Мұсылмандық ісіміз біреуге міндет секілді…
– Зәріпбай Жұманұлы, Сіз өтпелі кезеңде өмір сүрген, кешегі мен бүгінгі заманды көрген жанның бірісіз. Кешегі күннің көзіндей болған өзіңізден сұрайын дегеніміз: дінді ұстануға тыйым салынған заманда иманды сақтаудың хикметі қандай?
– Оқушы кезімде көз алдымда болған осы оқиға әлі есімнен кетпейді. Үлкен үзіліс кезінде мұғалімдер бүкіл оқушының көзінше ауыз бекіткен ұл-қыздардың екі қолынан ұстап, ауыздарына су құятын (көңілі босап, біраз үнсіз қалды). Оларды осылайша қорлайтын… Алайда қор болдым деп жатқан олар жоқ. Сабыр сақтап, ертесіне оразасын жалғастыра беретін.
Ол заманда қаншама адамның жаназасы түнде оқылып, жерленді. Намаз үстінде ұсталып қалғандар жазаға тартылды. Құран табылған үй қасіретке ұшырайтын. Ораза ұстап, намаз, Құран оқып жүргеніңді біліп қойса, партиядан шығарып, өміріңе, тағдырыңа психологиялық соққы жасайтын. Ол кезде идеология сондай болды. Партиядан шығып қалу дегеніңіз адам қатарынан шығып қалумен тең болды. Партиядан шыққан адамға жұмыс та, қызмет те берілмейтін. Құдды тағдырың партияға «байланып» қалғандай…
1960 жылдары бүгінгідей техника жоқ. Колхоз жұмысы ауыр болатын. Әсіресе әйел адамдарға. Барлық шаруа қолмен істелетін. Таңнан қара кешке дейін егін алқабында жұмыс істейтін әйелдердің арасында омырауда сәбилері болса, оларға тек түс кезінде ғана емізіп келуге рұқсат беріледі. Қалғандарын кешке дейін жұмыстан босатпайды.
Бір ғибрат алатын нәрсе: сол ауыр жұмыста жүрген апаларымыз бен жеңгелеріміздің аузы берік болатын. Онысын тағы ешкімге айтпайтын. Сондай қиын сәттерді бастан кешіп, оразасын бұзбау дегеніңіз нағыз ерлік емес пе? Бұл – иманды адамның ғана қолынан келетін іс.
Олар тіпті ораза ұстағанын ешкімге білдірмей, ауыр жұмысқа шағым да айтпайтын. Біз кешегі ата-әжелеріміздің өміріндегі осындай ғибратты мысалдарды, жасырын намаз оқып, оразасын ұстаған жағдайларды көбірек халыққа жеткізуіміз керек.
Қазір, өкінішке қарай, бейбіт заманда жасап жүрген құлшылығымыз біреуге міндет болып бара жатқандай… Берген садақамызды сөз етеміз, ұстаған оразамыз үшін өзгелердің бізге аяушылық көрсеткенін күтеміз. Мұндай түсініктен арылуымыз керек. Мұсылман адамның құлшылығы тек Алла үшін орындалады. Алла үшін орындалған амалда рия болмау керек. Намаз оқып, ораза ұстасақ, оны барынша ықыласпен орындайық. Өзгелерге салмақ салмай, зиян тигізбей жүруге тырысуымыз тиіс.
Өмір бойы нәпсімен күресуіміз керек
– Адам баласы Рамазан айында құлшылықты ерекше құлшыныспен жасап, тақуалығын арттырады. Садақасын беріп, жомарттығын көрсетеді. Адамға жәбір көрету былай тұрсын, біреу дауласқысы келсе «мен оразамын» деп жамандыққа жуымайды. Алайда Рамазаннан кейін осы сипаттар бірте-бірте азая бастайтын секілді…
– Алла Тағала «Бақара» сүресінің 155-аятында: «Сендерді Біз міндетті түрде аздап қорқыту, аштыққа ұшырату арқылы, дүни-мүліктеріңнен ажырату арқылы, жақындарыңнан айыру арқылы, еккен егістеріңді зая кетіру арқылы сынаққа саламыз. Сабыр ете білгендерді сүйіншіле, (Уа, Мұхаммед)» дейді.
Осы аяттан адам баласы осы өмірде түрлі сынақты көретінін анық аңғарамыз. Рамазан айындағы ораза да аштыққа ұшыраудың бір көрінісі. Алла Тағала аштыққа шыдап, сабыр еткен пенделерін сүйіншілейтінін баяндап отыр.
