Зекеттің белгілі бір адамға парыз болуы үшін төмендегі шарттардың орындалуы тиіс.
1. Мұсылман болуы
Басқа ғибадаттар сияқты зекет ғибадатында да беруші адамның ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен, азат мұсылман болуы шарт. Мұсылман мемлекетінде өмір сүретін басқа дінді ұстанушыларға және балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге зекет беру парыз емес.
Ханафи мәзһабынан тыс басқа мәзһабтарда балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге де зекет беру парыз. Олардың малдарының зекетін уәлилері[1] береді.
2. Нисап көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие болу
Зекеттің парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне жететін байлыққа ие болуы керек. Нисап дегеніміз – зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері.
Зекеті берілетін байлықтың түрлері мен зекет беруді парыз ететін нисап көлемі
Алтында: жиырма динар, яғни, 85 грамм
Күмісте: екі жүз дирһам, яғни, 595 грамм
Түйеде: бес
Сиырда: отыз
Қой мен ешкіде: қырық
Сауда заттарында: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса.
Ақшада: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса
Бау-бақша және егіс өнімдері
Күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттерге нелер жатады?
1. Тұратын үйі, үй жиһаздары мен аспаптары;
2. Ғылым адамдарының кітаптары мен өнер адамдарының аспаптары;
3. Өзі және әйелі, балаларына жететен бір айлық (басқа бір риуаятта бір жылдық) азық-түліктері;
4. Өзі және отбасының киетін киімдері;
5. Дәрі-дәрмектер. Дінімізде денсаулықты сақтау парыз саналғандықтан отбасыға күтімге міндетті адамдарға қажетті дәрі-дәрмек, емхана қаржылары негізгі қажеттіліктерге саналып, олардан зекет алынбайды.
6. Егістікпен шаруашылықпен айналысатын адамдардың трактор, комбайн сияқты құралдары мен аспаптарынан зекет алынбайды. Бірақ бұл құралдармен басқаларға жұмыс істеп, ақша табатын болса, тапқан ақшадан зекет алынады.
3. Зекеті берілетін байлықтың өсімділігі
Зекеті берілетін байлықтың өсімді болуы оларды күнделікті өмірде қажетімізге қолдану мақсатымен емес, иесіне кіріс кіргізу мақсатымен қолға ұсталуы. Мысалға, сауда заттарының сауда жасау арқылы, мал-жануарлардың төлдеу арқылы, егіс, бау-бақшаның жеміс беру арқылы иесіне кіріс кіргізуі сияқты. Алтын, күміс, ақша, әшекей бұйымдармен сауда жасап, кіріс кіргізуі мақсат етілмесе де, олардан зекет беру парыз. Яғни, олардың өсімді болуы шарт емес.
4. Зекеті берілетін байлыққа бір жыл толуы
Зекеті берілетін байлыққа ай санауымен бір жыл толуы керек. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Бір жыл толмай байлыққа зекет берілмейді»[2], – дейді. Бір жыл – зекеті берілетін дүние, малдардың көбейіп, өсетін уақыты.
Жыл толу мәселесінде Имам Әбу Ханифаның көзқарасына сүйенсек, зекеті берілетін байлық екіге бөлінеді.
а) Алтын, күміс, барлық ақша түрлері және жылдың көбінде қырда жайылатын малдар мен сауда заттары.
ә) Барлық егістік, бау-бақша өнімдері мен қазба байлықтар.
Бірінші бөлімдегі зекет берілетін заттар мен дүние-мүлік, малдардың зекеті берілу үшін толық бір жыл толуы шарт. Өйткені, малдардың төлдеп, сауда заттарының кіріс кіргізетін уақыты кем дегенде бір жыл. Ал екінші бөлімдегі зекеті берілетін дүниелердің зекеті берілуі үшін бір жыл толуы шарт емес. Өйткені, егіс пен бау-бақшадан бірнеше айда өнім алуға болады. Сол сияқты қазба байлықты бір жылда бірнеше рет алуға болатындықтан, бұларға нисап мөлшері мен бір жыл толу шарты қосылмайды. Ал Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің бұл мәселедегі көзқарасына сүйенсек, шамамен бір тоннаға жетпейтін және қолда бір жыл сақтауға шыдамайтын егіс өнімдері мен жеміс-жидектерден зекет алынбайды.
