Ислам – адамзат қоғамында ғылым мен білімнің, өркениеттің жолын ұсына білген кәміл дін екендігі Батыс әлемі тарапынан да ерекше алғыспен сөз етілуде. Соның бір дәлелі бесінші халифа атағына ие болған Омар ибн Абдулазиздің (р.х.) билікте болған кезеңі. Ол халқын «Зекет беруге лайықты кедей табылмаған» төрт түлігі түгел, дәулетті елге айналдырып, Әл-Фараби бабамыздың: «Ең бақытты ел – қайыршысы жоқ ел» деген статусына жеткізген танымал тұлға.
Тарихи еңбектерде, «Либия және Тунистің әкімі басқарып тұрған елдерінде зекет беруге лайықты кедейді (мұсылман) таба алмағандарын сөз етіп, халифа Омар ибн Абдулазизге (р.х.) бірнеше мәрте хат жазады.
– Халифа оларға: «Зекеттеріңді христиан және яһудилердің арасынан кедейлер тапсаңдар соларға беріңдер», – дейді.
– Әкімдер: «Олардың арасынан да зекет алатын бірде-бір кедей шықпады», – дейді.
– Халифа: «Онда зекеттеріңді көшеге шығарып, адамдарға хабарлаңдар. Зекет алуға лайықты болған жандар алсын», – деп әмір етсе де ешкім келіп зекеттен алмайды»[1] делінген.
Бұл риуаятта екі мәселенің сөз етіліп тұрғанын көреміз. Біріншіден, жоғарыда атап өткеніміздей, халифа Омар ибн Абдулазиздің (р.х.) заманында зекет беруге лайықты кедейлердің болмағанын растайды.
Екіншіден, «Қажеттілік жағдайда зекетті мұсылман еместерге беруге бола ма?» деген сұрақты келтіріп шығарады. Фақиһ ғалымдардың басым көпшілігі «Зекетті мұсылман еместерге беру дұрыс емес» десе, енді бір бөлім ғалымдар рұқсат еткен.
Имам Сарахси: «Кәпірге зекет берілмейді. Алайда, имам Зуфар (р.х.) қияс (салыстырмалы үкім шығару) негізінде, зиммиге (амандығына кепілдік берілген кітап иелеріне) беруге болады. Өйткені, зекеттегі мақсат Аллаға жақындау ниетімен кедейлердің мұқтаждығын кетіру болғандықтан, мақсат орындалып тұр» дегенін келтіреді [2].
Демек, дүйім халықтың арасынан зекет алуға лайықты бір мұсылман табылмаса, онда өзге дін өкілдеріне беруге болады. Әрі бұл нағыз гуманизмнің, толеранттылықтың негізі Исламда жатқанын көрсетеді.
Осы жерде Омар ибн Абдулазиз (р.х.) халқын қалай дөңгелек дәулетті елге айналдыра білді? деген сұрақтың ойға оралары анық. Жауабы ретінде, Омар ибн Абдулазиздің (р.х.) өте діндар болуымен қатар, Алланың мұсылман байларына парыз еткен зекет сияқты діни бір міндетті пақыр-міскіннің ақысы деп ғана қарамай қоғамдық мәселені шешудің бір тетігі екендігін жете түсініп, жүйелі атқара білді десек болады.
Мәселенің мәнін ашу мақсатында осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл ақсақалы болып қалған бір ағамыздың, XIX-XX ғғ. Қытай қазақтарының діни қайраткері, ағартушысы, көшбасшысы бола білген Ақыт қажы Үлімжіұлы (1868-1940 жж.) туралы мына бір әңгімесін өздеріңізбен бөлісе кеткенді жөн көрдік.
Әл-Қисса былай: «Ақыт қажы Үлімжіұлы Алтай өңірінің діни қайраткері әрі бүкіл халықтың басын біріктіріп, ақыл айта білетін данасы еді. Оның бір әдеті, ел көктеуліктен көшіп жәйлауға жәйғаса бастаған уақытта қасына 4-5 адам ертіп алып, елді аралап зекет жиюға шығатын. Жайлауға қоныстанған елдің бір шетінен бастап, әрбір ауылға ат басын бұрып, сол елді-мекеннің халқына дінді, діндегі зекеттің орнын түсіндіре келіп, малдарының зекеттерін бергізетін. Зекеттерін санап алған соң, зекет малдарын әуелі сол ауылдағы кедейлерге өз үлестерін таратып беріп, қалғанын алдарына салып айдап кететін. Олар халық арасын бірер апта аралаған соң, «Ойбай, Ақыт қажы Үлімжіұлының елден жиған малы 200 болып, 500 болыпты» деп қауөсек таралып жатса, енді бірер апта өткен соң «Ой, Ақыт қажы Үлімжіұлының елден жиған малы азайып 20 тұяқ қалыпты, 50 шақтысы қалыпты» делініп жатады екен. Міне, осылай Ақыт қажы Үлімжіұлы ақыл-парасатымен халқын діннің үкімінен хабардар ете отырып, байлардың малының зекетін кедейлеріне үлестіріп беру жұмысын үзбей бес, он жыл істеудің нәтижесінде Алтай өңірінде бірлі-жарым кедей отбасы болмаса, көбінің жағдайы жақсарып кеткен екен». Міне, бұл өмір сүрген ортасының шарт-жағдайына қарай екі дүниелік істерінде де жол көрсете білгендік.
Қорыта айтар болсақ, сірә әлемде пақыр-міскіні жоқ ел жоқ шығар. Бір ел халықын бір мүддеге, өзара бауырмалдыққа ұйыстыра білуі кедейліктен алып шығар басты жолы болып табылады. Ұйысып өмір сүру қиын ба?! Жоқ, қиын емес. Бар болғаны халыққа оның өзіндік алғышарттарын ұсына білу, бейімдей білу ғана.
Әркім бақытты өмір сүргісі келеді, дұрыс бағыт-бағдар көрсетілсе оны арықарай дөңгелетуге халық дайын. Омар ибн Абдулазиздің (р.х.) халқын «Зекет беруге лайықты кедей табылмаған» дәулетті елге айналдыра білуі бір қарағанда қиял, мүмкін емес секілді көрінгенімен жолы өте оңай.
Яғни, әркім халифа Омар ибн Абдулазиз (р.х.) және Ақыт қажы Үлімжіұлы секілді діндегі парыз амалдардың бір ұшы қоғамдағы мәселелерді шешуге бағытталғанын әрі бүгінгі күннің талаптарына сай қоданысқа енгізу керектігін сезінсе, мұсылмандық парызы ретінде мойнына ала білсе, қоғамдағы көптеген мәселелер өз шешімін таппақ!
[1] Тариху уасит, 182 б; Муатта, 59 б.
[2] Мабсуд, 2-том, 202 б.