Бүгінде Жүгінісовтер – халықтың назарында жүрген мерейлі отбасы. Жұлдызды жанұяның басты құндылықтары қандай? Әулеттің берекесі үшін отағасына қандай құрбандыққа баруға тура келді? Олар бала тәрбиесінде не нәрсеге көңіл бөледі? Өнерлі ағайындылардың анасы Айнұр ханым Жүгінісовтер отбасымен серуенге шыққан «Kazislam» порталының редакторына сырымен бөлісті.
Жолдасым отбасы үшін шығармашылық жолын құрбан етті
Жолдасым хореограф мамандығын бітірген. Ритмді керемет сезінеді. Алайда біз шаңырақ көтерген жылдар тұтас мемлекет үшін қиын кезеңдер болатын. Барлығы күнкөрісті ойлап кетті. Отбасын асырау керек болғандықтан күйеуім өнерді тастап, базарға шығып, саудамен айналысты. Мен театрда жұмыс істеуімді жалғастырдым. Жарыма қолқабыс болу үшін қойылымдардан бос кезімде, басыма кепка киіп, көзіме очки тағып алып, бірге сауда жасайтын едім.
Рүстем вагондарды аралап, ән айтып кететін
Рүстемнің тілі ерте шықты. Бір жасында тәй-тәй баспас бұрын, естіген әндерін ыңылдап қоса айтып жүреді. Кейін қонаққа барсақ та, базарға барсақ та, адамдардың алдына шығып ән шырқағанды ұнататын. Оны біліп алған туыстар, көршілер қызықтап, ән айтқыза беретін еді. Поездбен сапарға шықсақ, вагондарды аралап ән орындап кететіні бар-тын. Сөйтіп футболкасының етегін тәттіге, ақшаға толтырып, мәз болып келеді. Онысына мен ұялып, «олай жасауға болмайды» десем, жылайды. Ата-әжесі «тыя берме баланы, ертең сендерді асырайтын осы болады» деп айтатын. Расында, алты-жеті жасынан бастап, ән салып, ақша таба бастады. Өзі кішкентайынан сондай берекелі бала.
Мен өзімді отбасыма арнадым
Театрда әртістер арасында бәсекелестік өте жоғары болатыны бәріне белгілі. Басты рөлдерді сомдау үшін барлық уақытың мен энергияңды жұмысқа арнауға тиіссің. Алайда, мен бірінші орынға отбасымды қойдым. Өзімді әйгілі әртіс болуға емес, отанасы болуға арнадым. Менің бұл өмірдегі миссиям – ана болып, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Балаларын қалдырып, шетелге демалуға кететін дос-жарандарымыз бар. Мен үшін балаларсыз демалған, демалған құрлы болмайды. Барлығы улап-шулап көз алдымда жүргеннен рахаттанамын.
Бала тәрбиесінде бастысы – баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру
Ана ретіндегі басты парызым – қазаққа жанашыр, еліне пайдасы тиетін азаматтарды тәрбиелеу деп білемін. Ең бастысы тілдері қазақша болу керек. Ұлттық тағамдарды жеп өсуі де өте маңызды. Пицца, суши жеп өскен бала қандай, ет, бауырсақ, тары-талқан жеп, қымыз-қымыран ішіп өскен бала қандай?
Ұлттық ерекшеліктерімізден қашпауымыз керек
Әр ұлттың өзіне тән қасиеттері болады. Қазаққа келер болсақ – ол біздің қонақжайлылығымыз, көпшілдігіміз, дархан көңіліміз. Біздің үйде дастархан жиналмайды десем өтірік айтпағаным. Қонақтан қашпаймыз, қонақ ырысымен келеді дегенге сенеміз. Сондықтан да болар балаларымыз елгезек болып өсті. Айналасындағыларға жандары ашып, көмек көрсетіп жүреді. Көшеде бала кетіп бара жатса, «мамасы қайда екен?» деп алаңдап, бөбекті жетектеп, анасын іздеп кетеді. Қазір көбі балаларын батысша эгоист қылып тәрбиелеуде. Нәтижесінде ешкімге сіңімі жоқ, қара басын ғана ойлап қалған, жанындағыларға, тіпті өз ата-анасына селқос болып бой жетеді.
