Күндердің күнінде қатты алаңдаулы әйел гинеколог дәрігерге кіріп келеді. Дәрігер әйелдің түріне қарап дереу не болғанын сұрайды. Сонда әйел:
– Дәрігер, менде үлкен мәселе болып тұр. Менің 1 жасқа енді толған балам бар. Соған қарамастан менің тағы екіншіге аяғым ауыр. Мен бұл балаларым тете болып, екеуін бір уақытта өсіре алмаймын. Соған сіздің көмегіңіз керек, – дейді.
– Сіз енді не істеуімді қалайсыз?
– Бұл жүктілігімді үзу керек. Дәрігер біршама ойланып:
– Мен одан да саған басқа жолын көрсетейін әрі бұл сенің денсаулығыңа да зиян емес, – дейді. Қуанған әйел:
– Айтыңыз, тыңдап тұрмын, – дейді.
– Біз былай жасайық, ақыры екі баланы бірдей баққыңыз келмесе қазіргі асырап жатқан қолыңыздағы баланы өлтірейік. Есесіне сіз мына құрсақтағы баланы босанғанша біршама демалып аласыз. Себебі, ақыры бір баланы өлтіру керек екенбіз, онда қайсысын өлтірсек те сізге бәрі бір емес пе? Оның үстіне жүктілікті тоқтатар болсақ, сіздің денсаулығыңызға қатты зияны тиеді, – дейді дәрігер. Мұны естіген әйел орнынан атып тұрып:
– Жоқ, дәрігер, ешқашан! Тірі баланы өлтіру деген не сұмдық?! – деп өре түрегеледі.
– Әрине, келісемін. Бірақ, сіз дәл қазір сол құрсақтағы тірі баланы да өлтіруге дайын болдыңыз емес пе? – деп күлімсіреді дәрігер.
Осылайша дәрігер құрсақтағы баланы өлтіру ол өмірге келген баланы өлтірумен тең екенін түсіндіріп, әйелді райынан қайтарған екен.
Түйін: «Кедейшіліктен қорқып, баларыңды өлтірмеңдер. Біз оларға да сендерге де ризық несібені береміз. Расында, оларды өлтіру – зор қателік» (Исра – 31 аят)
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы