Залым (өзгенің ақысына зұлымдық еткен, қол салған, ақысын жеген, жәбірлеген) кімге зұлымдық жасағанын ұмытуы мүмкін, бірақ мазлұм (зұлымдыққа ұшыраған адам) кімнен жәбір көргенін ешуақытта ұмытпайды.
«(Ашаршылық жылдарында) Юсуфтың бауырлары келіп, жанына кірді. Сонда Юсуф оларды таныды. Олар, оны танымады» (Юсуф сүресі, 58).
Юсуф бала кезінде түсінде он бір жұлдыз, күн мен айдың оған сәжде жасағанын көреді. «Сол уақытта Юсуф (ғ.с.) әкесіне: «Әкетайым, мен түсімде он бір жұлдыз және күн мен айды, маған сәжде қылғанын көрдім» деді» (Юсуф сүресі 4-аят). Көрген түсін әкесі Яғқубқа (ғ.с.) айтады. Баласының түсін былай деп жориды: «Міне осылайша Раббың сені ұнатады. Саған түстердің жоруын үйретеді. Бұрынғы аталарың Ыбырайым, Ысқақтарға нығметін тамамдағандай саған Яғқуб ұрпағына нығметін толықтастырады» (Юсуф сүресі 6-аят).
Әкесінің Юсуфты жақын тартуға оның басқа әйелдерінен туған үлкен ұлдарының қызғанышын тудырады. Ағайынды бауырлар Юсуфты өлтіруге бел буады. Бірақ ақырында мүмкін жолай өткен керуендер тауып, алысқа алып кетер деген оймен оны құдықтың түбіне тастауға келіседі. Осылайша зұлымдық жасалып, құдыққа тасталады. Ал әкелеріне оны қасқыр жеп кеткенін айтады.
Баланы Мысырға жол тартқан керуеншілер құдықтан шығарып алады. Мысырға жеткеннен кейін оны перғауынның уәзіріне болмашы аз ғана бағаға сатып жібереді. Юсуф уәзірдің үйінде сұлу жігіт болып ер жетеді. Оның сұлулығы әйелдерді таң қалдырады. Оның ішінде уәзірдің әйеліде бар болатын. Уәзірдің әйелі Юсуфты жаман іске, өзімен болуға шақырады. Әрине, Юсуфтың бұдан сақтанатыны түсінікті. Осы әйелдің қастандығымен Юсуф түрмеге қамалады. Түрмеде адамдарды Алланың бірлігіне шақырады. Осылайша Юсуф түрмеде бірнеше жылын өткізеді.
Бір күні Перғауын ғажап түс көреді. Түсінде жеті арық сиыр, жеті семіз сиырды жеп жатады, жеті жасыл, жеті қураған масақ көреді. «Жүсіп: жеті жыл әдеттегінше егін егесіңдер де сонда орғандарыңды бастырмай сабақтарында қойып, бірақ аздап жейтіндеріңді ғана аласыңдар. Тағы бұдан кейін жеті қатты ашаршылық жыл келеді. Бір аздап сақтағандарыңнан басқа бұрыннан сол үшін жинағандарыңды жейсіңдер» (Юсуф сүресі, 47-48-аяттар)
Осылай Юсуфтың түс жору арқылы халық ашаршылықтан аман қалады. Перғауын оны бағалап, оны бүкіл Мысыр қазынасына басшы етеді. Біраз жылдар өтеді. Көрші елдерді аштық жайлайды. Юсуфтың бауырлары осы аштық себебінен көмек сұрап, Мысырға келеді. Олар Юсуфтың құзырына кіреді. Юсуф оларды бірден таниды, ал бауырлары Юсуфты танымайды. Себебі залым ұмытушы, яғни кімге зұлымдық еткенін ұмытады. Бірақ мазлұм ешуақытта кімнің зұлымдық жасағанын, кімнен жәбір көргенін ұмытпайды.
Сатушы дүниесін кімге алдап сатқанын ұмытады, ал сатып алушы кімнің алдап сатқанын ешқашан ұмытпайды. Құқық бұзушы кімнің құқығын бұзғанын ұмытса да, құқығы тапталған жан құқығының кім бұзғанын ұмытпайды. Яғни, айта берсек зұлымдықтың түрі көп, біз бұлардан сақтануымыз керек.
Залым ұмытады, ал жәбірленуші ұмытпайды. Залым ұмытады, бірақ Алла Тағала ұмытпайды! Кімге зұлымдық жасасаң ұмытқан боласың, бірақ мазлұм сені ұмытқан жоқ, ұмытпайды да.
Уа, Раббым! Өзгелерге зұлымдық жасап, залым болудан сақтағайсың!
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