Зәуре Саминова – Тәжікстан астанасы Душанбеде жеке балабақша ашып, қоғамдық жұмыспен белсенді айналысып жүрген қазақ әйелі. Балабақшаның бір кабинетін 2006 жылы өзі құрған «Бәйтерек» қазақ қоғамдық бірлестігінің кеңсесі етіп жабдықтап қойған. Негізгі жұмысынан бөлек, демалыс күндері 30-ға жуық оқушыға қазақ тілінен сабақ береді. Оған қоса, Тәжікстанның әр аймағында тұратын қазақтардың мәселесін шешемін деп талай есікті қағып, талай табалдырық тоздырып, табандылық танытып жүр.
«Елден келген қазақты көрудің өзі – бір мереке» деп ағынан жарылған қандасымызға хабарласып, Тәжікстан аумағында тұрып жатқан қазақтардың тұрмысы мен тіршілігі туралы әңгіме өрбіттік.
Тәжікстанда 12 000-нан астам қазақ тұрады
– Тәжікстандағы қазақтар десе, бірден сіз еске түсесіз. Бірақ көпшілік сізді сол жақта туып-өскен деп ойлап жүрсе керек. Сол үшін ең алдымен Душанбеге келу тарихыңыз туралы бірер сөз айта кетсеңіз.
– Мен Шығыс Қазақстан облысына қарасты Күршім ауданында туып-өстім. Осыдан 43 жыл бұрын Душанбеге оқу үшін келген едім. Кеңес үкіметі кезінде 15 мемлекетті бір ел ішінде жүргендей аралап жүре беруші едік қой. Алайда өзім қалаған дәрігердің оқуына түсе алмай, ақырында жеңіл өнеркәсіппен айналысатын фабрикада жұмыс істедім. Кейін педагогикалық университетке оқуға түстім. Бір дипломды аздық етіп, заңгер мамандығын меңгеремін деп тағы университетте оқыдым. Көп жыл қатарынан балабақша меңгерушісі болып жұмыс істедім. Бұл істі жүргізу ұнап қалған соң, бір ауланы жалға алып, жеке балабақша аштым. Ал сол ғимараттың ішіндегі үлкен бөлмені «Бәйтерек» қазақ қоғамдық бірлестігінің кеңсесі етіп жабдықтадым.
– «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігін бір өзіңіз құрдыңыз ба?
– Иә. 2003 жылы елде өткен қазақтардың ІІІ Дүниежүзілік құрылтайына шақырылдым. Ол уақытта балабақшада істеп жүрсем де, «Достық» қоғамы арқылы қоғамдық істерге араласып жүргенмін. Сол құрылтайға келген соң, көзіміз де, көңіліміз де шайдай ашылды. Ауғанстанда, Түркияда, Иранда тарыдай шашырап жүрген көп қазақты көріп, таң-тамаша болдым. Олармен етене араласып, хал-жағдай сұрасқан соң, бізге де бір ұйым құру керек екенін түсіндім.
Сол кездесуде Елбасы әр елден келген диаспора өкілдерімен тілдесе келе, Тәжікстаннан кім келгенін, қазақтар бірігетін орталық бар-жоғын сұраған кезде сасқанымнан «барлығын жасаймын» деп басымды изей беріппін. Душанбеге оралғаннан кейін елшілікпен ақылдасып, «Бәйтерек» бірлестігін ашамын деп шештім.
Негізі, Душанбеде тұратын 5-6 қазақ отбасы бұрыннан араласатынбыз. Көршім де қазақ. Бірақ осында тұратын бүкіл қазақтың басын қосқым келеді. Сөйтіп, кімнің қайда тұратынын, немен айналысатынын анықтап, тізім жасадық. 2006 жылы ашылған сол бірлестік арқылы көп игі істерге ұйытқы болып, қыруар шаруа атқардық.
– Кезінде қазақтардың Иран, Ауғанстан, Түркияға қоныс аударуға мәжбүр болғанын білеміз. Десе де, көпшілік қалың қазақтың Тәжікстанға қалай көшіп барғанынан бейхабар. Тәжікстанның қай өлкесінде қазақтар көп шоғырланған?
– Тәжікстанда тұрып жатқан қазақтардың дені – Кеңес үкіметі кезінде жаппай қуғын-сүргін болғанда көшіп кеткендердің ұрпағы. Олардың ата-әжелері осындағы Қорғантөбе деген жерде орналасқан түрмеге жер аударылған. Сондай-ақ ашаршылық жылдары қорадағы малын айдап, Өзбекстан, сосын Тәжікстан шекарасын асып кеткендер де бар.
