Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.
Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.
Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.
Кез келген кәсіпті бастау үшін алдымен идея мен бизнес-жоспар қажет. Ал оның жолын ниеттенген адам табады. Алматылық зергер Абзал Молдабек орда бұзар жасқа дейін өз кәсібін дөңгелетіп, жолға қойған. Ол бойына дарыған өнерімен ата-бабадан қалған кәсіпті дамытып келеді.
Асыл тастармен безендірілген қыз-келіншектерге арналған әшекей бұйымдар әрдайым сәнде екені сөзсіз. Өйткені олар әр нәзікжандының көркіне көрік қосып, одан сайын ажарландырады. Көздің жауын алатын қолөнер бұйымдарын заман талабына лайықтап, қайта жаңғыртып жүрген шебер-зергерлер аз. Солардың бірі әрі бірегейі – алматылық Абзал Молдабек.
Ол Алматы облысы Қарасу ауданының Қарашілік ауылында дүниеге келген. 2015 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Қолөнер» мамандығы бойынша тәмамдады. Ал 2017 жылы зергер өзінің жеке шеберханасын ашты.
Он саусағынан өнер тамған зергер – бала кезінен сурет салатын. Оның сурет салуға қызығушылығын оятуға себепкер болған ағасы. Абзалдың айтуынша, оның арғы ата-бабалары да өнерден құр алақан емес.
– Әуелі адамның бойында өнер болуы керек. Кез келген зергер әдемілікті көре білуі және сурет сала білуі қажет. Ал қалғаны үздіксіз еңбекпен келеді. Бастысы – адамға шыдамдылық және бір орында отырып жұмыс істей алуы қажет. Ал жұмыс үдерісі кезінде басқа да түрлі ұсақ-түйек шаруаларды қатар жасаса, онда жұмыс өнбейді. Сондай-ақ кез келген зергердің бойында өз ісіне деген тұрақтылық болуы қажет, – дейді зергер.
Әшекей бұйымдар жасаумен айналысатын шебер үнемі ізденісте болуы керек. Ары қарай істі кәсіпке айналдырып, қаржы табу үшін еңбектенуге тиіс. Ол үшін зергер өзінің қолынан шыққан жұмысты халыққа көрсетіп, таныстыра білуі өте маңызды, – дейді Абзал.
Зергерден бұл кәсіп несімен адамды баурап алатыны туралы әңгімелескенімізде:
– Бұл кәсіптің адамды баурап алатын ерекшелігі – жұмыс үдерісі кезінде адамның өз-өзімен болуы. Мысалы, басынан соңына дейін жасап біткен кез келген қолөнер бұйымын өз көзіңмен көріп, қолыңмен ұстаған сәтте адам бойында ерекше бір сезім орнайды. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, оны тек сезіну қажет. Бұл іс сонысымен ұнайды. Екіншіден, өздеріңіз байқағандай, бұл іс алып-сату емес. Әр затты нөлден бастайсыз. Сол нөлден бастап жасап, нәтижесін көргенге дейін үдеріс мен үшін өте қызық, – дейді зергер.
Зергерлік саланың хас шебері атануы үшін тек шеберханада күн сайын сағаттап айналысу аздық етеді. Одан бөлек, үздіксіз ізденіс жұмыстарын жүргізуі қажет деген пікірді алға тартады алматылық зергер.
Оның айтуынша, әшекей бұйымдарды жасауға арналған құрал-жабдықтар елімізде жоқ. Сондықтан оларды Ресей мен АҚШ-тан алдыртады.
Ал бұл кәсіппен енді айналысып жатқан жас зергерлер құрал-жабдықтарды Қытайдан сатып алуына болады. Өйткені Қытайда АҚШ-та жасалатын құрал-саймандардың көшірмесі сатылады. Бұдан басқа бұйымдар жасауға қажетті күміс, алтын сияқты бағалы тастарды әр елден тапсырыспен сатып аламыз. Ал кейбір заттарды өзіміз өңдеумен айналысамыз, – дейді ол.
Абзал шеберханасында түрлі әшекей бұйымдар жасайды. Зергер қыз-келіншектердің ең сүйіп тағатын әшекейлерінің бірі – сырға жасаумен айналысады. Тіпті, олар көздің жауын алады. Сырғалар пішіні мен ою-өрнектеріне байланысты әртүрлі дайындалады.
– Кәсіпті алғаш рет бастаған уақытта тек тапсырыспен жұмыс істеп жүрдім. Клиент өзінің ұнатқан әшекей бұйымының суретін көрсетеді. Сол бойынша жасайтынмын. Кейіннен өзімнің жеке дизайн үлгілерін жасай бастадым. Себебі маған суретші-дизайнер ретінде де қалыптасу қажет еді. Содан бері бүгінге дейін кез келген әшекей бұйымның алдымен дизайнын ойластырамын. Кейін қағаз бетіне түсіріп, оларды жарнамалап, сатамын, – дейді зергер.
