Жұмақ иелерінің тек қана рахатта, кеңшілікте ғұмыр кешетіні құран аяттары мен хадистерден белгілі. Әйтсе де, «жәннат иелері ұйықтай ма?» деген сұрақ кім-кімді де болмасын мазалауы мүмкін. Әрине, бұл өмірдегі ұйқы – мұқтаждық, яғни, шаршағанды басып, әл жинау үшін тамақпен қатар ұйқы да қажет.
Ал барлық ауыртпашылықтан ада жұмақ тұрғындарына ұйқы қажет пе деген сұраққа жауап беруден бұрын мына бір екі аятқа назар салайық:
«Олардың көкірегіндегі өшпенділік, ыза-кек, қызғаныш сынды жағымсыз сезімдерді суырып алып тастаймыз. Сөйтіп олар бір-біріне дос-бауыр болып, жұмсақ төсектердің үстінде біріне-бірі жылы шыраймен қарасып (әңгіме-дүкен құрып) отырады» (Хижр сүресі, 47-аят).
«Ал жәннаттықтар ол күні ең жайлы мекенге тұрақ теуіп, ең тамаша жерде дамылдайды» (Фурқан сүресі, 24-аят).
Демек, жоғарыдағы екі аят жұмақта адамдардың бір-бірімен көркем мәміледе болатынын, демалатынын меңзейді. Ал сахабалар екі дүние сардары Мұхаммедтен (с.ғ.с.): «Жұмақта адамдар ұйықтай ма?» деп сұралғанда, Алла елшісі (с.ғ.с.):
«Ұйқы – өлімнің бауыры. Жұмақ тұрғындары ұйықтамайды әрі өлмейді» – деп жауап берген (хадисті Табарани, Байхаки мен әл-Бәззар жеткізген).
Сондай-ақ, «Мәриям» сүресіндегі:
«Олар онда бос әрі пайдасыз сөздер естімейді, тек қана есендік, амандық және бақыт тілеген жақсы сөздер естиді. Сондай-ақ онда ризық-несібелері де ертелі-кеш дайын тұрады» – деген аятты әйгілі тәпсір ғалымы Ибн Касир былай түсіндірген:
«Жұмақта күндіз де, түн де болмайды. Олар уақыттың өзгеруін тек жарықтың, сәуленің өзгеруінен біледі».
Яғни, Алла Тағала пәни дүниеде адамдар үшін күндізгі уақытты еңбек, нәпақы табу мен құлшылық үшін, ал түнді тынығып, демалуы үшін жаратқаны секілді, жұмақты тек жан ләззаты үшін жаратқандықтан күн мен түннің ауысуы секілді құбылыстар болмайды десек қателеспейміз. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!