Бір досым намаз бастамай тұрған кезінде әйелін емгенін айтып, кейін біреулердің әйелің анаңа ұқсас болып қалды. Енді некеде бірге болуларың харам депті. Осы мәселе төңірегінде фақиһ ғалымдардың көзқарасына тоқталып көрелік.
Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ему – сүйекті өсіріп, етті толтырғанда ғана болады» [1] десе, басқа бір хадисте: «Екі жастан кейінгі (бір әйелді) ему, емген (сүт баласы) саналмайды»[2] делінген.
Сүт арқылы болған (сүт анасы немесе сүт баласы болу) жақындық қай жаста болатынын немесе қай жаста ему некелесуді харам ететіндігі жайлы мәзһаб ғалымдарының да мынандай тұжырымы бар. Имам Әбу Ханифа отыз ай (екі жарым жыл) десе, имам Мұхаммед пен Әбу Юсуф екі жыл деген. Имам әл-Кәсани мәзһаб имамдарының көзқарасын қуаттап: «Жалпы сахабалар мен бүкіл ғұламалардың көзқарасы бойынша, кішкентай баланың омырауды емуімен емізген әйел сүт анасы болады, ал үлкейген кездегі омырауды ему некені харам етпейді. Себебі, харам етудегі әсер сүттің қорек болуы, еттің толуы, сүйектің өсуі»[3] деген.
Сүт еметін жастан асып, басқа тамақпен қоректене алатын жастағы адамның бір әйелді емуімен сүт аналық және сүт балалық туысқандық болмайды. Яғни, бір адам әйелін емген жағдайда араларындағы неке бұзылмайды, әрі қарай жалғасты өмір сүре беруге болады деген сөз.
Ескерту: Әбу Ханифа сүт еттен пайда болады. Ал адам етін жеу харам. Сондықтан, ересек адамның бір әйелді емуі де харам. Сәби бала басқа азықтық жей алмайтындықтан сүт емуге мұқтаж, зәрулік бар. Зәрулік болғандықтан сәби бала үшін сүт халал етілді деген [4].
Самет Оқанұлы
Исламтанушы
[1] Әбу Дәуіт, бабу ридағатил кәбир, 2060-хадис.
[2] Бұхари, 5102-хадис.
[3] Има әл-Кәсани, Бәдәиғус санайғ фи тартибиш шарайғ, 3-том, 400-бет.
[4] Қадая мұғасара, жәмиғатүл Азхар күллиятүл шариға, 1-том, 184-бет.