Тәуелсіздіктен кейін мектептердің түрі көбейді. Біз білетін мемлекеттік орта мектеп қана болатын. Бүгінде шетелдік үлгідегідей жекеменшік мектептер де бар. Бұған математика және гуманитарлық сияқты арнайы бір бағытты тереңдетіп оқытатын оқу орындарын қосыңыз.
Бұдан бөлек, оқу бағдарламасы бірыңғай ағылшын тілінде жүргізілетін оқу ордалары да кездеседі. Қысқаша айтқанда, балаңыздың қабілетіне қарай мектеп таңдау мүмкіндігіне иесіз. Өзінің колледжі мен университеті, тіпті бала-бақшасы бар кешенді орта оқу орындарына да беруге болады. Мұның барлығына тағы мектептен тыс оқу орталықтарын қосыңыз.
Бүгінде, бірінші сыныпқа қабылдайтын балаға әңгімелесу түрінде психологиялық тест те өткізеді. Қарап тұрсаңыз, баланы мектепке беру жоғары оқу орнына түсіруден де күрделі. Бұл да заман талабы болар. Барлығы қарыштап дамып жатыр. Бүгінгі мектеп оқушысы соған дайын болуы да керек шығар. Десе де, білім бәйгесіндегі сан алуан оқу ордалары ішінде ең үздігі қайсы?
Кешегі даналар: «Әдеп (тәрбие) – білім баспалдағы» деген.
Ислам әлемін мемлекет ретінде қуатты еткен халифа Омардың (р.а.):
«Әуелі әдеп үйреніңдер, соңыра білім алыңдар»,-деген сөзі бар.
Халифа Омардан (р.а.) мемлекеттік қайраткер ретінде тәлім алған табиғин Ахнаф:
«Жарық – көздің нұры болғандай, әдеп – ақылдың нұры»,-деген.
Расында, адам көзінің көру қабілеті сәулені, жарықты қажет етеді. Демек, адам бойындағы білім кәдеге жарау үшін де әдеп сол дәрежеде аса маңызды.
Мәлік бин Әнас (р.а.): Менің анам бала күнімде, білім алқасына шығарымда, сәлдемді кигізіп жатып:
«Ей, Мәлік! Ұстазыңнан білімнен бұрын әдеп үйрен»,-деп құлағыма құятын деп еске алады.
«Әдеп білімнің үштен екісін құрайды» деген де ғалымдардан қалған нақыл сөз бар.
Хасан Басри Ибн Мубарак жайлы:
«Ол кісі білім үйренетін және білімі оның тақуалығынан, жүріс-тұрысынан және сөйлеген сөзінен көрінетін»,-деп білім мен әдепті ұштастырғанын айтқан екен.
Данышпандар:
«Кез келген нәрсе көбейсе құны арзандап кетеді. Ал, әдеп көбейсе бағасы қымбаттайды»,-дейді екен.
Расында, қоғамда жемқорлық сияқты індеттер білімсіздік салдары емес. Тәрбиенің жұтаңдығынан туындаған проблема. Білім жеке тұлғаға да, қоғамда да ортақ пайдалы болуының бастауы – тәрбиеден. Үздік мектеп көрсеткіші де осы болса керек.
Руслан ҚАМБАР