Зекет парыз болу үшін Ханафи мәзһабында нисап көлемі жылдың басында әрі жылдың аяғында толық болуы шарт. Мысалға, бір адам негізгі қажеттерінен тыс 100 грамм алтынға ие болса, бір жыл толғаннан кейін 50 грамға азайса, бұл адамға зекет беру парыз емес. Бірақ жылдың ортасында азайып, жылдың аяғында нисап көлеміне қайта жетсе, зекет беріледі. Мысалға, алты айдан кейін 50 грамға азайса, бірақ жылдың аяғында 120 грамға шықса, жылдың басындағы 100 грамның немесе жылдың ортасындағы 50 грамның зекеті берілмей, жылдың аяғындағы 120 грамның зекеті беріледі.
Зекеті берілетін байлық, мал-дәулет бір жыл толғаннан кейін көбейіп өссе, көбейген бөлімінің зекеті дәл сол жылы берілмейді. Көбейген бөлімінің зекеті келесі жылы дәл сол уақытта беріледі. Мысалға, бір адамның қолында өткен жылғы Рамазан айының он бесінде 100 мың теңге болса, бұл көлем биылғы жылы Рамазан айының он бесіне дейін 140 мың теңгеге көбейіп, Рамазан айының жиырмасында 160 мыңға жетсе, 140 мың теңгенің ғана зекеті сол жылы беріледі.
Зекеттің парыз болуы үшін малға бір жыл толуы керек дедік, бірақ пақыр кедей-кепшіктердің жағдайын ойлап, бір жыл толмай да зекет бере беруге болады. Бірақ бір жылда екі рет зекет берілмейді.
5. Қарыз болмауы
Адамдарға болған қарыздың барлық түрі – зекеттің парыздығына бөгет жасайды. Мысалға, бір адам негізгі қажеттерінен тыс 100 грамм алтынға ие болды делік. Бірақ бұл адамның басқа біреуге 20 грамм көлемінде қарызы болса, бұл адамға зекет парыз емес. Өйткені, қарыздан тыс қалған малдың мөлшері нисап көлеміне (85 гм шамасындағы алтынның құны) жетпейді.
Алдыңғы бір жыл немесе бірнеше жыл үшін берілмеген зекет есесі қарызға жата ма?
Бір жыл немесе бірнеше жыл үшін берілмеген зекет есесі қарыз болып саналады және міндетті түрде өтелуі тиіс. Өтелгеннен кейін қалған ақшаның құны нисап мөлшеріне жетіп жатса ғана сол жыл үшін зекет беріледі.[3]
Қарыз иесі борыштының қарызын кешкен жағдайда…
Қарыз иесі қарызын борыштыдан кешкен жағдайда, кешілген қарызды қосқанда барлық ақшасының мөлшері нисап мөлшеріне жетіп жатса, зекет беру парыз. Қарыз иесі қарызын кешкен күнге бір жыл толғаннан кейін зекет береді.
Құрбандық, пітір садақа, кәффарат, қажылық сияқты мұсылманның мойнындағы қарыздар зекеттегі нисап мөлшеріне әсерін тигізе ме?
Аталмыш қарыздар Аллаһ пен құлдарының арасында болғандықтан, зекеттің нисап мөлшеріне әсерін тигізбейді. Мысалға, біреудің байлығы нисап мөлшеріне жетіп тұрса, бірақ мойнында аталмыш қарыздары болса, және бұл қарыздарды өтеген жағдайда, қалған ақшасы нисап мөлшеріне жетпей қалса да зекет беру парыз болып қала береді.
6. Зекеті берілетін байлыққа толық ие болу
Зекеті берілетін байлыққа зекет беруші адам толық ие болуы керек. Яғни, иесінің иелігінде және қолында тұрып, қалаған уақытта қолдана алатындай мүмкіндікте болуы керек. Мысалға, басқа біреуге кепілдікке берілген затқа зекет берілмейді. Өйткені, кепілдікке берілген зат, иесінің иелігінде десек те қалаған уақытында қолдана алмайды.
Сатып алынып, әлі қолына тие қоймаған затқа зекет беріледі. Өйткені, сатып алынған заттың сатып алған адамның қолына тию пайызы басымырақ.