Адам баласы оразада ғана аштыққа көніп, ұстамдылық танытпайды. Өмір бойы жоққа сабыр, барға қанағат етіп өтеді. Бұл – иман нұрын арттыратын сипат.
Кейбір кісілер иманның қуаты өздігінен артады деп түсінеді. Бұл – қате ұғым. Иман, сенім мәселесін жер жыртатын соқаның мысалымен түсіндіруге болады. Оны жұмысқа салып, тазалап, күтіп ұстасаң – жылтырап, одан сайын шыңдала түседі. Ал қараусыз қалдырып, тастап қойсаң – тот басып, шіріп, жұмысқа жарамай қалады. Иман да сол секілді, оны күтіп, жамандықтан сақтап, бақылап-қадағалап отырсаң ғана күшейеді, шыңдалады.
Шал ақын бір өлеңінде иман мәселесін керемет түсіндіріп, былай дейді:
«Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,
Бөріге қой алдырмас ердің ері.
Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,
Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері».
Қараңыз, қандай күшті мысал. Иман деген даладағы қорғансыз, жуас «қой» секілді. Оны кез келген уақытта нәпсі дейтін «қасқыр» жеп кетуі мүмкін. Ешқандай кепілдік жоқ. Ал ақыл дейтін «қойшы» қойын қасқырдан күндіз-түні күзетіп, қорып, қорғаштап жүретін болса – қарны да тоқ, қойы да аман.
Сол секілді, иманымызды қорғаштап, жаман ойдан, жаман істен сақтап жүретін болсақ, Алланың жәрдемімен ешқандай шайтан-пері жоламайды. Сондықтан мұсылман баласы тек Рамазан айында ғана иманын күшейтіп, тақуалығын арттырып қана қоймау керек. Иманды арттыру, тақуалықты ұстану, нәпсімен күресу ісі өмір бойы жүзеге асуы тиіс.
Телефон қуаты азайса, ток іздеп кетеміз…
– Рамазан айында бойымызда пайда болған тақуалығымызды сақтап, иманымызды арттырып, Шал ақын айтқандай, бөріге қой алдырмау мақсатында таяқты қатты ұстап отыру үшін қандай амалға көбірек мән бергеніміз абзал?
– Алла Тағала пендесінің иман нұрын күшейту үшін намаз оқуды, ораза ұстауды, шамасы келсе қажылыққа барып, зекет беруді бұйырған. Адам баласы ықыласпен намаз оқу арқылы қуат алады. Намаз оқып болған соң дүние тіршілігіне кіріскен адамның біраздан кейін иманы әлсіреуі мүмкін. Көп ұзамай келесі намаздың уақыты кіреді. Дәретін алып, құлшылық жасаған пенде тағы да иманын қуаттандырады. Намаз – Алланың адамзат баласына берген нығметі. Осылайша, біз әр намаз оқыған сайын әлсірей бастаған иманымызды күшейтіп отырамыз.
Бүгінде қолымыздағы телефон күнделікті тіршілігіміздегі маңызды құралдың біріне айналды емес пе? Оны қолдану арқылы ақша да табамыз, мәселені де шешеміз, туысқанмен хабарласып, ахуалынан хабардар боламыз, айта берсең осылай жалғаса береді. Бір қызығы, телефонның қуатын үнемі байқап, төмендей бастаса, бірден қуаттандырып аламыз.
Кейбір кісілер телефонды қуаттандыратын құралын үнемі өзімен бірге алып жүреді. Қараңызшы, телефон күнделікті тіршілік үшін маңызды болғандықтан, оны өшіріп алмауға тырысамыз. Ал иманымызды үнемі қуаттандырып жүру одан да маңызды мәселе емес пе? Бұл екі дүниеміз үшін қайырлы амал емес пе? Біз осы мәселені көбірек уайымдауымыз керек. Телефон қуаты азайса, ток іздеп кететініміз секілді, иманымыз әлсіресе, Алла ризалығына кенелтетін амал іздеп кетуіміз керек.