Шебердің айтуынша, кез-келген бұйымды әзірлеуге кететін уақыт әртүрлі. Бұл оның жасалу тәсіліне байланысты. Мысалы, кейбір затты әзірлеуге 1 айдан 1 жылға дейін уақыт кетеді. Ал жасалуына бір ай уақыт кететін білезіктің бағасы 100 мың теңгеден жоғары.
Себебі кез-келген әшекей бұйымдарын жасамас бұрын оны жан-жақты зерттейміз. Біріншіден, оны күнделікті өмірде таққан кезде ыңғайлы болуы керек. Екіншіден, оның жасалу технологиясына баса назар аударамыз. Солардың барлығын зерттеуге біраз уақыт қажет, – деді Абзал.
Алайда кейбір заттарды бір күн ішінде әзірлеуге болады екен.
Бір күн ішінде жасауға болатын ең оңай әшекей бұйымдар бар. Сәйкесінше олардың бағасы да арзан болады, – дейді ол.
Зергерден әшекей бұйымдарды әзірлеу үшін идеяның қалай пайда болатынын сұрап білген едік:
– Жұмыстан тыс уақытта ою-өрнектерді қалай салуға болатыны жайында түрлі кітапты қараймыз. Әлбетте, оларды түпнұсқасы бойынша көшірмейміз. Керісінше оларды негізге ала отырып, аздап сыртқы пішінін өзгертеміз және заманауи дизайнмен әзірлейміз. Себебі көне заттарды сол күйінде көшіре салғаннан алға жылжу болмайды. Идеялар көбінесе әлеуметтік желілердің көмегімен келеді. Ол жақтан әлемдік деңгейдегі зергерлердің жұмыстарын қарап отырамыз. Солардың жасалу тәсілдерін жұмыс үдерісі кезінде қолданып, ұлттық ою-өрнекпен байланыстырып, бірегей туындымызды дайындаймыз. Себебі өнімді төл тарихи жәдігерлерімізбен байланыстырмасаңыз, әшекей бұйым тамырсыз дүние секілді болады, – дейді Абзал.
Зергердің айтуынша, қазіргі таңда бұл салада мамандар аз. Сондықтан оларға әмбебап маман болуға тура келеді. Шеберлер ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарды басынан соңына дейін жасау үдерісімен өздері толық айналысады.
Күнделікті жұмыс үдерісі өте қызық. Әшекей бұйымдар әртүрлі технологиямен жасалады. Оны өңдейміз, ерітеміз одан кейін тастармен безендіреміз және осылай тағы жалғаса береді. Зергерлік сала өз ішінде бірнеше бағытқа бөлінеді, алайда, қазіргі таңда соның барлығын өздері жасаумен айналысатынын тілге тиек етті шебер.
Сондай-ақ ол әңгіме барысында алғаш жасаған бұйымы жайында сөз қозғады. Студент кезінде бірінші рет сырға жасапты.
Оны суретке түсіріп, сақтап қойдым. Өйткені ол – мен үшін өте ыстық. Ал сырғаны емтихан жұмысымда қолданғандықтан білім алған университетіме қалдырып кеттім. Қазіргі кезде өзімде тек суреті ғана тұр, – дейді еске түсіріп Абзал.
Шебердің пікірінше, кез келген әшекей бұйымға сұраныс тудыруға болады. Ол үшін бұйымды халыққа дұрыс таныстыра білу маңызды.
Зергерлік бұйымды таңдаған кезде алдымен оның қандай материалдан жасалғанына және заттың жасалу технологиясына назар аудару қажет. Содан кейін әшекейді адам таққан кезде оның ыңғайлығына мән беруге тиіс, – дейді шебер пайдалы кеңестерімен бөлісіп.
Алматылық зергер әшекей бұйымдар әзірлеумен қатар, соңғы бірнеше жылдан бері отызға жуық шәкірт тәрбиелеген.
– Олардың көбісі бірге оқыған курстастарым. Жұмыс орныма еліміздің түкпір-түкпірінен бұл салаға қызығушылық танытқан жандар келді. Тіпті, көрші Қырғызстаннан зергерлер келіп, тәжірибе алмасып тұрады. Негізінен мен осы кәсіппен айналысып жүргендерді оқытамын. Олардың арасында бұл салаға енді келген азаматтар да бар. Бастысы зергерлікпен айналысатын адамдардың бойында сурет салу қабілеті болуға тиіс. Сол кезде олар бұл істі ары қарай алып кете алады, – деп сөзін түйіндеді Абзал Молдабек.
Сабина КӘКІМЖАН