Қазіргі таңда әлеуметтік желінің дамуы киберкеңістіктегі қылмыстардың көбеюіне алып келуде. Халық көбіне білім саласы, медицина, әлеуметтік салалар, банк жүйесінде түрлі қылмыстың құрбанына айналады,фЯ дейді заңгерлер. Бұл туралы мамандар MEDIA CLUB QAZAQSTAN алаңында өткен кездесуде баяндады.
Халықаралық заңгер, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің аға оқытушысы Дана Мұхамеджанованың айтуынша, еліміздің заңнамасында кибербуллинг термині қарастырылмаған.
«Кибербуллинг түсінігі Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылмаған. Құқықбұзушылық пен залалдың нұқсанына байланысты әкімшілік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жала жабу немесе адамның жеке басына қол сұғу мәселелері, адамға ақпараттық жүйелер арқылы зорлық-зомбылық жасау, қорлау сияқты түрлі қылмыстары үшін жауапкершілік салааралық нормативтік құқықтық актілерде бекітілген.
Өз кезегінде технологиялық компанияларға қолданушыларын, әсіресе балалар мен жастар сияқты әлеуметтік желілер тұтынушыларын қорғау міндеті жүктелеген. Халықаралық тәжірибеге қарайтын болсақ, кейбір мемлекеттерде киберқорлықтың құрбандары интернеттегі қауіпсіздігін арнаулы органдарға немесе әлеуметтік желілердің әкімдігіне жүгіну арқылы сақтайды. Ол үшін әкімдік қорлайтын ақпарат жіберуші аккаунт иесін уақытша немесе біржолата шектейді не бұғаттайды.
Көптеген мемлекетте кәмелетке толмаған балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біраз заңдар қабылданған. Соның бірі – 2000 жылғы Children’s Online Privacy Protection Act заңы. Аталған құжаттың аясында виртуалды әлемде балаларды теріс пікірден, зорлықтан, әлімжеттіктен қорғайтын ережелер қарастырылған. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондай бөлек құжат жоқ», – дейді халықаралық заңгер.
Кез келген адам кибербуллинг құрбанына айналуы ғажап емес. Психолог Серікгүл Сали ондай жағдайға тап болған адам кибербуллингті қиындық ретінде емес, рухани дамуына жасалған қадам ретінде қабылдауы керектігін айтты.
«Әлеуметтік желіде кибербуллингке тап болмайтын адам жоқ. Өмірде барлығына ұнау мүмкін емес, виртуалды әлемде де сізді ұнатпайтындар табылады. Ондай жағдайда адам өзінің жалғыз емес екенін естен шығармау қажет. Жақындарымен сөйлесіп, теріс пікір жазушыларды бұғаттап, қажет болса, бірнеше күн әлеуметтік желіге кіруден бас тарту керек.
Жалпы, мұндай жағдайды бастан кешірген адам сынып қалмай, керісінше, рухани әлемді бекітуге арналған саты деп қабылдауы керек. Кибербуллинг балалар арасында көп кездеседі. Бұл жағдайдан бала өз бетімен шыға алмайды, жаман мен жақсыны ажыратуды білмейді. Сондықтан ата-анасы, мұғалімдері, мектеп психологы көмектесуі керек. Оған үлкендер араласпайынша, буллинг тоқтамайды», – дейді психолог маман.
Заңгерлердің айтуынша, кибербуллингке тап болған адам, ең алдымен, аккаунтын үшінші тұлға кіре алмайтындай жабуы керек. Сондай-ақ әлеуметтік желі әкімшілігіне балағаттау және қорлау мақсатында жазылған пікірлердің скриншоттарын жіберіп, фактіні растау керек. Бұл әрекеттер тиімсіз болған жағдайда, құқық қорғау органдарына немесе kz-cert.kz компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметіне өтініш жазу немесе 1400 «жедел желіге» хабарласу қажет.
MEDIA CLUB QAZAQSTAN