, «Мұқтаждың мұңын бөліс!» жобасында 8557 отбасыға көмек көрсетілді.
Одан кейін 5056 отбасыға киім-кешекпен қайырымдылық жасалса, «Жылулық сыйлау» акциясы қазір де жалғасын тауып жатыр. Күнара баспанасын жылытуға мүмкіндігі жоқ 703 отбасы көмір, отынмен қамтамасыз етілді. Әсіресе, газ болмағандықтан, елорда мен қала маңының тұрғындары өтінішпен өте көп хабарласады. Бұл акция бүгін өтіп, ертең бітіп қалмайды. Қыс аяқталғанша жалғаса бермек.
Алтын құрсақты көп балалы аналарға арналған «Тосын сый» жобасы көбінесе бес және одан көп баласы бар отбасыларды күтпеген жерден қуантуды мақсат етеді. Мысалы, бізге өтініш тастаған тұрғындардың жай-күйі тексеріледі, соның ішінде көп балалы отбасылар болса, соларға алдын ала қызметкерлеріміз хабарласып, үйіңізді көріп кетуге барамыз деп хабарласады. Сөйтіп, барған кезде тосын сый жасап, тоңазытқыштарын азық-түлікке толтырып, балаларын киіндіріп кетеді. Сондағы олардың қуаныштан төгілген көз жасын көрсеңіз, қайырымдылықтың ерекше ләззатын сезінесіз. Олардың көбі қала сыртында және барлығы да пәтер жалдап тұрады. Үй-жайы нашар, жетім, мүгедек баласы бар жап-жас аналар көп кездеседі. Әсіресе, қыс кезінде үш айлық пәтерақысын бірден төлеп кетеміз.
Кейде осыншама қайырымдылыққа қаражат қайдан шығып жатыр деп ойланамын. Сонда бұрынғылардың «Сенен көмек сұрап келген адамды Алла жіберді» деген танымы ойға келеді. Былай айтқанда, сізге біреу көмек сұрап келсе, демек сіздің адресіңізді мұқтаж адамға Алла берді. Ал Алла Тағала ондай адамды несібесімен қоса жіберетініне сенеміз. Әйтеуір, өтініш жасап, жәрдем сұраған адамға қайырымды жандардың «жоқ» дегенін естімеппіз.
– Арыстағы ағайынның да қиындығына қол ұшын созғандарыңыз есімізде…
– Иә, Арыстағы ағайынға қиын-қыстау кезеңде көмектесуден біз де қалыс қалмадық. «Арысқа жылу» атты шарада «Зекет» қорының барлық өкілдіктерінен 67 миллион теңге жиналып, аударылды.
Алдағы жылы 30 имамға үй алып беру жоспарда бар
– Имамдардың айлығын төлеп келеміз деп қалдыңыз…
– Әрине, халыққа дұрыс пен бұрысты, халал мен харамды үйретіп жүрген дін қызметкерлерін де назардан тыс қалдырмаймыз. Мешіт-медреселерімізге әрдайым көмектесім тұрамыз. Жағдайы төмен шәкірттер бар, ауылдық жерлерде шиттей бала-шағасымен айлықсыз өмір сүріп жатқан имамдарымыз бар. Өтініш түссе, соларға демеушілер арқылы көмектесеміз. Келер жылы ҚМДБ-ның құрылғанына 30 жыл толатындықтан, торқалы тойға орай «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында кемінде 30 көп балалы, басында баспанасы жоқ имамға үй алып береміз деген жоспарымыз бар.
Қорытындылай келгенде, айтылғаны бар, айтылмай қалғаны бар, бір жыл ішінде жалпы көлемі 1 млрд. теңгеден астам қаражат қайырымдылыққа жұмсалыпты. Демеушілік жасаған кәсіпкерлерге, базар басшыларына алғыс білдіріп, Алла разы болсын, кәсіптеріне береке берсін деп тілейміз.
– Зекет пен садақаның немесе қайырымдылық шараларының айырмасы қандай?
– Әңгімеміздің басында айтқанымдай, зекет – жағдайы бар, дәулетті адамдарға ғана парыз. Егер Алла Тағала барлық адамға бірдей парыз қылғанда, бәрімізге киген киімімізден, тапқан табысымыздан зекет беру міндеттелетін еді. Бірақ Алла Тағала – Ерекше Мейірімді, ешкімге көтере алмайтын жүк бермейді. Жағдайың жетіп тұрса ғана зекетті парыз деп белгіледі.
Садақадан айырмасы, зекет – бес парыздың бірі, нисап мөлшеріне жететін дүниесі бар адамға жылына бір рет беруі тиіс. Ал садақа – нәпіл амал. Бес уақыт парыз намаздан бөлек, нәпіл намазды Аллаға жақындау мақсатымен оқыса, садақа да Құдайға жақындау, оған шүкір ету мақсатымен жасалады. Садақа – адамның өмірінің ұзаруына, кәсібінің, тапқан табысының берекелі болуына және қауіп-қатер, ауру-сырқаудан аман болуына себепкер амал. Өйткені пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде:
«Садақа беріп өмірлеріңді ұзартыңдар. Ол сендердің бастарыңа келе жатқан бәлені қайтарады» – дейді.
Сайып келгенде, зекет – Алланың әмірі, садақа – адамның еркіндегі амал.
– Соңғы сауал болсын, намаз оқымайтын адам да зекет беруі керек пе?
– Зекет – Аллаға иман келтірген мұсылмандарға парыз. Сондықтан зекет, садақа беру намаз оқитындарға ғана міндет деген пікірден аулақ болуы керек. Бәлкім, зекет беру арқылы жүрегі нұрланып, ары қарай намазға келер. Мәселен, көптеген адамдар Рамазан оразасынан кейін намаз бастап жатады. Демек, намаз оқымайтын адамның ораза ұстағаны секілді, зекет беруіне де болады. Ал оның қабыл болуы – Алланың құзырында.
– Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз берекелі болсын!
Сұхбаттасқан – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