Алла Тағала Құранның «әл-Анкабут» сүресінің 45-аятында: «(Уа, Мұхаммед) өзіңе уахи етілген (Құран) кітабындағы (аяттарды) оқып, халқыңа жеткіз және (беріле ұйып) намазыңды оқы. Ақиқатын айтсақ, намаз адамзат баласын жиіркенішті қылықтардан және арсыздықтан тыйып (тәрбиелейді). Әрине, Алланы осылай жиі-жиі еске алып тұру, бәрінен де абзалырақ. Сендердің жасап жатқан барлық іс-әрекеттеріңді Алла біліп тұрады». Расында, намаз оқыған адам арсыздықтан өзін тыяды.
Рамазан айынан кейін де ұсталатын сүннет, нәпіл оразалар бар. Ораза адам баласын барлық істе Алла Тағалаға бойсұнуға, Жаратқанның бұйрықтарын орындауға үйретеді. Ораза Алланың тыйған ісіне жоламауға дағдыландырып, жүрекке тақуалық дәнін егеді. Сондықтан басқа да айларда ораза ұстауға тырысуымыз қажет.
Бір сынаққа тап болсақ, ораза ұстау арқылы сынақты сабырмен жеңуге ұмтылуымыз керек. Өйткені, оразаның негізгі ұғымы өзін-өзі тоқтату, тартыну, тыйылу дегенді білдіреді.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ораза дегеніміз – қалқан. Ораза ұстаушы жаман сөз айтпасын және білместік жасамасын. Егер бір кісі оған төбелес ашса немесе тіл тигізсе, екі мәрте: «Мен ораза едім» десін. Жанымның Иесі Алламен ант етемін. Ораза ұстаушының ауыз иісі Алланың қасында жұпар иісінен де жақсырақ. Алла Тағала: «Ол мен үшін тамағын да, сусынын да, жыныстық құмарлығын да тастады. Ораза – мен үшін әрі оразаның сыйын беруші де – Мен. Бір жақсылық өзі секілді жақсылықтармен он еселенеді» деді».
Адам баласы күнделікті өмірде көптеген сынақтарға бетпе-бет келеді. Біреумен дауласып қалады. Құлшылығына немқұрайлы қарап, иманы әлсірей бастауы мүмкін. Осы кезде ораза иман нұрын қуаттауға көмектеседі. Біреу дауласса «мен оразамын» деп мұсылманға тән сыйпайы түрде жамандықтан бас тартамыз. Оразаның жамандыққа қалқан болатыны сондықтан. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза дегеніміз – қалқан» деген хадисінің мәні осы.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадистерінің бірінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар…» делінген. Құран оқу – адамның иманын күшейтетін амалдың бірі. Құран оқылған үйге береке орнайды. Рамазан айында Құранды көп оқыған болсақ, басқа да айларда осы амалға көбірек көңіл бөлуіміз керек.
Алла Тағала «әл-Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан – өмір сүрудің тура жолдарын ажыратып, айқын дәлелдермен көрсетіп берген қасиетті Құранның түсіріле бастаған айы» дейді. Құран – өмір сүрудің тура жолын көрсететін, ақ пен қараны, адал мен арамды ажыратып беретін кітап.
Садақа беру де – мейірімділікті оятып, иманды арттыратын амал. Осы тұста айта кететін тағы бір жайт: діни бірлікті сақтау. Дін таласы көбейген жерде мұсылмандардан береке кетеді. Мұның ақыры иманның әлсіреуіне әкеп соғады. Мұсылмандардан береке кетсе, ел арасында дінге деген сенім азаяды. Алла сақтасын! Сенім мықты болса, тақуалық артады. Ал тақуалық артқан кезде Алланың берекесі келеді. Міне, Рамазан айынан кейін де осындай амалдарға көңіл бөлуіміз керек.
Біздің шүкір ететін нәрселеріміз өте көп
– Әр нәрсенің қадірін бар кезде емес, жоқ кезде түсініп жатамыз. Кейін оның зардабын сезінеміз. Бұл – Алланың қалауы ма, әлде адамның өз қолымен жасаған қате-кемшіліктерінің өтеуі ме?
– Сізге бір мысал айтайын. Алла Тағала Меккеге ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жіберіп, қасиетті мекенді ерекше нұрға бөледі. Алайда Мекке мүшіріктері, яғни Аллаға серік қосушылар Жаратқанның бұл жақсылығын жамандыққа алмастырды. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қысым көрсетіп, түрлі жамандықтар жасады. Нәтижесінде Алланың елшісі Меккеден кетуге мәжбүр болды. Осыдан кейін Меккеде ашаршылық болып, мүшріктердің өзі ауыр азапты күндерді бастан кешті…
Осы оқиғаға байланысты Жаратушы Иеміз «әл-Әнфал» сүресінің 53-аятын түсірді. Онда: «Әлдебір қауым өз күнәларының кесірінен өздері өзгеріп кетпейінше, Алла (кез-келген) қауымды мейірімі мен нығметіне бөлей береді. Алланың Естуші, Білуші екенінде еш күмән жоқ» деп жазылған. Бұл аят сол кездегі Мекке мүшіріктеріне түскенімен, оның үкімі бүкіл адам баласына ортақ.
