Исламдағы әрбір парыздың өзіндік пайдалары мен хикметтері болғаны сияқты зекеттің де көптеген пайдасы мен хикметтері бар. Олар:
- Зекет алдыменен зекет берушінің өзін барлық күнәларынан арылтып, зекетін берген мал-мүлкінің берекесін асырып, көбейтеді. Зекет бәле-жаладан апат, ауру-сырқаудан, ұрлықтан сақтап, байлығының құрып кетпеуіне үлкен мүмкіншілік жасайды.
- Әз Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәріпінде; «Кімде-кім малының зекетін берсе, жамандығы кетіпті», – десе, екінші бір хадисінде: «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, бастарыңа келетін бәлелерді тілейтін дұғаларыңмен тойтарыңдар», – деп өсиет еткен.
- Зекет қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа, кедей-кепшіктерге мейірімменен қарауға тәрбиелейді. Мал-дүниесі аз кедейлердің орташа өмір сүруіне ықпал жасап, өзара байланысты нығайта түседі, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды. Пайғамбарымыз Мұхаммад (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Зекет Исламның көпірі»,- деп әлеуметтік өмірдегі табиғи түрде бай, кедей деп бөлінудің мәнін жойып, зекет арқылы бір дастархан басына жиналатындығына ишарат етеді. Өйткені зекет бай мен кедейді жақындастыратын маңызды ғибадат.
- Зекет қоғамдағы ұрлық-қарылық, алдап-арбау, адам тонау кісі өлтіру, құмар ойнау (казино, ойын автоматтары т.с.с) сияқты жаман әдеттердің алдын алады. Мысалы; бір нәрсеге мұқтаж болған кембағал кісі мақсатына жету үшін жоғарыдағы айтылып өткен істердің кез-келгеніне баруы әбден мүмкін.
- Зекет ғибадаты, Алла Тағаланың берген байлық нығметіне шүкір ету болып саналады. Зекет беруші мұсылман әрқашан қолындағы байлықтың Алла Тағала тарапынан берілген жақсылық екенін түсініп өзінен де зерек, қабілетті, ден-саулығы мықты талай адамдардың бұл нығыметтен мақұрым екендігін түсініп сол нығметтерді өзіне нәсіп еткен Алла тағалаға шүкір етуі керек. Әр нығмет өзіне сай шүкірді талап етеді. Ілімнің шүкірі оны басқаға үйретуменен дене мүшеміздің шүкірі ораза ұстап, намаз оқу тәрізді ғибадаттармен орындалатыны сияқты байлық нығметінің де шүкірі мұқтаждарға көмектесіп, зекет беру арқылы жүзеге асады.
- Ең маңыздысы, барша пенделердің арманы болған ақыреттегі ұлық мәртебеге жету. Алла Тағала Құранда өзінің әмірлерін орындап, тыйған тыйымдарынан тиылған құлдарын ақыретте сый-сыйапатқа кенелтіп, өзінің мархаметіне бөлейтіндігі турасында сөз беріп уәде еткен. Зекет те Алла Тағаланың бұйрған әмірлерінің біреуі, сондықтан орындаушысы уәде етілген сый-сыяпатқа кенеліп, Алланың ризашылығына бөленері сөзсіз. Сонымен қоса, зекет – «Тәубе» сүресінің 103-аятында білдірілгендей күнәлардың кешірілуіне себеп болады. «Олардың малдары көбейіп және өздері күналардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал»,- деген.