Тәжікстанда 1989-1991 жылдары соғыс болған кезде көбі Қазақстанға көшіп кетті. Оның үстіне, сол уақытта елде қандастарды тарихи Отанға қайтару ісі қолға алынып, үй-жай беріліп жатқан соң, біразы сол жаққа қоныс аударды. Ал көше алмай қалғандарымыз қазір осылай отырмыз (күліп).
Жалпы, Тәжікстанда 12 мыңнан астам қазақ тұрады. Ел астанасы Душанбеде 87 отбасы өмір сүріп жатыр. Ауғанстанмен шекаралас Хатлон облысында «Найманның бес баласы» аталып кеткен қазақтар қауымы тұрады. Найман руынан тарайтын бес қазақты 1924 жылы түйемен тас тасуға сол жерге күштеп әкелген екен. Ол жақта бұрын 600-ге жуық қазақ отбасы қоныстанған еді, қазір одан аз отбасы тұрады. Балаларын Қазақстанға оқуға түсіріп, ізінше өздері де бірте-бірте көшіп жатыр.
«Әр оқушымды 60-70 пайыз қазақша білетіндей етіп жіберемін»
– Шетелде сіз секілді қазақ қауымдастығын басқарып отырған қандастарымыз пандемия салдарынан жұмысы тұралап қалғанын айтады. Ал бірақ сіз бес күн балабақшадағы жұмысыңызды жүргізумен қатар, сенбі-жексенбі күндері қазақ тілінен сабақ береді екенсіз. Қашан демалып үлгересіз?
– Пандемия кесірінен бізде де жұмыс қарқыны бәсең. Дегенмен қазақ тілін үйретуді басты жұмысым санаймын. Бүгінде бір сыныпта 27 бала оқиды. Оның 12-сі – 15-17 жас аралығындағы жасөспірім балалар. Оларға тілді тез арада үйрену қажет, себебі олар елге кетеміз деп дайындалып жүр. Олар кетсе мен қиналатын болдым (күліп).
Қазақ тілін оқытып қана қоймай, оларды түрлі іс-шараларға жұмылдыратын едім. Ал қалғаны 6-7-сыныпта оқиды. Қазір пандемияға байланысты ата-аналары көбіне оларды сабаққа жібергісі келмейді. Бірақ олар өздері маған келіп, үйде орындауға сабақтар сұрап алады. Сосын телефон арқылы байланысып, тапсырма тексеремін. Жалпы, осындағы жастардың көбі елге кетуді көздеп жүрген соң, қазақ тіліне басымдық береді.
– Сабақты тегін жүргізесіз бе?
– Әрине. Өз бауырларымнан қалайша ақша аламын? Онсыз да жолақы қымбат. Ал олар маған сенбі-жексенбі сайын келеді. Содан соң олардан әр сабаққа ақша алсам, олар қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы кеміп қалады.
Құдайға шүкір, тәжірибем, білімім мен күш-қуатым жетіп тұрған уақытта көмектесуден тайынбаймын. Осы жерде аялап отырған жастарымыз ертең елге оқуға барып, қазақша түсінбей тұрса ұят емес пе? Өздері де жалғызсырап, жат сезінеді. Арамызда тәжік тілінде сөйлейтін қазақ жастары да бар. Оларды елге 60-70 пайыз қазақша білетіндей етіп жіберемін. Ал ауылды жерде тұратын, мал бағатын отбасылар менен келіп «Әліппе», «Ана тілі» оқулығын алып кетеді. Оқулық жетпей қалса, елшіліктің көмегімен алған «Әліппенің» дискілерін таратып беремін.
Негізі, бұл дискіні көп жағдайда әдейі беремін. Өйткені олар осылайша қазақ тілін өзге түркітілдес топқа кіретін тілдерден ажырата алады. Тілден бөлек, демалыс күндері бойжеткендерімізге шелпек пісіру, қамыр илеудің қыр-сырын үйретіп, олармен бірге ұлттық тағамдарды әзірлейміз. Қоржынымызда мереке сайын киетін киім-кешек көп. Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі сыйлаған үлкен киіз үйіміз бар. Мереке сайын есік алдына тігіп қоямыз.
Кітап қорымыз да қомақты. Мұрат Әуезов, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы мен елшілік сыйлаған көп кітап кітапханамыздың «көркін» келтіріп тұр. Бұрын «Туған тіл» журналын алып тұрушы едік, қазір пандемияға байланысты электронды нұсқасын алып оқимыз. Ара-тұра Тәжікстан үкіметі ұйымдастыратын көрмелерге, мемлекеттік жиындарға қатысып, қыз жасауларын, бесік жабдықтарын, ою-кестелерімізді көпшілік назарына ұсынамыз.