Адамға тән қалау мен таңдау болады. Мысалы, Алланың қалауымен жақсы табысқа кенелдіңіз делік. Енді оны қалай, неге жұмсайсыз – ерік өзіңізде. Өкінішке қарай, кейбір адамдар өзіне келіп жатқан ризық-несібенің қадіріне жетпей, оны өзім таптым, табысымның арқасында алып жатырмын деп ойлайды. Әсте олай емес.
Асылында ризық беруші – Алла. Құранда: «Ақиқатында, Раббым құлдарының арасынан қалағанының ризығын кеңітіп және қалағанының (ризығын) шектеп қояды. Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның (жұмсағандарыңның) орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәба» сүресі, 39-аят) делінген аят бар.
Біздің шүкір ететін нәрселеріміз өте көп. Таңертең амандықпен оянуымыз, тәбетіміз тартқан тамақты жеуіміз, деніміздің саулығы, бәрі-бәрі – Алланың сіз бен бізге берген үлкен нығметтерінің бірі. Тек шүкіршіл мұсылмандардан болуымыз керек.
Жақсылықтың келгенін түсінбей, бақыттың кеткенін түсініп, артынан сан соғып қалу – адамға тән мінездің бірі. Алла Тағала Құранда жақсылықтың қарымтасы жақсылық екенін ескертеді. Демек, жақсы амалдың соңы жақсылық әкеледі. Мәселен, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, садақа беру жамандықтың бетін қайтарады. Біз осы хадиске көп көңіл бөлуіміз керек.
Кейде адам баласы бір жақсылық жасағаннан кейін оның қарымтасын тезірек көргісі келеді. Бәлкім Алла Тағала жасаған сол жақсылығымыз арқылы бізді бір жамандықтан, түрлі апаттан құтқарып қалған шығар. Біз оны білмейміз. Білуші – Алла.
Енді Аллаға тән қалау мен таңдау болады. Мысалы, адамның қанша өмір сүретіні, тағдыры қалай болатыны, қашан өмірден озатыны Аллаға аян. Сондықтан қанша ғұмыр кешу емес, қалай өмір сүру маңызды. Осыны көкейден шығармасақ деймін.
Түзде күшті, үйде әлсіз болмайық
– Сіз талай жыл имамдық қызметте болдыңыз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі ретінде өзекті пәтуалардың қабылдануына атсалыстыңыз. Халыққа айтар қандай насихатыңыз бар?
– Адам баласы ең әуелі насихатты өзіне айтып үйренуі керек. Өзін тәрбиелей алған адам өзгенің де тәрбиесіне оң үлес қоса алады. Сонда ғана оның насихаты өтімді болады. Өзіміз жаман әдеттерімізден арыла алмай жүргенде өзгеге қалайша жамандықтан сақтан деп насихат айта аламыз?
Сондықтан әуелі өзімізді түзейік, содан кейін бала-шағамыздың, отбасымыздың, ағайын-туыстың тәрбиесіне араласқанымыз абзал. Бұрынғы ізгі ғұламалар өзі орындамаған амал жайында ешкімге насихат айтпаған.
Кейде үлкен мінберден ірі-ірі әңгімелерді айтқымыз келеді. Мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді талқылап, біреулерді айыптап жатамыз. Пікір айтуға әр адам құқылы. Алайда біздің сөзіміз бен ісіміз қаншалықты үйлеседі деген сауал бәрімізді ойландыруы керек. Сыртта күшті, әсерлі әңгіме айтып, ал үйде сөзімізді баламыз немесе немереміз тыңдамаса, жұртқа қазақша сөйле деп, өз үйімізде бала-шағамыз басқа тілде сайрап жүрсе қалай болғаны?! Түзде күшті, үйде әлсіз болмайық. Міне, сондықтан әр адам жақсы істі өзінен бастауы керек. Халыққа айтар насихатым осы.
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
«Мұнара» газеті, №10 2021 жыл