Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұр Астана» мешітінде Рамазан айында тарауық намазына жиналған жамағатқа «Әнғам» сүресінің мазмұны турасында уағыз айтқан Бас мүфти Серікбай қажы Ораз басқа дін өкілдеріне тіл тигізбеу жайында уағыздаған болатын.
«Бұл сүренің бір ерекшелігі – мұнда басқа дін өкілдерінің сеніміне тіл тигізбеу жайында аят бар. Онда «Ғайры (өзге) діндегілердің (ғайры сенімдегілердің) Алладан басқа тəңір тұтып, жалынып-жалбарынатын өздерінің сеніміндегі жаратушы деп таныған құдайларына тіл тигізбеңдер. Əйтпесе, олар да надандықпен, білместікпен сендер бір деп таныған Аллаға тіл тигізіп, сендерге де кесірі тиеді… Сонымен бірге Құранда «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме» деп аяқталатын тұтастай бір сүре («Кәфирун» сүресі) бар. Яғни тыныштық үшін, тұрақтылық үшін, ортақ өмір сүріп отырған жер бетіндегі бейбіт өмір жолында барлық нәрсеге төзімділікпен, сабырлықпен, түсіністікпен қарап, басқа біреудің сенімін табаламауы керек екен» », – деген болатын Бас мүфти.
Арада бірнеше күн өткеннен кейін белгілі дінтанушы Жалғас Асхатұлы өзінің facebook парақшасына: «Менде осы жерде сұрақ туындап тұр. «Фатиха» сүресінің соңғы аятындағы «ашуға ұшырағандар мен адасқандар» деген топқа христиандар мен иудейлер меңзелгені туралы қателеспесем Ибн Касир тәпсірінде нақты айтылған риуаяттар бар. Сонымен катар «Жұма» сүресінің 5 аятында «өздеріне Тәурат жүктеліп, кейін оны игере алмағандардың мысалы кітаптарды артқан есек тәрізді» делінген. Бұл өзге дін өкілдеріне тіл тигізген болып саналмай ма? Бұған не дейді екен мамандар? – деп сұрау тастады. Жалғас Асхатұлы бұл жерде өзінің Құран мазмұнына тіл тигізуден аулақ екенін де жеткізіп, сұрағына ғана жауап іздегенін айта кеткен.
Дінтанушының бұл жазбасынан кейін бұл туралы мамандардың пікірін сұрап білуге тырыстық.
«Нұр Мүбәрак» египет – ислам мәдениеті университетінің PhD докторы, тәпсірші ғалым Мұхиддин Исаұлы Алла Құранда олардың адасқан екендігін айтса оларды жаман болсын деп емес, тура жолға келсін деп айтқан дейді.
– Ол сөзді адамдар емес, Алла айтып тұр ғой құлдарына. Алла өзі біледі.
Алла құлдарына ешуақытта жамандық қаламайды, бірақ құлдары өздері тілеп алады.
– Тілеп алғаны қалай?
– Мысалы бір елдің заңы болады, сол заңды аттаған адам жазаланады, халық жауы аталады, былайынша айтқанда қарғысқа ұшырайды. Сол секілді Алланың да өз заңы бар. Алла сол заңнан аттамаңдар дейді. Аттасаңдар заңыма қарай жазалаймын деп отыр.
Тағы бір мысалы, Алла Тағала «Бақара» сүресі көбінесе яһудилерге деген жақсылықтары туралы айтылса, «Имран» сүресінде христиандарға деген жақсылықтары айтылып, оларды әділдікке, мейірімділікке шақырған.
Арасында бір кездері шектен шыққандардың қарғысқа ұшырағандарын, ендеше сендер де солар секілді болмаңдар деп әділдікке, кешірімге, мейірімге үндеген. Мынаны есте жақсы сақтау керек. Әрбір айтқан сөзің дұрыс болуы қажет, бірақ, әр бір дұрыс нәрсені әр жерде айту дұрыс емес.
– Ал, өзге дін өкілінің сеніміне тіл тигізбей туралы айтқан бас мүфтидің насихатына не айтар едіңіз?
– Бас мүфти айтқан мәселе орынды. Келтірген әлгі аяттарда біреудің намысына тиіп, шымбайына батуға болмайтынын айтылған. Мысалы орысқа сен кәпірсің деу немесе мүшріктің сеніміне тиіп, намысын таптау, келекелеу, табалау орынсыз болып табылады. Қай кезде де шындықты орнымен, жұмсақтықпен айту – үлкен мәселе.
Тағы бір мысал, бізде тәңіршілдер бар, яғни атеистер. Олар амалсыздан тәңіршіл болып жүр. Оларға сен – кәпірсің, имансызсың, өлгенде жаназаң оқылмайды, өзге молаға жерленесің десең, олар да шыр ете қалады, бетіңе шап береді. Сол секілді ғой.
Сондықтан, Алла Тағала Мұса пайғамбардың өзін ең азғын Перғауынға жібергенде, жұмсақ тілмен жеткіз деп отыр. Егер Алла да әр қателескенді жазалайтын болса жер бетінде кәпір тұрмақ, мына заманда мұсылманның өзінде аз адам қалар еді.
Қысқасы бір кездері қазақта дінде, әдепте бар еді. Ал бүгінгі жастарда дін бар, бірақ әдеп жоғалған секілді.
– Сонда, діннің діңгегі әдептен тұрады дейсізғой?
– Әрине, дәл солай. Дін деген – әдептілік. Ал бұл күнде мұсылмандарда сол әдептілік жоғалуда. Себебі, олар басқа дін өкілдері тұрмақ өз бауырларының өзін дінде ұсақ мәселеде аямай сабайды, табалайды.
Көтерілген мәселеге қатысты пікір білдірген ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы да Бас мүфтидің сөзін қоштады.
«Біздің дініміз қоғамның есендігін, амандығын сақтауды мақсат тұтады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) басқа дін өкілдерімен қарым-қатынас туралы былай дейді: «Кімде кім басқа дін өкілімен мұсылман елінде, мұсылман қоғамында бірге өмір сүріп жатқан болса, оларды кемсітіп, зұлымдық жасаса немесе оған шамадан тыс міндеттер жүктейтін болса, олардың дүние мүлкін тартып алса, мен онда оған қарсы басқа дін өкілінің даушысы, оның құқығын талап етуші боламын» – дейді.
Ислам діні өзге дін өкілдерімен амандықта, есендікте, келісімде болуды мақсат етеді. Егер олар бізге қиянат жасамаса. Осы ретте Мүфти хазреттің өзге дін өкілдерінің сеніміне тіл тигізбеу керек екенін орынды айтып өткен» – дейді.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