Бірлестік атқарған басты жұмыс деп 2009 жылы Душанбеде бес елден келген қазақтардың қатысуымен өткен кіші құрылтайды айтар едім. Бұрын атқарып жатқан ісімізді елдегі көпшілік біліп отыратын. CaspioNet телеарнасының өкілдері әрбір мереке сайын осында келіп, репортаж түсіріп қайтатын еді. Ал қазір «Мир» телекомпаниясының журналистері анда-санда келіп, сюжет жасайды.
Дегенмен осындағы қазақтардың тарихын, тұрмысын зерттеу үшін елден келіп жатқан қандастар жетерлік. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында арнайы келген бірнеше блогермен сұхбаттастым. Бізге елден келген қазақты көрудің өзі – бір мереке. Шер тарқатып, көңіл жадырай түседі.
Жуырда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан келген Ахмет Тоқтабайға біраз деректер жинауға көмектестік. Алдағы уақытта жиған-тергенінен кітап қылып шығармақ ойы бар. Кітап демекші, Қазақстанда туып-өскен тәжік профессоры Әбдісаттар Нұрғалиев орыс және қазақ тілінде «Тәжікстандағы қазақтар» атты кітап шығарған болатын. Осында қоныстанған қазақтардың тарихы ұмыт қалмай, зерттеліп жатқаны көңіл қуантады.
«Жыл сайын 7-8 отбасы атажұртқа көшеді»
– «Ауылдық жерде тұратын, мал бағатын отбасылар менен келіп «Әліппе», «Ана тілі» оқулығын алып кетеді» дейсіз. Шалғайда тұратын қазақтармен қалай байланыс орнатасыз? Ол жақта бір-бір жетекші сайлап қойдыңыз ба?
– Иә, әр аймақта бір-бір көмекші бар. Әйтпесе, әр облыста тұратын оларды бір өзім қалайша бақылаймын? Дегенмен елшіліктен көлік сұрап, жылына 1-2 рет олар тұратын ауыл-аймақты аралап шығуға тырысамын. Ал былайғы күні әлгі көмекшілерім «Зәуре апай, мынадай жағдай болып жатыр» деп үнемі хабарласып отырады.
Қайыра айтсам, телефонға тыным жоқ. Демалыс күндері де дамыл таппаймын. Біреудің жаназасына, енді біреудің тойына барамын. Бармасаң, қазақ ренжиді. Ауылдың қазақтарын білесің ғой, аптаның қай күні, қандай уақыт болмасын, қоңырау шалып, сұрақтарын төпелетеді. Біреуі «Көшейін деп жатырмын. Көмектес» десе, екіншісі «Баламды елге оқуға қалай жіберсем болады?» деп ақыл сұрайды. Кейбірі «Малымызды ұрлап кеттік. Енді қайттік?» деп шағым түсіреді. Арасында кемпірлеріміз «Ай Зәуре, ауырып қалдым. Не істесем болады?» деп хабарласады. Ал кейбірі көкірегінде кептеліп тұрған шерін тарқатып, жылап-жылап қайтады (күліп).
Мақтанғаным емес, барлығы маған келеді. Барлығының көңілін тауып, көмектесіп, мәселесін тез арада шешіп беруге тырысамын. Жалпы, елге жыл сайын 7-8 отбасы көшеді. Оларға не істеу керек екенін айтып, жол көрсетемін. Жоғарыда айтып өткенімдей, олар алдымен балаларын оқуға жібереді. Олар орнығып алған соң, өздері көшіп барады. «Нұрлы көш» бағдарламасына іліне алмай қалған олар осылайша әрекет етіп жатыр.
Бірақ ауыл жақта мал бағатын қазақтардың көшуі көп қиындық тудырады. Алдымен олар малын сатуы керек. Содан соң «Неліктен көшіп барасың?» дегендей сұрақтың астына алатын жергілікті орган өкілдері тағы бар. Осы ретте бір оқиғаны айта отырайын: Худжанд аймағында орналасқан Уақ ауылында 350 қазақ отбасы тұрады, олардың көбі Уақ руынан. Тәжікстанда да Қазақстандағыдай орысша, қазақша атауларды тәжік тіліне ауыстыру процесі жүріп жатыр. Сол ауылдың атын тәжікше «Алтын алма» деп ауыстырған соң қазақтар наразылық білдіріп, «президентке хат жазамыз» деп маған келгені бар.
