Түркістан облысы, Отырар ауданы, Ақтөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер Әжекбар Қорғанбеков жаяу жүргіншілер көп жүретін «Ақтөбе» арнасыының бойына шағын көпір салып берді.
Арнаның екі жағасын жағалай отырған тұрғындар бұған дейін ескі көпірден өтіп, мектепке баратын балаларының жағдайына алаңдап келген еді. Аталған көпірден отыздан аса отбасының 60-қа жуық баласы мектепке барып-қайтады.
Бүгінде жаңадан салынған көпір ата-аналардың уайымын сейілтіп, тұрғындарға қуаныш сыйлады. Аталған көпірдің лентасы қиылып, тұрғындар осы өнегелі ісімен елге сыйлы болған Әжекбар қарияға алғысын жаудырды.
Ұзақ жылдар бойы механизатор болып еңбек еткен Әжекбар Қорғанбеков бүгінде 84 жасқа толып отыр. Бейнетінің зейнетін көрген абыз ақсақал көпірді салу мәселелесі көтерілгенде қарап отыра алмағанын, туған елге, туған жерге азаматтық парызын осындай өнегелі істерімен өтеуді жөн санағанын айтады.
«Халық көпірдің игілігін көрсін, еліміз өркендеп, ауылдарымыз көркейе берсін», – дейді Әжекбар ата.