Алматы облыстық орталық «Қапшағай» мешіті және ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының жергілікті өкілдігінің мұрындық болуымен «Берекелі Тайқазан» атты қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Ізгі шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы, «Зекет және қайырымдылық» қорының жергілікті өкілі Қаби Ринат және дін қызметкерлері қатысты.
Жомарт жүректі азаматтардың қолдауының арқасында жүзеге асқан шара барысында құлшылық үйінің тізімінде тұрған 100 отбасыға бір айлық азық-түлік себеттері үлестірілді.
Игі іс Іле ауданы дін қызметкерлерінің ұйытқы болуымен «Рамазан сүйіншісі» атты ауқымды қайырымдылық шарасына ұласты ұйымдастырылды. Оған ауданның бас имамы Дархан Аманұлы, «Зекет және қайырымдылық» қорының жергілікті өкілі Ринат Маратұлы және дін қызметкерлері қатысты.
Дархан Аманұлы жиналған көпшілікке Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлының ыстық сәлемін жеткізіп, қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Ринат Маратұлы өз кезегінде бұл шараның мән-мағынасын түсіндіріп, берекелі Рамазан айында да осындай қайырымдылықтардың жалғасатынын айтып өтті.
Жомарт жүректі азаматтардың қолдауының арқасында жүзеге асқан шара барысында Іле ауданына қарасты шалғайда жатқан Еңбек, Құйған, Жаңа Арна мен Қосөзен ауылдарында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасыға бір айлық азық-түлік себеттері үлестірілді.
Бұдан бөлек, аталмыш елді мекендерде орналасқан құлшылық үйлерінің имамдары мен қызметшілеріне 30 000 теңгеден қаржылай көмек берілді.