Сұрақ: Мұсылман емес кісі малды шариғат жолымен бауыздаса, етін жеуге бола ма?
Жауап: Шариғатта әһлі-кітап сеніміндегі яһуди және христиан адам сойған малдың етін мұсылмандарға жеуге рұқсат етілген. Өйткені, Алла Тағала Құран-кәрімде: «Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Кітап берілген (Христиан, Яһуди) дердің тамағы (бауыздағандары) халал етілді. Сендердің тамақтарың оларға да халал етілді» (Мәйда, 5) деп бұйырады. Осы аяттағы «тағам» кәлимасына ғұламалар етті де жатқызған. Ал, пұтқа табынушы, отқа табынушы, атеист адамның сойған малының етін жеуге болмайды (Мәусили, әл-Иқтияр, IV, 229; әл-Фәтәуа-Хиндия, V, 370; Ибн Абидин, Рәддул-Мухтар, IX, 474).
Әйтсе де, әһлі-кітап сеніміндегі адам сойған мал шариғатта рұқсат етілген төрт түліктің қатарынан болуы керек. Сондай-ақ, шариғат бұйырғанындай малдың тамағынан бауыздалуы тиіс. Және де мал бір Жаратушының атымен шалынуы қажет. Себебі, Алла Тағала Құран-кәрімде: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды» (Мәйда, 3) деп бұйырады.
Кейбір ғұламалар Алла Тағала Құран-кәрімде рұқсат бергендіктен, әһлі-кітап сенімін ұстанушы Алланың атын атамай бауыздаса да, ол малдың етін жеуге болады деп айтқан.
Бірақ, «Исаның атымен» немесе «Үзейрдің атымен» деп бауыздаса, ол малдың еті харам болып саналады. Сонымен қатар, шариғатта құрбандық үшін дайындаған малды әһлі-кітап сеніміндегі адамның шалуы мәкрүһ болып есептелінеді. Себебі, әһлі-кітап сенімін ұстанушы да Құрбан ниеті болмауы мүмкін. Жалпы, дін ғұламалары зәрулік болмаған жағдайда, әһлі-кітап сеніміндегі адамның сойған малының етін жемеген дұрыс деп біледі.
Мұхан ИСАХАН