Арасындағы үлкендерін шақырып алып «Бір ауыл қазақ болсаңдар да туып-өскен жерлерің осы елдің аумағы, мұнда заң басқа. Шапқылағаннан бәрібір түк шықпайды. Қайтсеңдер де қабылдаңдар» деп келісімге шақырған едім, көбісі елге көшеміз деп шулады. Содан соң 10 шақты адамның құжаттарын реттеп, тиісті органдарға өткізген соң «бір жылдан соң квота аласыздар» деген еді, бірақ содан бері еш хабар жоқ. Ал біз ол квотаны сарыла күтпей-ақ, шама-шарқымыз келгенше жастарды Қазақстанға оқуға жіберіп жатырмыз.
Одан бөлек, ол жақтағы туған-туыстары да оларға көшуге қол ұшын созып жатыр. Көбі «жылы» жаққа, атап айтсақ Жамбыл облысы Байзақ ауданына, Қызылорда жаққа қоныс аударып жатыр.
Ал Тәжікстанда қалғандарына да көп көңіл бөлуге тырысамын. Алыста келе жатып, қазақ екенін бірден танимыз. Көзімізге ерекше ыстық көрінеді. Ал бір қиындыққа тап болғанын естісек, жүрек ауырып, күні бойы уайымдап жүремін. Арамызда тұрмысқа шықпаған я болмаса еш туысы жоқ қазақ әйелдері ауырып қалса, өзім секілді белсенді әйелдерді жинап «Таңертең сен мынадай тамақ жасап апара аласың ба, ал кешке сен апарып берші» деп көмек сұраймын.
Бір сіңліміз тәжікке тұрмысқа шығып, Қазақстанға барып біраз уақыт тұрып, соңында дәм-тұзы жараспай ажырасып кетсе керек. Әкесі 8 жастағы ұлын Тәжікстанға алып кетіпті. Сосын екінші рет үйленіп, ақыр соңында баласын өгей шешесінің қамқорлығына тастап кетіпті. Өгей шешесі оған оң қабақ танытпай, дұрыс киіндірмей, еш көңіл бөлмеген. Бала әупірімдеп жүріп мектепті бітірген. Өзің ол баланы көрсең, тәжік емес, өзіміздің қазақтың баласына ұқсатар едің. Сол баланың болашағына уайымдаған тәжіктер мені тауып алып көмектесуімді өтінді.
Еш жерде тіркеуде жоқ, еш құжаты жоқ әлгі балаға көмектесу үшін бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Бәрібір түк шықпады. Қазақстанда тұрып жатқан анасы баласын сонда алып келуімді сұрайды. Құжаты жоқ баласын елге қалайша апарамын? Содан барлығымен ақылдаса келе, оны әскерге жібергенді жөн көрдік. Әскерге барған азаматқа төлқұжат беретінін білесіз. Жалғыз жолы осы болды.
Десе де, жабырқап жүрген оған әскерге кетерде «Балам, көмектесе алмағаныма ренжіме. Әскерден келген соң құжат аласың. Сосын екі жыл қызмет етіп, шетелге шығуға рұқсат беретін төлқұжат жасатып, анаңмен қауышасың. Шыдай тұр» деп жұбаттым.
Негізі, осындай жүрек тебірентетін оқиға көп. Бір кітап жазып шығуға жетерлік деректер бар. Сөз соңында осындағы бұқара халықтың басты көмекшісі болсам да, өзімді ерекше санамайтынымды айтқым келеді. «Сыйлағанның құлы бол» дейді қазақ. Жаны қалмай, мені ерекше құрметтеп тұрған соң, олардың мәселесімен бас қатырып, жүгіре жөнелемін.
Өзімнің 4 балам, 7 немерем бар. Балабақшада тәрбиеленіп жатқан балақайларым тағы бар. Олардан «артылған» жылуды қазақ бауырларыма жұмсап, оларға көмектескім келіп, алпыс екі тамырым бусанып, елжіреп тұрамын. Құдайға шүкір, осындағы қазақтың басын қоса алатын жағдайымыз бар. Тәжікстандағы қазақтар тілі мен мәдениетін мақтан тұтады.
Бастысы – Қазақстанда тыныштық болсын! Бейбітшілікке сызат түспесін! Бізді уайымдамасын! Елдегі бауырлар біз тұрып жатқан елде қазақты жерге қаратпайтын өзіміздің адамдар бар екенін біліп жүрсін.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