Астанада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Алматы ауданы бойынша бөлімінде қазақтың ұлттық ойыны – арқан тартудан жарыс өтті. Оған 9 команда қатысып, белсенді 36 зейнеткер атсалысты.
Ойынның шарты бойынша тартысқа түскен екі топ бірін-бірі тартып, жердегі орталық сызықтан бұрын сүйретіп өткізіп әкету еді.
Жарыстың мақсаты егде жастағы адамдардың күш-қуатын дамытып, ойын арқылы қимыл бірлігін қалыптастырып, әлеуметтік топ арасында достық қарым-қатынасты нығайту еді.
Ұлттық ойын өте тартысты өтті. Әр қатысушы өз командасы үшін тырысып, жарыстың қызықты өтуіне себепші болды.
Ойын барысында «Алға», «Жұлдыз», «Батыр», «Шырақ», «Скандинавцы», «Жолбарыс», «Шахматшылар», «Жеңіс», «Қазына» топтарының ойыншылары дайындықпен келгендерін байқатты.
Зейнеткерлерден құралған «Жұлдыз», «Жеңіс» және «Алға» командалары жеңіске жетті. Барлық жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен, кубоктармен, медальдармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Арқан тарту жарысы Астана қаласы әкімдігінің Спорттық- бұқаралық іс – шараларды өткізу дирекциясымен бірлесіп ұйымдастырылған болатын.
«Жалпы біздің орталықта ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді насихаттау бағытында зияткерлік клубтарымыз жұмыс істейді. Жақында «Енші бөлу» ғұрпы бойынша ашық сабақ, тоғызқұмалақтан турнир өткіздік. Алдағы уақытта асық атудан жарыс өткізу жоспарда бар. Ұлттық дәстүрімізді насихаттауға бағытталған мәдени шараларға зейнеткерлеріміз үлкен қызығушылық танытады» деп сөзін түйіндеді Алматы ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсетулер орталығының басшысы Динара Зәкір.
Орталықтың ақпараттық-танымдық бөлімі