Сұрақ: Өзге дін өкілдеріне Алладан тура жол тілеуге бола ма?
Жауап: Хидаят (араб тілінде) «тура жолда болу» мағынасын білдіреді. Шариғи мағынасына келер болсақ, «ақиқатқа қауыштырар Хақ жолын нұсқау, көрсету, дәнекер болу» дегенге саяды (Камус-тәржима. Әбул-Бака, 952-953 бб).
Нағында, Ұлы Жаратушының 99 есімінің бірі – әл-Хади (тура жолды көрсетуші) деп аталады. Расында да, Алла Тағалаға ғана пендесіне иман келтіруді нәсіп етіп, тура жолға сала алады. Бұл туралы Хақ Тағала Құран Кәрімде:
«Алла кімді қаласа, адастырады да, кімді қаласа тура жолға салады…» (Ибраһим, 4);
«(Мұхаммед Ғ.С.) оларды тура жолға салу саған міндет емес. Бірақ Алла кімді қаласа, тура жолға салады» (Бақара, 272);
«Алла қаласа еді, адамдарды тұтас тура жолға салар еді» (Рад, 31) деп бұйырады.
Жалпы, Құран-Кәрімде «хидоят» сөзі 300-ден астам жерде өтеді. Оның ішінде 85 жерде «тура жол» (хидая) мағынасында қолданылған. Басқа жерлерде «хидая» етістік мағынасында берілген.
Ибнул-Жәузи «хидоят» сөзінің негізгі шариғи мағынасы «тура жол» деп, одан өзге бас-аяғы 24 мағынасын тізбелеген. Рағиф әл-Исафахани «хидоят» сөзін «ізгілікпен тура жолды көрсету» деп түйіндеген. Оның пайымдауынша адам баласы Алланың берген ақыл-парасатымен және Құран-Кәрім мен сүннет арқылы таухид сеніміне ие болып, Хақпен қауыша алады. Осы арқылы өзгелерді тура жолға үгіттейді. Және тура жолда (хидоят) болған адам түптің түбінде ақырет күні мәңгілік бақытқа (жұмақ) кенеледі.
Өзге дін өкілдеріне хидаят тілеуге бола ма? дегенге келер болсақ, әлбетте болады деп айта аламыз. Себебі, Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзге сенімдегі адамдардың тура жолға түсуін ойлап, әрдайым қамығатын. Олар үшін дұға-тілек жасайтын. Мысалы, Хақ Елшісін (с.ғ.с.) Тайф сапарында мүшріктер тас атып қуғанда, әлемдердің рахымы болған парасат падишасы – Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға арнап ізгі-тілек жасаған еді. Жебірейіл мен таулардың періштелері келіп: «Қаласаң мына екі тауды үстеріне төңкерейік» дегенде, «Жоқ, мен олардың жермен-жексен болғанын қаламаймын. Мен олардың кіндігінен бір Аллаға ғана құлшылық жасайтын, Ұлы Жаратушыға серік қоспайтын ұрпақтың өрбігенін тілеймін» (Бұқари, «Бәди-Халк», 59/7) деп жауап қатқан болатын.
Алла Елшісіне (с.ғ.с.) сахабалары да келіп, өздерінің жақын-жуықтарының хидоятқа ермей жатқанын айтып арызданатын. Бірде Әбу Хурайра (р.а.) анасын исламды мойындауға шақырады. Анасы Хақ дінді қабылдаудан бас тартады. Бас тартып қана қоймай, Алла Елшісі (с.ғ.с.) туралы балағат сөздер айтады. Әбу Хурайра оған шыдай алмай дереу Нәбиге (с.ғ.с.) келіп: «Уа Алланың Елшісі! Анамды қанша мәрте тура жолға шақырсам да, иілер емес. Тіпті, сіз туралы балағат сөздер айтып, мені қатты ренжітті. Сізден сұрайтыным «Әбу Хурайраның анасына хидоят бер» деп дұға жасасаңыз екен» деп ағыл-тегіл жылайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) де сөзге келместен: «Уа Алла-Тағалам! Мына Әбу Хурайраның анасына хидаятты нәсіп ет!» деп дұға қылады. Әбу Хурайра үйіне келгенде, анасы жуынып-шайынып, басын жауып, орамал тағып: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» деп кәлима-шахадат келтіреді. Қуанып, шаттанған Әбу Хурайра (р.а) дереу барып бұл ізгі хабарды Алла Елшісіне (с.ғ.с.) жеткізген еді (Мұхаммед Юсуф Кандахули. Хаятус-Сахаба. 228).
Демек, Алла Елшісінің (с.ғ.с) сүннетін басшылыққа алар болсақ, өзге дін өкілдеріне хидоят тілеуімізге ешқандай кедергі жоқ. Олар үшін тек дұға-тілек жасап ғана қоймай, адами қасиеттерімізбен, мұсылмандық парасатымызбен, ілім-білімімізбен өзге дін өкілдеріне үлгі-өнеге болып, олардың Хақ дінді ынты-шынтымен сүйсініп, өз ырықтарымен қабылдауына себепші болуға ұмтылғанымыз абзал.
Мұхан Исахан
Алла Тағала баршамызды тура жолдан айырмасын!
Әмин!!!