Қоғамдағы діни ахуалдың өзгеруі мен күрделенуіне орай «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң да уақыт өте келе жетілдіріп отыруды талап ететіні белгілі. Осы мақсатта 2021 жылдың 29 желтоқсан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Биылғы жылдан бастап еліміздің діни бірлестіктері жаңа толықтырылған заң аясында қызмет етуде.
Біз бұл мақаламызда аталған заңға енген өзгертулер мен толықтыруларға қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Діни бірлестіктерге анықтама берілді
Заңға енгізілген өзгерістердің бірі – 1-баптың 1-тармағына жаңа тармақша қосылған. Мұнда «діни бірлестіктерге» анықтама берді. Осы жерде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда бұрын «діни бірлестіктер» деген ұғымға анықтама берілмеген бе деген сұрақ туындауы мүмкін.
Әрине, бұрын да аталған анықтама заң аясында бар болатын. Алайда, бұған дейін діни бірлестіктерге берілген анықтама 1-баптың жеке тармағы ретінде бөлек жазылған еді. Енді тармақша ретінде 1-баптың 1-тармағына қосылып отыр.
Айта кетсек, заңда діни бірлестіктерге «Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі» деген анықтама берілген.
Діни мазмұндағы ақпараттық материалдар деген не?
Екінші өзгеріс – 1-баптың 4-тармағында «діни мазмұндағы ақпараттық материал» терминіне түсінік берілген.
Жалпы, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда «діни мазмұндағы ақпараттық материал» сөзі қолданылғанымен, ол қандай материалдар екені ашып түсіндірілмеген еді. Бұл өз кезегінде мамандардың сынына ұшырап, заңға толықтырулар енгізуге негіз болды.
Сондықтан 1-бапқа «Діни мазмұндағы ақпараттық материал – кез келген материалдық жеткізгіштегі діни сипаттағы баспалық, электрондық және өзге де ақпарат» деген анықтама енді. Бұл анықтама әсіресе діни мазмұндағы материалдарға дінтану сараптамасын жүргізу, сондай-ақ діни іс-шаралар өткізу кезінде, т.б. жағдайларда қажет.
Сараптамаға өзге сала мамандары да тартылмақ
Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, еліміздің дін туралы заңында діни әдебиеттерге дінтану сараптамасын жүргізу үшін өзге саланың мамандары да тартылатыны айтылды.
Дінтану сараптамасын жүргізу – өте күрделі процесс екені белгілі. Ол еңбектерде тек діни емес, басқа да тақырыптарды қамтитын мәтіндер мен бейнематериалдар болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде басқа саланың мамандарына жүгінуді қажет ететіні заңды құбылыс.
Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетовтың айтуынша, бұған дейін дінтану сараптамасын тек дінтанушылар мен исламтанушылар жүргізіп келсе, енді уәкілетті орган белгілеген тәртіппен басқа да саланың мамандары қатыстырылатын болған.
«Атап айтқанда, саясаттанушылар, психологтар, әлеуметтанушылар және т.б. Нақтырақ айтар болсақ, жаңа өзгерістерден кейін заңда бұл талап «Дінтану сараптамасын діни қызмет саласында арнайы білімі және (немесе) жұмыс тәжірибесі бар сарапшылар (мамандар), қажет болған кезде мемлекеттік органдардың өкілдерін және өзге де мамандарды тарта отырып, уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді» деп көрсетілген», – дейді М. Маханбетов.
Діни іс-шара өткізу үшін хабарлау жеткілікті
Сонымен бірге, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның «Діни рәсімдер мен жоралар» деп аталатын 7-бабы 7-1 баппен толықтырылған. Бұрын діни бірлестіктер құлшылық үйлерінен тыс жерде іс-шара өткізу үшін арнайы орындардан рұқсат алатын болса, енді тек хабарлаумен шектелетін болды.
Заңның 7-бабының 2-тармағы бойынша Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерінде (ғимараттарында) және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелері мен үй-жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда тұрғын жайларда, қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бөгетсіз жүргізіледі (жасалады).
Өзге жағдайларда діни іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Заңға жаңадан қосылған 7-1 бап бойынша діни бірлестік ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы хабарламаны (бұдан әрі – хабарлама) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында олар өткізілетін күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді.
Яғни, жаңа өзгерістерден көргеніміздей, мұндай іс-шараларды өткізу үшін діни бірлестіктер жергілікті атқарушы органдарға алдын ала хабарлама берсе жеткілікті.
Хабарламада мына мәліметтер көрсетілуі тиіс:
1) іс-шараның мақсаты;
2) діни бірлестіктің – ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды ұйымдастырушының атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, діни бірлестіктің тұрған жері, діни бірлестік басшысының немесе өкілдерінің байланыс деректері;
3) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған арнайы тұрақты үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықта көзделген талаптарға сәйкес келетін ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлар немесе қозғалыс маршруттары;
4) жоспарланатын күні, басталу және аяқталу уақыты, қатысушылардың болжамды саны;
5) дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, автомобиль көлігі құралдарын пайдалану ниеті, олардың жалпы саны мен қозғалыс маршруты;
6) хабарлама берілген күн.
Айта кетер мәселе, бұл жаңа баптың жаназа намазы, ауызашар және басқа да жеке адамдар өткізетін діни жоралар мен рәсімдерге мүлдем қатысы жоқ.
Өңірлік діни бірлестік құру жеңілдетілді
Заңға енгізілген өзгерістерге сай, бұрын өңірлік діни бірлестік құру үшін Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын кемінде 500 адамның болуы тиіс болса, қазір де ол сан өзгерген жоқ. Алайда, бұрынғыдай әр діни бірлестіктен кемінде 250 адам болу керек деген талап алынып тасталды. Бұдан байқайтынымыз, қазіргі талапқа сай өңірлік діни бірлестік құру жеңілдетіліп отыр.
Ар-ождан бостандығы туралы
Сондай-ақ, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның «Мемлекет және дін» бабының ар-ождан бостандығына қатысты 6-тармағы толықтырылған. Атап айтқанда, «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» және «Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс» деген жаңа талаптардың пайда болғанын көреміз.
Өзара іс-қимыл – жетістік кепілі
Одан бөлек, 5-баптың 7-тармағына да өзгерістер енді. Ол бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары діни қызмет және дiни бiрлестiктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша «діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекітеді, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы діни бірлестіктер берген хабарламаларды қарайды».
Азамат ТӨЛЕПОВ,
РАТТ мүшесі,
«Отпан» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының директоры