Балаларды бір-біріне қамқорлық көрсетуге үйреттім
«Бауырыңның қарны ашып қалған жоқ па?», «Ағаңның аяғы тоңып қалған болар, тәпішкесін әкеп бере ғой» деп, бір-біріне қамқорлық көрсетуді үйреттім. Үлкені – кішісіне, кішісі – үлкеніне сүйеніш. Қамқорлық көрсету кішкентайынан өң бойларына сіңгені соншалық, кенжеміз Альтаир бір жасар немереміз Айдай ұйықтап жатқанда құлап қалмасын деп, уайымдап бітеді.
Жалпы осы құндылықтарды насихаттау ниетімен ағайынды Жүгінісовтердің «Бауырлар» деген әні, қазақты бірлікке шақыратын «Жалғыз емессің» деген әндері жарыққа шыққан еді.
Бала дегенде ананың қайраты асып, өгіздей күші пайда болады екен
Басында Рүстем өзі тырысып, өзіне жол салды. Кейін баланың талпынысын байқағаннан кейін әкесі екеуіміз қолдау көрсете бастадық. Жалдамалы пәтерде тұрсақ та, жиған-терген қаражатымызға Рүстемді түрлі конкурстарға жіберетінбіз.
Он сегіз жасында «Х-фактор» жобасына қатысып, шығып қалды. Бұған баламыздың көңілі қатты босады. Оны көріп менің жүрегім ауырсын. Содан не керек, баланың көңілін аулау үшін, төртінші ұлымды босанайын деп жүргеніме қарамастан, жолдасым екеуіміз Рүстемнің алғашқы шығармашылық кешін ұйымдастыруды бастап кеттік.
Алла сәтін салып, «Қазақстан» концерт залына екі жарым мың адам жинала кетті. Сөйтіп кешті керемет өткіздік. Қолдау көрсетіп келген өнердегі аға, апаларына да рахмет. Қазір соны еске алсам, жаңа туған нәрестемен жүріп, қалай қорықпай өткізгенбіз деп таңғаламын. Концерт өткізуден ешқандай тәжірибеміз де жоқтын. Анадан-мынадан сұрастырып жүріп, хабарлама қалай беру керек екендігін, басқа да нюанстарды білдік. Бала дегенде ананың қайраты асып, өгіздей күші пайда болады екен ғой.
Мені дінге бет бұрғызған Рүстем
Мен де, жолдасым да діннен алыс едік. Алайда Рүстем ішімде жатып, алғаш рет қимылдағанда, көзіме жас келіп, «Құдайдың құдіреті осы екен ғой» дедім.
Бүгінде Рүстем мен келінім намаз оқиды. Солардың әсер етуімен өзім де намазға жығылуға ниеттеніп жүрмін. Әкем – жетпістен асса да әлі атеист. «Балаларды дінмен бүлдіріп жатырсыңдар. Тәртіп керек, жүйе керек кеңес кезіндегідей» дейді. Бірақ та исламның өзі – керемет тәртіп қой. Ол кісілерді енді түзей алмайсың. Егемендік алып, біз әйтеуір имандылыққа бет бұрып келеміз.
Келіннің дәрежесі қызыңнан да жоғары
Келінім Айжан қолымызда тұрады. Үйде орамал тағып, сәлем салады. Бірақ сыртқа заманауи киініп шығады. Үйге келін түсті екен деп «инвалидке» айналатын енелерді түсінбеймін. Айжанға бала бағуға да, үй жинауға да, тамақ пісіруге де барынша көмектесіп жатамын. Барлық шаруаны келінге итеріп қою дұрыс емес деп санаймын. Келіннің дәрежесі қызыңнан да жоғары. Себебі келін – сенің ұрпағыңды жалғастырып, әулетіңді көбейтер жан.
Болашақтан үміт көп
Биыл Мирас «Шабыт» университетіне оқуға түседі. Алдағы уақытта жеке әндерін жарыққа шығармақ. Рүстем мен Айжан да жаңа әндерін жазып жатыр. Халық өзі бағасын берер. Өнер адамдарына тыңдармандарының қошеметі керек қой. Болашақтан үміт көп жалпы.